№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Білім сапасы: міндет айқын, меже қандай?

Білім сапасы: міндет айқын, меже қандай?


Білім сапасы жөнінен біздің еліміз 93 елдің ішінде 62-ден 35-ші орынға жайғасты. Осыдан-ақ білім беру саласының көші ілгерілегенінін байқауға болады. Үшінші тоқсанды қорытындылаған Жаңақорған аудандық білім бөлімінің басшысы Бекжан Есенбаев сала мамандары мен білім беру ұйымдары басшыларының есебін тыңдады.


ДЕҢГЕЙІҢІЗ ҚАЛАЙ, ДИРЕКТОР?

Бірден айтайық, елімізде мектеп директорларының деңгейі көңіл көнжітпейді. PISA-2023 халықаралық зерттеулер қорытындысында білім беру ұйымдары басшыларының 45 пайызының санаты өте төмен екендігі расталды. Ал бізде ше? Статистикалық мәліметті сөйлетсек, аудандағы 44 мемлекеттік, 8 жеке мектеп директоры болса, оның 11-і санатқа өтпеген. Тіпті кейбірі оқушыға сабақ бермейтіні де басқосуда сын болды. Осы олқылықтың орнын толтыру бағытында түрлі ағарту шаралары жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта мекеме басшыларының бәсекеге қабілетті, жаңашыл, шығармашыл, менеджерліктен бұрын ұстаздық міндеті мығым болуы талап етіледі. Осыған байланысты облыстық білім басқармасы «Бір мектеп – бір жоба» байқауын іске қосты. Сайыс 28 ақпан мен 3 наурыз аралығында өткізілді. Бірінші кезеңінде білім ордасы басшылары озық ашық сабақ өткізсе, екінші додасында жоба қорғауға ұмтылды. Осы уақытқа дейін жинаған біліктілігі мен тәжірибесі, бағы мен бабы қатар шапқан педагог-директорлар көпшіліктің қошеметіне бөленді. Тарқатып айтсам, бірінші орын иегері №286 орта мектебінің директоры Ләззат Нәлібаева, екінші орынды №164 орта мектеп директоры Жанболат Ахметжанов және 3 орынды №221 орта мектеп директоры Нариман Жахудаев иеленді.
Биік мінберден көрінген алғашқы 3 директор байқаудың облыстық кезеңінде аудан абыройын қорғады. Бұл туралы білім бөлімі басшысы Бекжан Шахизатұлы арнайы атап өтті.

– Білім саласының дамуына үлес қосып, келешектің тұтқасын ұстар шәкірттер тәрбиелеп, олардың жетістікке жетуіне ықпал жасап жүрген әріптестерге шынайы алғыс білдіремін. Бұл байқау біздің аудандағы білім беру ұйымдары басшыларының заманға сай креативтілікті қалыптастыруға жол ашқандай. Облыстық кезеңде олжалы оралудың өзі бір мәртебе, — деді ол.

