«Балауса» би тобы топ жарды
Ұлттық құндылықтарды ұлықтауда қазақтың би өнерінің орны ерек. Би халықтың тіршілік-тынысын, адамның табиғатқа көзқарасын, дүниетанымын айшықтайтын өнер ретінде әлі де өркендеп келеді. Соңғы уақыттары қазақтың би өнері кеңінен дәріптеліп, түрлі байқаулар ұйымдастырылуда. 29 сәуір – Халықаралық бишілер күніне арналған “Би – өнердің биігі” атты аудандық бишілер байқауында Жаңарық ауылындағы «Бәйтерек» бөбекжай-балабақшасының бүлдіршіндерден құралған «Балауса» би тобы үздік өнер көрсетіп, «Ерекше бүлдіршіндер» атты номинациямен марапатталып, көрермен қауымның ерекше ықыласына бөленуде.
Байқау – балалар өнерінің шыңдалар тұсы. Жыл бойы ұстаздың сіңірген еңбегі мен баланың қабілетінің кеңінен танылып, сараланар тұсы. Көркемдік пен табиғаттың берген дарынын көрсетуге үлкен мүмкіндік әрі зор жауапкершілік. Атаулы бақшаның балауса қыздарын өнерге баулып, би өнерінің қыр-сырын үйретіп жүрген ұстазы Нұрдин Назира би өнері мамандығын тәмамдап, ұстаздық етуді мұрат етіпті.
– Қазақ халқында би өнері қашанда ерекше бағаланған. Себебі би – адамның қозғалысы, дене қимылы арқылы көркем бейне қалыптастыратын сахна өнері. Қазақтың халықтық би өнері – ерте заманнан қалыптасқан, тұрмыс салтымен біте қайнасып келе жатқан ел мұрасы. Жетістікке жету үшін көп еңбек қажет. Сондықтан баланың өнерін дамытып, талабын ұштауға тырыстым. Мен бұл жауапкершілікті жүрегіммен сезінемін. Өзімнің қыздарыма да бар білгенімді үйретіп, үнемі ізденіп отырамын. Соның нәтижесінде дүбірлі додада ерекше танылдық, – дейді жетекші.
Бір қуантарлығы, қандай байқауда ұлттық бимен қатар түрлі жанрдағы биді де дайындайды екен. Жетекшінің сөзінше, қазақтың ұлттық биі өте ауқымды, қимылы ерекше. Расында, бүлдіршіндердің дайындығы керемет. Ұстаздарының айтқанын қағып алып, бір-бірлерін үнсіз түсінісіп, жаңа дайындыққа кірісіп кетіпті. Міне, сондықтан да би жетекшісі Назираға дән риза.
Әсел РЗАЕВА