№34 (8745) 30

30 сәуір 2024 ж.

№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Елбасының құрдастары

Елбасының құрдастары






Жаңақорғанда Елбасымен құрдас 129 ақсақал мен ақ жаулықты ана тұрады. Бұл жөнінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі Жаңақорған аудандық бөлімінің басшысы Алия Аблаева айтты. Яғни аудан бойынша 1940 жылы дүние есігін ашқан азаматтар ақсақалдық міндетіне адалдық танытып, береке-бірліктің қалқаны болып отыр. Ел арасынан Тұңғыш Президентпен бір жылда өмірге келген аталар мен әжелердің бүгінгі тыныс-тіршілігін таразылап, хал-ахуалын білуге тырыстық.


Тарихқа үңілсек осы жылғы туыл­ғандардың барлығының балалық бал­дәурен шағы соғыстың салқынымен тұспа-тұс келіп, еңбекке ерте ара­ласты. Бірі әкеден ерте айырылса, енді бірі аға-бауырдан сәби шағында-ақ қол үзді. Сол соғыстан кейінгі жылдар, кешегі кеңестік кезең, ел егемендігін алған тоқсаныншы жылғы тоқырау тұста да осы арадегерлер дала төсінде тер төкті, сан салада келер ұрпақ үшін қызмет етті. Әлі де арамызда жүріп, ақылын айтып, жол сілтеп, жөн көрсететін қазыналарымыз бар. Олардың барлы­ғының аты-жөні мен қызметін бір мақалаға арқау ету мүмкін емес. Тек біз білетін, естіп, күнделікті көріп жүрген қарияларды қағазға түсірдік.
80 мыңнан аса халқы бар ауданда сексеннен асып, тоқсанға қадам басқан еңбек ардагерлері арасынан Нұрсұлтан Әбішұлымен жасы шамалас тұлғалар да жетерлік. Олардың қатарында Бірлесбек Алияров, Арап­бек Әбиев, Сейфолла Әбдіреймов бар. Ал, төл құрдастар көшін күйші, композитор, «Әлшекей» атындағы халықтық ұлт аспаптар ансамблінің жетекшісі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Бәден Айсынов бастайды.
Өнер адамының жүріп өткен өмір өрнегі өскелең жастарға өшпес өнеге. Қазақ мәдениет саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Жеткен жетістігі, бағындырған белесі бір төбе. Бұл туралы бір сөзінде:
– Үнемі айтып жүретін 3 жетістігім бар. Бәлкім, елге еткен еңбегім десе де болар. Бірінші, ауданда алғашқылардың бірі болып, «Айсы­новтар» отбасылық ансамбьлін құ­рып, оның халықтық атақ алуына себепкер болдым. Жарым Айымкүл Нәлтаева әнші, ұлдарым ансамблдің құрамында өз орны бар. Үлкен ұлым Сәкен училищеде пианино класын тәмамдаған. Сырым консерваторияда аккордеон сыныбын бітірген. Ал, Бәкенім училищеде сырнай сыныбында оқыған. Яғни, барлығы да музыка мектебін тәмамдаған кәсіби маман. Осы күнге дейін, «Айсыновтар» ансамблі қаншама республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі байқауларда жеңімпаз атанып, ауылдың ғана емес, ауданның абыройын асқақтатып жүрміз.
Екіншіден, облыста тұңғыш болып, «Әлшекей» халықтық ұлт аспаптар ансамблін құрдым. Әлі күнге осы оркестрдің жетекшісімін. Күйші-ком­позитор Әлшекей Бектібайұлының бірқатар күйлерін нотаға түсірдік. Өздеріңізге белгілі, күйші Әлшекей Сыр бойындағы музыкалық мектептің көшбасында тұрған көрнекті тұлға. Үшіншіден, елге келіп, өнер мектебін аштым. Міне, өмірімдегі ең үлкен үш жетістігім, – деген болатын.
Иә, Бәден Айсыновтың өлке өнеріне қосқан үлесі бір кітаптың құнындай. Сексен жылдық ғұмырын музыкаға арнаған ардагер ұстаздың ұстанымы тек елге қызмет етіп, өнерден орнын табу болды.
Елбасымен құрдастар қатарына суретші Афраил Юсуповты жатқызу керек. Ол Мәскеу көркемсурет университетінде білім алады. Облыс­тық суретшілер Одағы басқармасында Шакен Шаметовтың қарамағында жұмыс істеп, әрі қарай аудан орталығындағы №169, №51 орта мектептерінде отыз жылдай ұстаздық етті. Бұл жылдар бедерінде мұғалімдік міндет өз алдына, Афраил аудандағы маңдайалды көркемдеуші маман ретінде аудандық партия комитетінің саяси-идеологиялық тапсырмаларын тақырыптық жағынан безендіруді басыбүтін жауапкершілігіне алды. Алаңда өтетін салтанатты шерулер, мерекелік жиындар, ауыл клубындағы іс-шаралар, бәрі-бәріне Афраилдың шебер қылқаламы қасиет дарытып, жан бітіргендей, құлпыртып жіберетін.
Жетпіс төртінші жылдары Тү­гіскен массивін көруге елге келген Дін­мұхамед Қонаевтың ХХІІІ партсъезд клубын көркемдеп, безендіріп тастаған Афраилдың қол өнеріне көңілі сүйсініп, арнайы жанына шақыртып жақсы лебізін арнағаны ешуақытта есінен кетпейді. Партияның жауынгері ре­тінде күн-түнмен санаспай ауыл клубында тер төккен суретшінің төбесі көкке жеткендей болыпты. Жалпы, ұлты өзге болғанымен, қазақты өз елім деп, осындай сексен жылдай қам-қарекет жасаған адал ұлдың арманы ұлы суретші болу еді. Кейіпкеріміз бұл қиялдың жетегінде жүріп, талай жетістікке де жетті.
