№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Қарашаңырақтың қазығы мықты

Қарашаңырақтың қазығы мықты

Мектеп – үлкен өмірге жол сілтеуші, адам болып қалыптасудың қарашаңырағы. Жазу мен сызуды үйрететін кез келген білім ошағының тарихы тереңде жатады. Кент орталығындағы тарихы екі жүз жылдан астам уақытты қамтитын М.Қаратаев атындағы №51 орта мектебінің біз үшін орны осындай.


Тарихы әріде жатқан қара шаңырақта ұстаздық еткен талайлар лайықты құрметке ие болған. Атап айтсақ, Оразбек Мәмбетов, Ибадулла Омаров, Дина Абытова, Зейнеп Бегеметова сынды ұстаздар ұлық құрметке ие болды. Сондай-ақ ұстаз Жүніс Үпенов СССР Халыққа білім беру ісінің үздігі атанса, Әсия Ибраимова, Күләш Жайлаубаева, Низамадин Азаматов, Райхан Санахова, Зәуреш Сапабекова, Фатима Тілеубаевалар «Қазақ ССР оқу ісінің үздігі» белгісімен марапатталып, құрметті демалысқа шыққан. «Халық ағарту ісінің үздіктері» Абыт Әйтекеев, Хансұлу Абдуллаева, Аманкүл Қошқарова, Зейнеп Мусафирова, Фазе Мырзабекова, «ҚР білім беру ісінің үздігі» Айсара Пәрменова, Раушан Мырзакамаловалар да ұрпақ тәрбиелеуде елеулі еңбек еткен үлгілі ұстаздар.
Ал, 2017 жылдан мектеп тізгінін ұстаған Қалдыбек Ахметовтың қадамы осы жылы құтты болды. Олай дейтін себебі, ҰБТ көрсеткіші бойынша №51 орта мектебі 1 «Алтын белгі», 11 грант, оның ішінде 3-еуі «Серпін» бағдарламасының грант иегерлерін шығарып, аудан бойынша үздік үштік қатарынан көрінді.
- Бүгінгі күні атаулы мектеп ордасында білім алып отырған 958 оқушыға ҚР ғылым акадмиясының кіші академигі, облыстық білім беру ісінің үздігі, ұлт ұстазы, үздік педагог медальдерінің, ҚР білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасы, облыс әкімі, облыстық білім басқармасының, аудан әкімі мен аудандық білім бөлімінің марапаттарына ие болған тәжірибелі де білікті мамандар бар күшін салып білім нәрімен сусындатуда. Балаларға білім беретін 103 мұғалімнің 15 - жоғары санатты, 56 - бірінші санатты, 17- екінші санатты, 15- санатсыз. 16 - зерттеуші педегог, 27 – сарапшы, 3 – модератор ал, жаңартылған бағдарламаға сәйкес 58 мұғалім біліктілік артттыру курсынан өтіп тәлім-тәрбие беруде. Сонымен қоса, мектеп аясында 25 тәрбиеленушіге арналған «Аяулым» шағын орталығы да жұмыс жасайды, - дейді мектеп директоры Қалдыбек Ахметов.
Мектеп қазіргі қоғамның дамуымен тығыз байланысты болуымен қатар балаға жаңа әлемнің есігін ашып беріп, рухани дүниесінің қалыптасуына негіз салушы. Қаратаев атындағы ілім ордасы да жаңа технологиямен қамтылудан кенде қалған емес. Робототехника сайысы бойынша 10 сынып оқушысы Әліби Мұсахан облыстық сайысқа қатысып, жүлделі 1 орынды иеленіпті.