Ал аудан педагогтарының санаты қалай? Бұл туралы аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрымжан Бұлдырықов тарқатты. Аудандағы 2825 педагогтың ішінде екеуі ғана педагог-шебер болса, 409 зерттеуші, 1080 сарапшы, 600 модератор екен. Осыдан-ақ мамандардың біліктілігі төмен екенін екшей беріңіз.
Өткен жылы 923 педагогикалық кадрдың 193-ы аттестациядан өтуге өтініш білдірген. Оның 146-сы педагог-зерттеуші санатына өткен, 47-сі тестен төмен нәтиже көрсеткен. Сондай-ақ 409 педагог сарапшыға тапсырғандардың 212-і ғана талапқа сай болса, тестен жығылғаны 99. Ал, педагог-модераторға талпынған 308 мұғалімнің 260-ы өтіп, 60-ы төмен нәтиже көрсеткен.
Бала зейінін ашып, тұлғалық қалыптасуына септігін тигізетін мұғалімдердің біліктілігін арттыру басты назарда тұр. Алдағы аттестациялау кезеңінде бұл көрсеткіш жақсарады деген үміт бар. Қысқасы, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығымен бекітілген Педагогтерді аттестаттаудан өткізу туралы 2024 жылдың 16 сәуір күнгі №79 санды бұйрығына сәйкес, педагогтерді аттестаттаудан өткізу мерзімдері және біліктілік санаттарын беру (растау) рәсімдері 2024 жылғы 17 сәуір мен 1 қыркүйек арасы болып белгіленді.
Педагогтерді аттестаттау үшін педагогтердің білімін бағалауды (тестілеу) жүргізу мерзімдері және бірінші рет тегін 2024 жылғы 18 сәуір мен 13 мамыр аралығы, екінші рет ақылы негізде 5640 теңге мөлшерінде 2024 жылғы 10-31 шілде аралығында өтіледі.
Биылғы 2023-2024 оқу жылы аудан бойынша аттестациядан өту үшін 1381 педагог кадр тест тап­сыруға өтініш беріпті. Бұл туралы сектор меңгерушісі Нұрымжан Бұлдырықов тарқата келе:
– Биылғы аттестациялаудың ережесі мен тәртібі анық, әрі әр мұғалімінің біліктілігін жан-жақты саралауға жол ашылды. Мықты кадрлардың абыройы асқақтап, мерейі таситын болады. Сондықтан әрбір үміткер өзінің педагогикалық білімі мен біліктілігіне арқа сүйегені жөн, – деді ол.

ҚАЛЫҢ ҚАЛАЙ, ЖАС ТҮЛЕК?

Соңғы қоңырау мерекесі таяп келеді. Биыл мектеп бітірушілердің бас қайғысы ҰБТ-да нәтижелі көрсеткіш көрсету. Қаңтар, ақпан және наурыз айында тапсырған ҰБТ қортындысын сөз етсек, мектеп бітіруші 1023 түлектің 841-і кешенді тестілеуден өтті. Оның ішінде қаңтар айында 92 талапкер шекті балдан өтсе, 38-і межені бағындыра алмады. Ал наурыз айында 743 баланың 18-і шекті балдан аса алмаса, 135 талапкер жүз балдан асырған. Бұл туралы білім бөлімінің әдіскері Жанна Қожахметқызы тарқатты.
– Өздеріңіз байқағандай, ҰБТ көрсеткішінде жоға­рылау бар. Мектеп бітірушілердің қосымша дайындығын нығайту үшін арнайы әр пәннен кесте түзілді. Осы бойынша әр түлектің тестке дайындалуына мүмкіндік мол. Ынталы жасты демеп, бағыт-бағытымен дамытып, нәтижелі меже көрсетуге талпынуда, – деді ол.
Сонымен, бірінші жарты жылдықтың қортындысында ҰБТ көрсетіші бойынша облыста көш бастаса, білім сапасы жөнінен алғашқы үштікке табан тіреді.
Үшінші тоқсан қортындысында жалпы орта білім алушылардың деңгейі өскені байқалады. Екінші тоқсанда 55 пайыз болса, үшінші тоқсанда 59 пайызға алға жылжу бар. Десе де, 19885 баланың 500-ден астамының сабақ үлгерімі төмендеп, «үштік» бағамен бағаланған. Сондай-ақ екпінділер саны 12831 болса, қалғаны үздік оқушылар қатарында. Бір сабақтан ғана «үшке» бағаланған 56 бала бары анықталып, келер тоқсанда екпінділер қатарына қосылуға жүйелі жоспар түзіліпті.
Бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталғалы да айға жуықтады. Осы уақыт аралығында 600 баланың құжаты қабылданды. Келер жылы бірінші сыныпқа 1700 бала қабылданады деп күтілуде. Әр мектепте «өзін-өзіне қызмет көрсету» «eGov Mobile» бұрышы жұмыс жасауда. Осы қызмет арқылы ата-ана баласының құжатын рәсімдей алады.

