№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН еске алды

ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН еске алды


31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күн қазақ баласы көкірегін қарс айырып, бір сәт күрсінетін күн. ХХ-ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз жандардың қаны мен көз жасына жуылған тәуменді тарихтың шерлі беттерінің бірі. Бүгінгі ұрпақтың борышы – осы жылдары жазықсыз құрбан болған азаматтардың есімін ұмытпау һәм оларды мәңгі есте сақтау. Осы тұста, атаулы күннің қадірін арттырған рухани еске алу шарасы кенттегі «Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына» арналған монумент алдында өрбіді. Әуелі аудан әкімі бастаған топ монумент іргесіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздік жариялады.
Одан әрі «Хисамиддин Сығанақи» мешітінің найб имамы Ақмұрат Әлімбайұлы ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына Құран аяттарын бағыштап, дұға жасады. Мұнан кейін аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары «Боздақтар» монологын оқып, көпшіліктің жүрегін елжіретті.
Еске алу шарасының шымылдығын түрген аудан әкімі Ғалым Әміреев:
– Мемлекет басшысы қоғамдық сананы жаңғырту туралы айта отырып, тарихи естеліктің рухани жаңғырудың ажырамас механизмі болатыны жөнінде «тарих пен ұлттық дәстүр халықтың өткенін, бүгіні мен келешегін жалғайтын тұғырнама болып табылады» деп атап өткен болатын. Бүгінгі жаппай саяси репрессияның құрбаны болған адамдарды еске алу шарасы Қазақстан тарихының трагедиялық беттерін еске түсіруге мүмкіндік береді. Біздің алдымызда тарихи естеліктер феноменін сақтау міндеті тұр. Себебі, тарихи дерекке көз жүгіртсек, қазақ даласы бойынша 100 мыңнан астам адам қуғындалып, 25 мыңы атылды. Миллионға жуық қазақ туған жерін тастап, босып кетуге мәжбүр болды.
1997 жылдан Президент пәрменімен сағынта, сарылта жеткен азаттықтың ақ таңымен ақтаңдақ жылдардың құрбаны боп, «халық жауы» атанып кеткен арыстарды ақтау, арашалау дәуірі басталды. Біз бүгінгі өміріміз үшін елінің бірлігі мен болашағы үшін күрескен, тар жол, тайғақ кешкен қайсар бабаларды ешқашан ұмытпауымыз қажет – деді.
Сондай-ақ заманында депортацияға ұшыраған, тоқсан жасты алқымдаған түрік ұлтының өкілі Күміш Изатова қиын-қыстау кезеңді еске алып, дархан пейілді қазақ жұртына алғысын жеткізді:
– Қоғамның тұтастығы қай кезде де ішкі татулық пен берекеден бастау алған. Ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ топырағы бейбітшіліктің қара шаңырағына айналды. «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік» демекші, ел басына күн туған замандарда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі десек, артық айтпағанымыз болар. Қазақстандағы барша ұлыс көңілі даладай дархан қазақ жұртына ризашылық сезімін білдіреді – деді ақжаулықты әже.
Иә, түйіндей айтқанда, Кеңестік қызыл империя қазақтың мәйегін орып, жантағын қалдырды. Атылғандардың дені иісі қазақтың бетке ұстар, көш бастаушы ағартушы, ұлт көсемі болуға лайықты Алаштың арда ұлдары еді. Қаншама зобалаң жылдарды бастан кешірген арда азаматтардың айтқан зары, кешкен мұңы, жүріп өткен тар жолдары – бүгінгі ұрпақтың мәңгі есінде. Президент пәрменімен 1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен 31-мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні болып жарияланғаны соның айғағы.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ.
02 маусым 2018 ж. 3 144 0