№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тағдырдың сыйы

Тағдырдың сыйы

1991 жылы дүниеге келген Тәуелсіздіктің төл құрдастары 29 жаста. Бүгінде бірі мұғалім, бірі спортшы, енді бірі кәсіпкер ретінде әр саланың тұғырын тізгіндеп, елдің дамуына үлес қосып келеді.
Осындай жастардың қатарында Келінтөбе ауылдық округі әкімдігінің жастар ісі жөніндегі маманы Мақсат Әлжігітов бар. Оны сөзге тартып, мақсат-мұратын білдік.
– Адамның өмірге келуі мен өмірден өтуі оның еркінен тыс табиғи құбылыс. Мен 16 желтоқсанда дүниеге келдім. Тәуелсіздіктің құрдасы атану мен үшін биік мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Бүгінде қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылып, ауыл жастарын ортақ іске ұйыстырып келемін. Бұл бағытта мақтанарлық қайырымдылық істерім көп, – дейді ол.
Азаттық жолында ерлеріміз атқа қонып, 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шықты. Желтоқсан рухы соның бір жалғасы. Шүкір, Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Енді оның тұғырлы болуы жастарға тікелей байланысты. Міне, осындай жауапкершілікті сезініп, жаста болса игілікті іске бас болып жүрген жаңақорғандық меценат Балтабай Нұрболат:
– Өзіммен төл құрдас Тәуелсіздіктің мән-мағынасын өте жақсы білемін. Ата-бабам аңсаған азат елдің топырағында туғанымды мақтан етемін. Бүгінде Ақтау қаласында кәсіп етемін. Туған жеріміздің көркі күн санап өзгеруде. Оны ауылға әр барғанымда байқаймын. Бұның барлығы Тәуелсіздіктің жетістігі. Тәуелсіз елдің ұланы ретінде оған өз үлесімді қосуға талпынып, кәсібімді кеңейтіп, шетел нарығын меңгерудің жолын қарастырудамын, – дейді.
Тәуелсіздіктің құнын терең түсініп, елдік мұрат жолында еңбек ететін жастардың талпынысы қуантады. Сондай жігерлі жастың бірі – Тәуелсіздікпен бірге кемелденіп келе жатқан Нұрсұлтан Қуанышұлы. Ол:
– 1991 жылы 16 желтоқсанында дүниенің дидарын көрдім. №163 орта мектебінде білім алдым. Мектепті бітіргеннен кейін қаржы саласын меңгеріп, еліміздің экономикасына өз үлесімді қоссам деген мақсатым болды. Қазір осы жолда еңбек етіп келемін, – дейді.
Бұл қатарда интеллектуалды ұлт қалыптастыруға еңбек сіңіретін ұстаздар да бар. Тәуелсіздіктің төл құрдасы, ұстаз Жанар Асқарова:
– 6 жасымда Алматы қаласына бардым. Ата-анам Тәуелсіздік алаңына арнайы апарып, азаттықтың мән-маңызын әңгімелеп берді. Яғни есім кіргелі Тәуелсіздіктің төл құрдасы екенімді сезініп өстім. Қазір өспірімдерге саналы білім, тәлімді тәрбие беруге маңыз берген ұстазбын. Ел болашағына жарқын жүзді, білімді, зиялы шәкірт тәрбиелеу басты мақсатым, – деп мақсатымен бөлісті.
Тәуелсіздіктің құнын спортшылар жақсы біледі. Олар түрлі деңгейдегі спорттық аламандарда елдің намысын қорғап, көк байрақты көкке қалықтатып жүр. Олардың құрметіне мемлекеттік Әнұран шырқалып жатады. Спорттағы дара жолымен мақтана алатын Мейірхан Қожановты да әңгімеге тарттық.
– Спорт адамның саулығына әсер етуден бөлек, патриоттық сезімін асқақтатын құрал. Өз басым әрбір жарысқа қатысқан сайын Тәуелсіз Қазақстанның өрені екенімді сезінемін. Бұл маған рухани күш береді. Жеңістерімнің сыры осында дер едім. Бүгінде ауданда спорт саласы қарқынды дамып келе жатыр. Ауылдық округтерде спорт кешендері есігін ашып, онда спорттың бірнеше түрлерінен жастар шұғылдануда. Бұл – ауданда бұқаралық спорттың дамуына серпін береді. Мұның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында, – дейді ол.

P.S.: Тәуелсіздік рухымен қанаттанған жастардың мақсат-мұраты ортақ, ол – елдің дамуына үлес қосу. Яғни Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі.
17 желтоқсан 2020 ж. 540 0