ОҚУЛЫҚ ОЛҚЫЛЫҒЫ ОРҒА ЖЫҚПАСЫН

Білім сапасын арттыруға ден қойған мектептерде басты мәселе – оқушыны оқулықпен қамту жайы болып тұр. Еске алсақ, жуырда Фейсбук әлеуметтік желісінде «жеке мектептердің мемлекеттік мектеп мөрі басылған оқулығымен оқып жатқаны» сынға алынған болатын. Ұққанымыз, білім министрлігінің арнайы қаулысында мемлекеттік мектепте артық резервте тұрған оқулықты жеке мектепке уақытша пайдалануға беру туралы мәміле болған екен. Алдағы уақытта бұған жол берілмейді. Мұны басқосуда бас ұстаз Бекжан Шәкизатұлы былай жеткізді:
– Біздің ауданда 44 меклекеттік мектеп, 8 жеке мектеп жұмыс жасауда. Мемлекеттік мектептердің өзінде оқулық жетіспеушілігі барын жасырмаймыз. Сондықтан оны жолдан бұрып, мәселені ушықтыру орынсыз. Келер жылы әрбір жеке мектеп арнайы баспадан кітап алуды ұйымдастырғаны жөн. Осы бастан сол қарекетке көшкен абзал. Оқулығы сай емес оқу ошағы анықталған жағдайда тиісті шара көріліп, қызмет көрсетуін шектейтін боламыз, –деді ол.
Кеңейтілген алқа отырысында талқыға салынған тағы да бір мәселе – мұғалімдердің бірнеше мектепте қызмет етуі. Кент орталығында 17 мектеп қызмет етсе, көптеген мұғалім қос мектептің кадрлық есебінде тұр. Бір ғана «Май бекеті» аймағында 6 жеке, бір мемлекеттік мектеп бар. Ал, кейбір мұғалім бір мектепте 16 сағат, екінші мектепте 12-15 сағат алыпты. Логикаға салсақ, бір адам қалайша күніне 18-23 сағат жұмыс жасауы мүмкін? Қаражат қамын күйттегендер баланың зейінін аша ала ма? Осы мәселені назарға салған Бекжан Есенбаев келер оқу жылы басында кадрлық мәселені түбегейлі қаралатынын тілге тиек етті.
Осы жиында білім бөлімінің әдіскері Мира Жандарбекова, №110 мектеп лицейінің директоры Фариза Ниязова, №160 мектеп директоры Жанаділ Ибрагимов, №162 мектеп директоры Серік Дүйсебаев, №209 мектеп директоры Лаура Үсенбекова, Жұмаділла Өскенбай атындағы дарынды балаларға арналған жеке мектеп директоры Ләззат Әбсаттарова, “Daryn school” мектебі директорының міндетін атқарушы Шынар Әбуова мектеп жетістігі жайында есеп берді.

ТҮЙІН. Үшінші тоқсан жағымды жаңалыққа толы болды. ҰБТ көрсеткішінен үздік, білім деңгейі жөнінен үшінші орында тұрмыз. Шәкірттер мен ұстаздардың шығармашылық өрлеуі де жоғары деңгейде. Кемел келешегіміз жас ұрпақтың қолында болса, өскелең жасты сапалы білім мен тәлімді тәрбиемен қамту білім беру ұйымдарының құзырындағы жұмыс. Жас буынның жарқын болашаққа сенімді қадам басуы, кейінгі өмір сапасының жоғары деңгейде болуы мектептен алған оқу және білім сапасымен өлшенеді. Сол үшін білім ордаларында қажырлы еңбек етіп жүрген мұғалімдер мен оқытушылардың маңызды рөлін жете түсініп, олардың кәсіби құзыреттіліктерінің дамуына барынша жағдай жасау керек. Үнемі шығармашылық болып, кәсіби және жеке өзін-өзі тәрбиелеу мұғалімнің педагогикалық шеберлікті меңгеруі қажетті дағдыларды дамытуға көмектеседі. Ал нағыз ұстаз әрдайым ізденіс үстінде болатын ұстаз деп сөзімді түйіндеймін.

Мақпал МАРҚАБАЙ


27 сәуір 2024 ж. 242 0