№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «Тазалығынан танбаған ұрпақтың өкілімін»

«Тазалығынан танбаған ұрпақтың өкілімін»


Жасы сексенге ілінсе де жүрісі ширақ, жан-дүниесі сергек, қоғамнан тыс қалмай, ел ішілік мәселелерде ықпалы басым бұл кісінің өмір тарихы тарам-тарам тауқыметке толы. Бірақ ол соның бәрінен етінің тірілігінің, жанының сірілігінің арқасында арымай-талмай, шаршамай-шалдықпай өтіп, бүгінгі күн биігіне келісті бабымен, жомарт жанымен табан тіреп отырған жайы бар. Қырық бес жыл ағарту саласында тер төккен Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі, ардагер ұстазды «Сенбілік сұхбат» төріне шақырып, ұрпақтың ұлағатты болмысына қазық етер негізгі ұстанымдары жөнінде емен-жарқын әңгіме өрбіттік. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Біздің ұрпақ репрессияның зардабын тартып, күшігінен таланған, сонда да талабымен тас жарып, талай жерге барған намысты қолдан бермеген, жалған айтып көрмеген, маңдайы талай тасқа тиген буын. Бірақ тазалығынан танбады.
Тарқатып айтсам, өткен ғасырдың отызыншы жылдары менің әкем Мұқан екі ағасымен Өзбекстанның «Аққорған» деген жерін паналайды. Ол жерде «Шамархан» деген әулие бар екен. Діни сауаты кемел екі ағасы Сүлеймен мен Бәкір сол жердің шырақшысы болады. Ал менің әкем колхозға кіріп, мақта, бақша егумен айналысады. Соғысқа қатысып, жарадар болып, елге қайтарылған екен. 1951 жылы әкемнің немере ағасы Оспан Аққұлов бауырларын іздеп келіп, елге қайтуға үгіттейді. Сөйтіп біз көктемде атамекенге, Қасқа-Арық деген жерге көшіп келіппіз. Мен ол кезде екіншіні бітірген кезім еді. Оразбек Қашқынов деген ағамыз бастауыш мектептің мұғалімі екен. Мектеп үйі жоқ, жазда талдың көлеңкесін, қыста кепені паналаймыз. Бірақ білімге деген ынта зор. Шүберек қалтамызды арқалап, сабақтан қалмаймыз. 1952 жылы мұғаліміміз асармен бастауыш мектеп соқтырды. 1953 жылы қазіргі совхоз орналасқан жерге ел түгел көшіп келді. Асар әдісімен жеті жылдық мектеп бой көтерді. Біз сонда оқып, жетінші сыныптан бітірген соң аудан орталығындағы №51 «ВЛКСМ-ның 30 жылдығы» атындағы орта мектепті оқып бітірдік.
– Бұл туған жердің кіл мықтыларын тәрбиелеп шығарған қарашаңырақ қой.
– Ия, Ол кезде қазақ-орыс орта мектебіне Низамутдин Илялетдинов басшылық жасап, екі рет «Ленин» орденімен марапатталған еді. Ұстаздарымыз Мақсұт Ибрагимов химия-биологиядан, Үпенов Жүніс қазақ тілі, әдебиетінен сабақ берді. Мен де химия пәніне қызығушылығым көп артып, Н.В.Гоголь атындағы пединститутқа құжат тапсырдым. Оқу орнын 1964 жылы бітіріп, «Миялы» мектебіне мұғалім болып келдім.
– Алғаш еңбек жолын бастаған білім ордасындағы педұжымның әлеуеті қалай әсер етті?
– Мектеп басшысы Төлеген Абдукаримов, завучымыз Оразбек Қашқынов болатын. Бәрі де кешегі жауынгерлер ғой. Тәртіп темірдей қатал. Математикадан Есқожа Искаков, Оспанова Жолдықыз, орыс тілінен Бектас Исмаилов сабақ берді. Мен бір жылдан соң әскерге шақырылып, Горкий қаласында зенитті ракета әскери бөлімінде борышымды өтедім. Жаңа үйленген жарым Құттықыз ата-анамды бағып, жандарына жәрдемші болды.