Бәсекеге қабылетті болу үшін дамудың жолын іздеген ұтады. Мектепте лабораториямен бірге соңғы үлгімен жабдықталған химия, биология, физика кабинеттері, интерактивті тақтамен жабдықталған 10 сынып бөлмесі, ақпараттық теңсіздікті төмендету, мультимедия, информатика кабинеттерінде 70 компьютер және ноутбуктар ғаламтор желісіне қосылып, мұғалімдер мен оқушылар үшін қажетті мәліметтерге дер кезінде қол жеткізуге мүмкіндіктер жасалған. Мектеп толығымен «Күнделік» электронды жүйесіне қосылып, ол үшін 30 планшет жұмыс жасап тұр. Мектепте әлеуметтік қолдауды қажет ететін 155 оқушы болса, оның 125-і ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Жыл сайын дәстүрге айналған «Мектепке жол», «Қамқорлық» акциялары аясында басқа да мұқтаждықтары ескерілген оқушыларды демеушілер тарапынан лагерьге жіберу жағы да қарастырылған, - деп оқу ісі жөніндегі орынбасары Темірхан Тынышбайұлы мектеп жетістіктерімен бөлісті.
Мектептің ұстаздары мен оқушылары да ағымдағы оқу жылын жақсы жетістіктермен аяқтап отыр деуге толық негіз бар. Атап айтатын болсақ, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІ кезеңінде 11 оқушы жүлделі орындарға қол жеткізсе, ағылшын тілі мұғалімі Қ.Абылайханқызы «Тілдарын» облыстық олимпиадасында жүлделі екінші орын, «Зерде» облыстық ғылыми жобалар байқауында Нұртас Дархан үшінші орын, Жүніс Ғабидолла “Мемлекеттік рәміздер - асыл мұрамыз” атты облыстық ғылыми жоба конкурсының ІІІ орын иегері, Төрехан Сымбат, Оразбек Қасиет аудандық «Бастау» олимпиадасынан бірінші орын, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен Қазақстандық Интернет Олимпиадасында пәндер бойынша 200-ге жуық оқушымыз І-ІІ дәрежелі дипломдармен марапатталып, ұстаздар еңбегін ақтауда. «British Bulldog» ағылшын тілінен өткен республикалық конкурста 30 оқушы, халықаралық «Русский медвежонок» конкурсында 12 оқушы І-ІІ дәрежелі дипломмен марапатталған.
Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде жүргізу мақсатында химия-биология пәні мұғалімі А.Ақбалаева, информатика пәні мұғалімі Б.Айтеков 9 айлық біліктілік арттыру курстарын тәмәмдап, қазір осы бағытта жұмыс жасауда. Аталған ұстаздардың тәжірибесін таратып, әдістемелік шеберліктерін шыңдау мақсатында осы пәндер бойынша екі рет аудандық семинар өткізіліп, әріптестер тарапынан қолдау тауыпты.
«Бітер істің басында, жақсы жүрер қасында» демекші, қазіргі таңда мектептің тағы бір оқу ісі жөніндегі орынбасары Бағымгүл Мұратбайқызы білім саласындағы жаңалықтармен бөлісті. Ол: «Зияткерлік орталықтармен тығыз байланыста болып, Тео Республикалық Дәстүрлі Олимпиада порталы, НИО халықаралық интернет олимпиада орталығы, Республикалық "BS-PRESS" педагогикалық дамыту орталығы, Республикалық «Ustaz tilegi» ұстаздар сайты, Республикалық www.orleu.kz Білім-Ғылым технология порталы, ZIAT ғылыми-әдістемелік орталығы, Республикалық www.45minut.kz сайты, «Қазақстан ұстаздары» қоғамдық ұйымы, ҚР білім және ғылым басқармасы «Өнеге» Интеллектуалды білім порталы, бастауыш сынып оқушыларына арналған олимпиада орталығы т.б қашықтық сайыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жатқан ұстаздар мен оқушыларымыздың биылғы табысы да ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай, - деп бағындырған белестерімен бөлісті.
