№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қазақстанның өткен жолы, бүгінгі бағдары

Қазақстанның өткен жолы, бүгінгі бағдары


Тәуелсіздік тұғыры. Елдік жолы. Азаматтық мінбері. Қандай қастерлі ұғымдар! Осы мемлекеттік мұрат жолында қанша адамның көз жасы ақты, қаншама адамның қаны төгілді. Иә, Жоңғар шапқыншылығы, Қоқан езгісі, Ресейдің отарлау саясатына қарсы ерлер атқа қонып, ұлт-азаттық соғыстарға ұласты. Сосын Кеңестік билік кезіңде аштық, қуғын-сүргін, соғыс және тағы басқа ауыртпалықтарды бастан өткіздік. Мұндай қиян-кескі кезеңдерді, алапат жұт қазақ ұлтының санын азайтты, бірақ, рухын сындыра алмады. Соңғы серпіліс – Желтоқсан көтерілісі империялық одақты күйретті.
Міне, азаттықтың таңы бізге оңай келген жоқ. Өз алдымызға ел болып, шекараны шегендеп, мемлекеттіліктің ортақ нышаны – Елтаңбаны өрнектеп, Әнұран шырқап, Көк байрақты биікке
самғатып жүрміз. Шүкір!


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек». Біз осы тұрғыда өткен тарихтың тағылымын және бүгінгі күннің жетістігін сөз етсек.
Ата-бабаларымыз аңсап, өзегіне өксік толған, мұрат етіп, соның жолында шейт болған Егемендікті жас ұрпақ барынша қорғап, уақыт сынына сай бәсекеге қабілетті болуы абзал.
Кеңес Үкіметінің идеясы аясында ғұмыр кешіп, Тәуелсіздіктің қалыптасып, даму кезеңін көзбе көріп, екі қоғамның ащы-тұщысын сезініп еңбек еткен азамат ретінде салыстырмалы сабақтап, ой тұжырымдауға қақым бар деп есептеймін.
Биыл Тәуелсіздік өз тұғырына қон­ғанына 30 жыл толды. Отыз жыл бір адамның өмірінің үштен бірі деп есептесек, бұл уақыт аз да, көп те емес. Осы өңірде туылып, өсіп өніп, еңбек етіп, зейнет жасындағы адамның жүріп өткен өмірі арқылы, қоғам дамуының кезеңдерін сараптауға болады.
Кеңес Үкіметі құрылған кезден 32 жыл өткенде өмірге келіп, сол өкіметке 40 жыл болғанда бастауыш мектептің бірінші сыныбына барған екенмін. Осы кезде біздің тұрмыс-тіршілігіміз өте төмен болғаны есімде. Қазіргі «Ақжол» ауылындағы екі бөлмелі бастауыш мектепке бардым. Мектептегі бір бөлмеде екі сыныптың оқушылары оқиды. Екі мұғалім оның біреуі оқу ісінің меңгерушісі. Ауылда 20-30 үй бар. Барлығы дерлік ұрмадан соғылған қазақы қоржын тамдарда тұратын. Ауылда арнайы салынған жол да, жарық та, телефон да, радио да жоқ. Аудан орталығымен қатынас қиынның қиыны-тұғын. Өйткені Сырдария өзенінен қолдан жасалған ағаш қайықпен өтеміз. Сол кездегі негізгі қатынасты жалғаушы құрал – қайықпен колхоздың төрт түлігі мен адамдары ары-бері өтетін. Қыста қатынас қатқан мұз үстінен жалғасады.
Бастауыш мектепті бітіріп, Жаңарық ауылындағы сегіз жылдық мектепте төрт жыл білім алдым. Мектепке бару үшін күніне 15 шақырым жаяу қатынап білім алдық. Бұл жердегі мектеп те қолдан тұрғызылған төбесі қамыспен жабылған еді.
Тек 1962 жылдан кейін ғана кешке мотор күшімен 3-4 сағат электр жарығы жанатын болды. Оған дейін барлық үйлер май шаммен түнеріп, тіршілік етіп, өмір сүрді.