Денсаулық саласында алпыс жылға жуық қызмет жасап, адам саулығын нығайтуға өзіндік қолтаңбасын қал­дырған «Денсаулық сақтау сала­сының құрметті ардагері» Әлімхан Баубековтың есімі ерек. Бұл кісі өз ісінің білгір маманы болуымен қатар, туған өңіріміздің көзі тірі энциклопедиясы, шынайы шежірешісі.
1955-1958 жылдары Түркістандағы дәрігерлік училищені бітіріп, 18 жаста «1 май» колхозында фельдшер болып жұмысқа орналасады. Мына шеті Талдысу, арғы шеті Аққұмға шектесетін аумақты атпен аралап жүріп жұмыс атқарды. 1961 жылы Ақтөбе дәрігерлік институтына оқуға түседі. Оқуды бітіріп, елге келерде өмірлік жары Верамен бас қосып, екеу болып оралады. Дәрігерге жарымай жадау күй кешіп отырған ауыл халқы екеуін жүректері жарыла қуанып қарсы алады. Әлімхан аға Бірлік ауылдық ауруханасында бас дәрігері ретінде 1969 жылдан 1996 жылға дейін үздіксіз 27 жыл абыройлы қызмет атқарыпты.
Сексеннің сеңгіріне шыққан Айткүл әженің жүзіндегі әжімнен еңбек пен ерліктің, бейнет пен берекенің, аналық махаббаттың мейірімінің мағы­насын тапқандай боласыз. Кеңестік кезеңде қара жұмыстың жүгін мой­ымай көтерген арулардың арасы азайғанымен, көзі тірілері тірі аңыз десек болады. Екпінді елді мекенінде тұратын еңбек адамы бала кезінен еңбекке ерте араласып, 14 жасында сауыншы болған.
– Әлі кәмелетке де толмаған кезім, кешке жұмыстан келіп, түнімен бидай тартамын. Оны көже қып ашытып қоямын да, сиырымды сауып келемін. Сауыннан кейін бірден үйге келіп, нан жауып, күбі пісуге кірісемін. Іні-қарындастарым маған жәутеңдеп қарап отырады. Кішкентай інім 4-те. Солар аш қалмасын деп күн-түн демей еңбек еттім, шырағым. Одан тұрмысқа шықтым, ол кезде де сауыншы болдым, 1965 жылы мал бағуға тауға бағыт алдық, бірақ көп өтпей ауылға қайта келіп, бұрынғы қызметіме қайта кірістім. Солай 1990 жылы зейнетке шықтым, қазір немере, шөберенің ортасындамын, – дейді әжеміз.
Техниканың тілін түсінген тұлға­лардың тамыры тереңнен тартады. Өйткені, бүгіннің талабы жаңа тех­нологияның тілінде тұр. Кешегі екінші дүниежүзілік соғыстан ХХ ғасырдың жаңа бедеріне дейінгі аралықта темір тұлпарды ел игілігіне идірген еңбек ерлерінің есімі елдің есінде. Солардың қатарында Наятілла Абибуллаев та бар.
Мектеп қабырғасын бітіріп, еңбек жолын аудан орталығындағы автобаза мекемесінде бастаған еңбек адамы бір жылдан соң аудандық тұтынушылар қоғамы мекемесіне жұмысқа келіп, алғашында экспедитор, одан соң осындағы 24 автокөліктің механигі болып, мекеме жұмысының үйлесімді жүруіне бар ынтамен еңбек етеді. Қағылез, жұмысына тиянақты жас көп жылдар осы мекеме басшысы Махметжан Сапарбаевпен қызметтес болып, үлгі-өнегесін алады.
1980 жылдан бастап Жаңақор­ғандағы ОРС, яғни жұмысшыларды жабдықтау мекемесіне механик болып ауысады. Бұл жерде мекеме директоры Зайнидин Абусейтовтың «оң қолы» болдым деуінде де үлкен мән бар. Кез келген басшы қарамағындағы ең жауапты, тындырымды, тиянақты тұлғаны өзіне дос, сенімді серік, тіпті туыстай жақын тұтып кетуі заңды. Осындай елгезек қасиетімен не қиындықты қасқайып қарсы алып, тығырықтан шығуда табандылығынан танбайтын тәуекелімен қоса жайдары мінез, жаздың күніндей ашық-жарқын пейілімен жүрген жерінде жақсылық дәнін себуге құштар жанға қай жерде де бір кісілік орын бар. Ол осы мекемеде еңбек етіп жүргенінде «Сала үздігі» төсбелгісімен марапатталыпты. 55 жасында зейнетке шыққан еңбек ардагері қол қусырып қарап жатпай есік алдындағы шаруашылығын өркендетіп ұл-қыздарының түгелдей жетіліп кетуіне тағы біраз жыл бейнеттенді.
Жалпы, қырқыншы жылы туылған еңбек адамдарының өнегелі жолының көп бөлігі дала тынысымен түйінделеді. Механизатор, тракторшы, диқан, малшы, сауыншы сынды еңбек өтілінде ерен ерлікпен пара-пар қызметте болғандар. Осылай тізім жалғаса береді, біздің айтпағымыз «қарттарым, аман-сау жүрші!» демекпіз. Ел қариясымен қадірлі, қарты бар елдің қазынасы бар.
Елбасының құрдастары жайлы, жазуда біз бәрін қамти алмауымыз да мүмкін. Сондықтан ойлы оқырмандар тарапынан ұсыныс-пікірді де күтеміз...

Әли ТЕМІРБЕК
01 желтоқсан 2021 ж. 438 0