Елбасы жайлы кітаптар
«Назарбаев феномені». Бұл тіркестің әрбір қазақстандықтың жүрегіне орныққанына ширек ғасырдан асып барады. Осы жылдары қаншама кітап баспа көрді. Біз осы жөнінде саралауды жөн көрдік.
Елбасы жайлы кітап іздеген оқырман presidentlibrary.kz парақшасына тіркелу арқылы мазмұны ерек, мәні терең кітаптар жөнінде мағлұмат ала алады. Тіпті орыс және ағылшын тіліндегі кітаптарды да табуға болады.
Ал аудандық орталықтандырылған кітапханада Тұңғыш Президент жайлы кітаптар оқырманды өзіне еріксіз баурайды. Соның көп оқылымдысы «Елмен сырласу», «Ғасырлар тоғысында», «Ақыл-парасат» атты кітаптар. Кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Маржан Әлжанованың айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 95 кітабы болса, Тұңғыш Президент жайлы жазылған 64 кітап бар.
Елбасының кез-келген кітабы оқырманды биікке жетелейді. Соның ішінде “Елмен сырласу” кітабын ерекше атар едім. Мұнда Елбасының әр жылдарда жарық көрген кітаптарынан, мақалалары мен сөйлеген сөздерінен іріктеліп алынған толғамды ойлары мен қанатты сөздері топтастырылған – деді кітапханашы.
Кітапханашы айтқандай бізде бұл кітапты парақтадық. Сонда байқағанымыз «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады» деп жастарға бағытталған сенім оты өміршеңдігін дәлелдей беретіні анық.
Елбасының бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» деген сөзі ертеңімізді екшеп, бүгінімізді бүтіндеп, кешегі тарихымызға үңіле отырып, бағдарлы болашағымызға нық қадам жасау қажеттігімізді түсіндіреді. Елбасының кітаптарын оқи отырып, жігер алып, жоспарыңды нақтылай түсесің. Назарбаев феноменінің басты артықшылығы осында болса керек-ті...
Әйгерім МӘДИҚЫЗЫ