Біздің қатарымыз 30-32 жылдардағы ашаршылықты көрген жоқ. Бірақ, 1960 жылы Никита Хрущевтің кезіндегі жоқшылықты, ашаршылықты бастан өткізіді. Елде бидай ұны болмай, жүгеріден ұн тартып, шешелеріміз нан пісіретін. Мұндай нанның татымы айтпаса да түсінікті ғой.
Мұның үстіне партияның ұстанымы бойынша, әр үйде бір жылқы немесе бір сиырдан, 10 уақ малдан артық ұстауға шектеу қойылды. Бұл – адамдар жеке өзіне емес, үкіметке жұмыс істесін, байып кетпесін деген мақсатпен туды. Бұл кезең – Кеңес үкіметінің құрылғанына 45 жыл болған тұсы...
Біздер бала болып, қалтамызда тиын-тебен, ақша жүргені есімде жоқ. Ақша қайдан болсын, сол кездегі мына бір жағдай ойыма түсіп кетті. Әкеміз соғыс мүгедегі, ауыр жұмысқа жарамайды. Шешеміз үй шаруасында. Тамақ тауып беретін жалғыз адам әкеміз. Ол ауылдағы жүгері звеносында сушы болып істейді.
Совхоз орталығы дарияның арғы жағындағы Бірлік совхозында. Сол жақтан 2-3 айда кассир әйел келіп, айлық тарқатады. Бір күні кассир келіпті дегенді естіп, шешеміз мені ертіп кассир тоқтаған үйге бардық. Адамдар кезекпен әлгі үйге кіріп-шығып жатыр. Бір кезде бізге де кезек келіп шешем үйге кірді де, жылдам сыртқа шықты. Қолында ақша жоқ, көзінен жасы сорғалап тұр. «Не болды» деп сұрап едім, «әкең айлық жазуды ұмытып кетіпті» деді. Бірақ ешкімге тіс жармады, үндемей үйге қайттық. Енді кассир екі-үш айдан кейін келеді. Айлықты іздеуге бізде мүмкіндік жоқ. Мен сол кезде 3-4 сыныпты оқимын.
Мұндай жағдайлар ол кезде бола беретін. Әкем мүгедектігіне жәрдемақы, анамыз балаларына жәрдемақы дегенді алған да, көрген де емес. Бізді қалай асырап өсіргенін қайдам?! Олар төзімді еді, тек Құдайдан жәрдем сұрап, өздеріне сенді, ешкімге алақан жайып, ешнәрсе сұрамады, бізді солай өсірді, солай тәрбиеледі.
Бұл Кеңестік жүйеге 50 жыл толған кезі болатын.
Орта мектеп бітіргеннен кейін әкеме қолбағыс болу үшін көмекші малшы болып қой бағуға кірістім. Онан әрі әскер қатарында болып, келген соң совхозда көлік жүргізуші болып жұмыс істедім. Сол уақытта ауылда дұрыс жол да жоқ, мектепте бір қара телефон, ол бірде істеп, бірде істемейді. Теледидар бізге әлі келген жоқ.
Ауыл бойынша 1-2 жеке жеңіл автокөлік болатын. Бір орталау мектеп, бір магазин, бір бөлмеде дәрігерлік пункт болды. Бұл Кеңестік биліктің «Алдымызда коммунизим» деген қиялмен өмір сүрген 1970-1980 жылдары еді.
Осы жылдарды елдің тұрмыс-тіршілігі біршама түзеліп, жолдар салынып, телевизор деген бастаған кезі. Бұл октябрь революциясының жеңісіне 63 жыл толып, Ұлы Отан соғысынан кейін 35 жыл халық бейбітшілікте өмір сүрген кезіне тұспа-тұс келді. Соғыстың ауыр тауқыметін көрген халық бейбіт өмірде еңбек етіп, тұрмысы жақсара бастады.