Ол кезде жас болсын, кәрі болсын жауапкершіліктен жалтару деген болмайтын. Не қиындықты болса да еңкеймей еңсеріп, бойымызды шалқақ ұстауға тырыстық. Намысымыз биік еді. Сондағы бар сенеріміз – бойдағы білім мен қайрат-күшіміз ғана.
1971 жылдан бастап мектеп тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі бола жүріп, оқушылардың өндірістік бригадасын ұйымдастырдым. Жиырма жылдай күріш егіп, жыл сайын 40-55 центнерден өнім алдық. Соның қарымына комсомолдық жолдамамен Ульяновскіге, Грузияға сапарлап қайттық. Оқушылар еңбек бригадасына «Белорусь» тракторы табыс етілді.
Менің іс-тәжірибем облыс көлемінде таратылып, «Оқу мен еңбек – егіз» девизі қанат қақты. Бұл шаралардың барлығы жас буынды еңбекке тәрбиелеу арқылы ширатудың, келешек маман қалыптастырудың қастерлі қадамы болатын.
– Енді ауыл мектебін басқарған кезіңіздегі қалдырған қолтаңбаларыңыз, шәкірттеріңіз жөнінде айтып берсеңіз?
– Ауылдағы №184 мектеп 2003 жылға дейін №168 орта мектептің филиалы ретінде балаларды 6 сыныпқа дейін ғана оқытып келді. Міне, осы оқу ордасына қосымша төрт сынып бөлмесін қостырып, негізгі мектеп болып ашылуына атсалыстым. 2003 жылы осы оқу ордасының директоры болып тағайындалдым. Кейін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, одан соң психолог-педагог болып, барлығын қосқанда 45 жыл ұстаздық етіппін.
Еңбегім еш кетпеді, 1979 жылы «ҚР халық ағарту ісінің үздік мұғалімі» медалімен, 1985 жылы «Үздік еңбегі үшін» медалімен, бірнеше рет аудандық, облыстық Мақтау грамоталары, саланың бірнеше рет марапаттауларын иелендім.
Шәкірттеріме тоқталсам, олардың көбі денсаулық күзетінде жүр. Сәулебек Искаков, Сейдахметов, Қайрат Мәдіқожаев – хирург, терапевтер. Асылбек және Батыр Айтжановтар да менің шәкірттерім. Екеуі де ғалым, елдің алдында жүрген азаматтар. Үсенов Изатулла – ірі кәсіпкер. Мен қашанда өз шәкірттеріммен мақтанамын.
– Отбасыңызға тоқталсаңыз?
– Жарым – Құттығыз Ахатаева мектепте лаборант болып жұмыс атқарған. Батыр Ана. Екеуміз 10 бала тәрбиелеп, ұл-қыздарым түрлі салада абыройлы еңбек етіп жүр. Екі келінім ұстаз. Гүлмира – информатика пәні мұғалімі, Зада – орыс тілі, әдебиеті пәні мұғалімі. Кіші келінім Гүлмира Астанада заң қызметкері.
– Ел өміріне көңіліңіз тола ма?
– Бұл өңірдегі әрбір отбасының тіршілігі алақандағыдай анық. Ел ағалары болып айрандай ұйыған ауызбіршілігі бар құтты мекеніміздің ырыс-несібесіне бас-көз болып қана қоймай, телі мен тентекті тезге салып, анау-мынау келеңсіз құбылыстардың алдын-алуға барынша күш жұмсап келеміз. Үйде де әзір қарап отыра алмаймыз. Есік алды бау-бақшам бар. Шаруашылықтан егіндікке алған қосымша жерім бар. Бәрі де бала-шағаның несібесі.
Елбасымыздың баршамызды ел игілігі жолындағы еңбекке шақыруы құптарлық. Өйткені еңбек – әлемнің әміршісі.
– Сұхбатыңызға рахмет.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
02 маусым 2018 ж. 1 402 0