Спорттық сайыстар мен өнер байқауларында да жеткіншектер жетістіктерімен қуантуда екен. «Теңбіл доп» Республикалық ұлттық лигада Бексұлтан Мағжан жүлделі бірінші орын, Тұрсынқожа Ақмөр «Үздік ойыншы», Дәрібай Ақбота «Үздік шабуылшы» номинациясымен марапатталып, мектеп командасы облыстық лигада жүлделі екінші орынға ие болды.
Астана қаласының 20 жылдығы, Қызылорда қаласының 200 жылдығы мерейтойларына орай, «Рухани жаңғыру» ұлттық идеясы аясында ұйымдастырылған «Тәуелсіз елім – тірегім, туған тілім жүрегім» тақырыбындағы облыстық шығармашылық байқауына қатысып, ІІ дәрежелі дипломмен 8-сынып оқушысы Диас Ханатов марапатталса, нашақорлықтың алдын алу мақсатында өткізілген облыстық ішкі істер басқармасы ЕБҚКБ ұйымдастыруымен өткен сайыста мектеп командасы ІІ орын, Көкшетау қаласы «Дарабоз» өнер – білім байқауында «Аспапта ойнау» жанры бойынша 8 сынып оқушылары Ілімжаухар Оразбек мен Нұрай Оразбек «Бас жүлде», «Жаңарған Жаңақорған жастары» ұйымының ұйымдастыруымен өткен «Анаға хат» эссе байқауында 10 сынып оқушысы Зарина Абдуллахан жүлделі ІІІ орын иеленді.
Осындай талапты да талантты оқушыларды тәрбиелеуде білікті де тәжірибелі ұстаздардың, атап айтққанда, Ә.Әбілбашарова, Н.Аханова, Ә.Қожарипова, Б.Үпенова, Б.Әйтілеуова, Б.Есетова, Р.Намазов, Қ.Фазылова, А.Сабырханова, Б.Фейзуллаева, А.Сопбекова, И.Майханова, Г.Омарова, Н.Әсәділлаев, Д.Нәлібаева, А.Ақбалаева, Д.Мамытова, Ұ.Қалекеева, Н.Әлшекеева, М.Бейсенбаева, А.Балғабаева, С.Абдиежалелова, И.Құлахметов, Ғ.Ыбырайым, Б.Үпенов сынды мұғалімдердің еңбегі атап айтуға тұрарлықтай.
Осы жетістіктердің барлығында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Ерман Ахметов пен Қарлығаш Аюпованың, кәсіби бағдар беру ісі жөніндегі орынбасары Талғат Нақыпов пен әлеуметтік педагог Ербол Мұсабайдың және педагог-психологтар Баян Сейтова мен Ақерке Шәтееваның да атқаратын қызметтерінің орны бір бөлек.
Жалпы биылдыққа мектеп бітірушілер саны 31 оқушы болса, ҰБТ - ға қатысатыны 22. Кең көлемде 4 рет ата-аналар жиналысы өтіп, кәсіби бағдар беру мақсатында оқушылар мен ата-аналарға түсіндірме жұмыстар жүргізіліпті. Сынама тесттің қорытындысы бойынша бастапқыда орташа бал 51,2 болса, қазіргі таңда орташа бал 85 баллға жетіп отыр. Ал, 2018-2019 оқу жылына қойып отырған негізгі меже 90 балл болғандықтан, осы межеге жету үшін 11 сынып оқушыларымен тыңғылықты кестеге сай жұмыстар жүргізілуде екен.
2018-2019 оқу жылында 4 оқушыны «Алтын белгіге», 3 оқушыны «Үздік аттестатқа» ұсынып өз дәрежелерін қорғап шығады деп сеніп отырмыз, - деп мектеп басшысы ойын аяқтады.
Иә, атақты академик ғалымның атымен аталатын мектептің бүгінгі тарихы осындай. Бұл атаулы білім ордасында білікті де білімді ұстаздар тағлымды тәрбие беріп қана қоймай, біліммен сусындатып, сан салада жұмыс жасап, өмірден өз орнын табуына септігін тигізу барысында аянбай қызмет етуде.

Лаура БИБАСАРОВА.

21 мамыр 2019 ж. 620 0