Араға он шақты жыл салып мызғымастай көрінген Кеңес одағы тарқап елдің де, жердің де берекесі кетіп, шаруалары шатқаяқтай бастады. 70 жылдан астам әлемнің ірі державасы саналған мемлекет өмірін тоқтатты. Кезінде жалындатып ұрандаған біраз коммунисттің партия билетін отқа тастағанын көзімізбен көрдік.
Біздің Қазақстанда өз алдына егемендігін алып, дербес мемлекет болып отау тікті. Тәуекел деп жоспарлы экономикадан, нарықтық экономика көшіне қосылды. Жоспармен жасаған өндірісте халық алғашқы кезде дағдарып қалды.
Мұндай екі қоғам ауысқан өліара шақта өмір сүру халыққа өте қиын болғаны анық. Өйткені бір жүйеден екіншісіне өтіп, қалыптасып, бір ізге түсуге уақыт керек еді. Кезіңде дүрілдеген совхоздар тарағаннан кейін ауыл-ауылдың халқы зейнетақы мен балалар жәрдемақысын сұрап, аудандық қамсыздандыру мекемесінің алдына келіп, шуылдап тұрған кездері ұмыта қойған жоқпыз.
Мемлекет сырттан инвестиция тарту арқылы, әлеуметтік жәрдемақыларды кезең- кезеңімен төлеп, жолға қойды. Ауылдағы шаруаларға жер-мүлік үлес­терін бөліп беріп, өнім өндіріп, жұмыс істеуге мүмкіндіктер туғызды. Кәсіп­керлер біртіндеп өз бизнесін ашып, нарыққа бейімделіп, халыққа қызмет көрсете бастады.
1997 жылы «Қазақстан-2030 Страте­гиясы» – ел дамуының 33 жылға арнал­ған стратегиялық бағдарламасы жария­ланып, халықты келешекке сендіре білді. Алатау бөктеріндегі астананы Сарыарқа төріне көшіріп, Есілдің жағасындағы Целиноград қаласына «Астана» деген атау беріп, өзеннің сол жағалауына мемлекеттік маңызы бар ғимараттарды салуды бастады. Бұл – Қазақстанның Егемендік алғаннан кейінгі 1991-2000 жылдар аралығы.
Еліміз 2000 жылдан бастап дамудың жолына түсе бастады. Алдымен ха­лықтың рухын көтеруге басымдық беріліп, «Мәдени мұра» бағдарламасы жарияланса, 2003-2005 жылдары мемле­кетіміз «Ауыл жылдары» деп жариялады.
Елді мекендеріміз еңсесін көтеріп, әр ауылда әлеуметтік нысандар бой көтерді. Екі этажды зәулім мектептер, мәдениет үйлері, балабақшалар, емханалар, спорт алаңдары, сауда үйлері халықтың игі­лігіне берілді.
Ал, аудан орталығында осы жылдары жаңа аурухана, емхана, бірнеше жаңа мектеп салынды. Көшелер кеңейтіліп, асфальт төселді. Кәсіпкерлер сауда үйі мен мейрамхана салса, кент тұрғындар екі қабатты зәулім үйлерді тұрғызып, аудан орталығының сәулеті келісіп, ажары арта түсті.
Тәуелсіздік тұсында дарияның сол­түстік бетіндегі халықтың ғасырлар бойғы арманы болған көпір салынып, алты айшылық аталған жол, алты минуттық болып, халық игілігіне берілді. Осы кезеңде «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» деген қасиетті ұғымға «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деген «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолы бұрынғы Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртып, қатынасты жеңілдете түсті.
Егемендіктің, тәуелсіздіктің арқа­сында жойылып кетуге сәл қалған тіліміз бен дініміз қалпына келіп, қазақ тілі «мемлекеттік тіл» мәртебесін алса, қазір әрбір ауылда мешіттер бой көтеріп, халықты, жастарды адамгершілікке тәр­биелеуде.
Бүгінгі күні Егемен елдің азамат­тарына барлық жағынан еркіндік берілген. Еңбек етуге, өзінің кәсібін ашуға, егін егіп, мал өсіріп, табыс табуға зор мүмкіндік бар. Бұрын жөнгі түзу үй салса, тергеп-тексеріліп, бәлеге қалатын қазақтар, 2-3 зәулім үйлер салып алды.
Құдайға шүкір, халықтың, балала­рымыздың тамағы тоқ, көйлегі көк!
Бұл – тәуелсіздіктің екінші, үшінші он жылдығындағы жетістіктеріміздің көрінісі деп айтуға болады.
Өмір деген салыстырмалы түрде сараланып, артық-кемі, бары-жоғы, ақ-қарасы тарих таразысынан өтіп, бағаланады. Мемлекеттің экономикалық жағдайы, оны құрайтын халықтың әлеу­меттік тұрмыстық жағдайымен өлше­неді. Егеменді ел болған 30 жылдың ішінде ел тыныш, жұрт аман, халқымыз бейбіт еңбек етуде. Осы тыныштықтың өзі неге тұрады?! Мемелекетті айтпағанның өзінде бір үйдің ішінде бір күн ұрыс болса, қырық күн береке кетеді емес пе?! Осының салмағын сезініп, елдік жолда еңбек ету керекпіз...
Алысты айтпай-ақ көрші Қырғыз елінде осы жылдарда көптеген қақтығыс орын алды. Соның салдарынан ұлттық қазынасы ортайып, елдің тұрмыстық жағдайы төмендеді. Өткен бір жылдарда Өзбекстаннан келген қария бір айлық зейнетақысы біздегі бір қап ұнның құнының жобасында екенін айтып еді. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегн сөз бар. Сол көрші елдің азаматтары Қазақстанға топ-тобымен не үшін келіп, жұмыс іздеп жүр? Егер ондағы әлеуметтік әлеуеті тұрақты болса, ел кезіп жұмыс істей ме? Осы сұрақтар бізді ойлантуы тиіс...
Адамдар жақсы өмір сүру салтына талпынған сайын жаңа міндеттер, тың талаптар алдымыздан шыға береді. Бұл – заңдылық. Кеше көлік алуды армандап жүрсек, оған қол жеткізгеннен кейін сапалы жол керек болады. Қала өміріндегідей үйге су кіргізгеннен кейін судың тұрақты аққанын қалаймыз. Осы секілді мысалдарды келтіре беруге болады. Мұнымен қатар қазір бәсекелестік артып келеді, жердің ресурстық қорлары сарқыла бастады. Бұл – қиындықтарды еңсеруде бізге еңбекқорлық танытып, ізденісті шыңдау керектігін көрсетеді.
Иә, жастарға өркениет көшінен қалмай, дамудың даңғыл жолында жүруде оңай болмайды. Әр жыл өзіндік ерекшелігімен тарих қойнауына хаттала береді. Осы тарихтан тағылым алып, алдымызды бағдарлап отыру маңызды.
Осы мақалада Кеңестік кезеңнің 30-40 және 50-60 жылында халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрмыс жағ­дай­ының да қандай өзгерістер болғанын хабардар еттім.
«Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» дегендей біздің арамызда Тәуелсіз өмірдің байыбына бармай, ойы мен сөзін салмақтай алмай, мемлекеттік мұрат жолынаа қайшы келетін сөздер айтып жүреді. Біздер өткеннен сабақ алып, елдің алдағы төртінші он жылдығына, саяси экономикалық рефор­маларды тиімді жүргізе отырып, қуатты халықты қалыптастыруымыз қажет.
Олай болса, осы Тәуелсіздігімізге тәубе келтіріп, оны қорғап, қолдап, елдің дамып гүлденуіне ірқайсысымыз өзімізге тиісті міндетіміз бен үлесімізді қосуға тиіспіз. Тәуелсіз еліміздің 30 жылдық мерекесі құтты болсын, ағайын!

Ерғали ОРАЗБЕКОВ,
еңбек ардагері

09 қазан 2021 ж. 286 0