№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҮПЕНОВТЕРДІҢ ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛЫНА – 70 ЖЫЛ

ҮПЕНОВТЕРДІҢ ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛЫНА – 70 ЖЫЛ


Аудан орталығында тұратын Үпеновтер әулетін жаңақорғандықтар ұстаздар денастиясы ретінде таниды. Себебі, бір отбасында әке жолын жалғаған тоғыз перзент аудан тұрғындарына өнеге дәнін сеуіп келеді. Осындай ұстаздар әулетінің басында Жүніс ақсақалдың тұрғаны бір ғанибет. Аудан халқын рухани тұрғыда сусындатып, өскелең ұрпаққа білім нәрін сеуіп жүрген әулетке жол тартып, ардагер ұстаздың хал-жағдайын білуді жөн көрдік.
Қашанда құрметке лайық мамандық иесі атануды мәртебе көрген жан білім саласында шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, ұрпағын ұстаздық жолында еңбек етуге ықпал еткен Жүніс ағайдың өткен жолынан мол ғибрат алуға болады. 90 жасқа жақындаған ардагер әлі де тың көрінді, орнынан тұрып сәлемін беріп, төрін ұсынды. Кейіпкеріміз әңгіменің басын өзінің өмір жолынан бастады.
– 1932 жылы Аққұм елді мекенінде өмірге келдім. Алайда, балалық шағым Жайылмада өтті. 30 жылдары аласапыран кезде қазақ қоғамында қудалау жүрді. 1933 жылы әкемді ұлт жауы деп түрмеге жапты. Одан кейін алдымдағы үш ағам екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, оралмады. Ал, мен жоғары білім алуды жөн көріп, мектепті бітіргеннен соң, Қызылордадағы педучилищеге түстім. Оны бітіріп, ауылдағы мектепке мұғалім болып орналастым. Содан менің ұстаздық өмірім басталды, – деп әңгімесін жалғады.
Бастауыш сыныпта сабақ беруден бастаған Жүніс Үпенұлы 1951 жылы білімін тереңдету үшін төрт жылдық Гоголь атындағы педагогикалық институтқа түседі. Химия-биологияны бітіріп, жоғары сыныптарға сабақ бере бастайды.
1958 жылы жары Әлия апай екеуі шаңырақ көтеріп, үш қыз, сегіз ұлды өмірге алып келеді. Жоғарыда сөз еткендей, бүгінде ұл-қыздары мен төрт келіні мектепте сабақ беруде. Тіпті, осы саланы өмірлік серік етуді мақсат тұтқан немерелері де бар екен.
Сөз арасында ұстаз шәкірттерін айтып бір марқайып қалды. Қазақта, «ұстазы талантты болса, шәкірті талапты болады» деген тәмсіл бар. Академик Бірлес Алияров, жазушы Айдархан Бибасаров және Файзулла Қарақожаев сынды шәкірт тәрбиелеген Жүніс ағай 40 жылдан астам уақытта өз саласының төріне көтеріле алды. Еңбегі еленіп, бірнеше рет марапат биігінен көрінді. Мәселен, «Қазақстан білім беру саласының үздігі», «КСРО халыққа білім беру ісінің озық қызметкері» атағын алған бірден-бір мұғалім. Осынау жылдар ішінде №51 М.Қаратаев атындағы орта мектепте, білім бөлімі мен Бірлік совхозында еңбек етіп, 1994 жылы зейнетке шығады.
– Әрбір адамның өмірде өзіндік орны қалыптасуы керек. Менің бала арманым ұстаз болу болатын. Шүкір, мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Алайда, адамда арман таусылмайды екен ғой. Шыны керек, өмірге қайта келетін болсам мен ұстаздық саланы таңдар едім. Себебі, мұғалім болу бәрінен де биік мәртебе, – деді ол.
– Ұстаз бойынан қандай қасиет табылу керек?
– Ең бастысы, өз-өзін, кәсібін сүю керек. Әрі, талантты, білімді болғаны абзал. Қазіргідей өркениетті заманда озық ойлы, білікті болу әрбір ұстазға тән қасиет болуы тиіс. Сонда ғана сен өзгені тәрбиелей аласың. Тәрбие беру үшін иманды болу тиіспіз, – дейді. Сексеннен асып, тоқсанға таяған ұстаз бес уақыт намазын қаза қылмауға тырысады.
Қарттық басқан ардагердің қоғамнан алыс емес екенін аңғардық. Әсіресе, Елбасының Жолдауларын тыңдап, білім саласында енгізіліп жатқан өзгерістерді саралап отырады. Тіпті, бүгін сабақ беріңіз десе, оқушы алдына шығуға дайын екенін жеткізді. Әңгіме соңында ұстаз бүгінгі педагогтардың қоғамдағы орнын бағдарлап берді.
– Алты алаштың басы қосылғанда төрді ұстаздарға ұсынады, деген ұлағаттың мағынасы қазіргі қоғамда қалып бара жатқандай. Себебі, ұлы есімнің егесі атанған мұғалімдердің мерейін жоғалтып алғандаймыз. Сондықтан, ертеңіміз баянды болсын десек, ұстаздарға деген құрметті төмендетпеуіміз керек, – деді.
Қорыта айтқанда, еңбексүйгіштігімен, ізеттілігімен көпке үлгі болған Жүніс Үпеновтың отбасындағы тәлімі келер ұрпаққа өнеге. Себебі, асыл қасиет пен ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бар ғұмырын арнаған ардагер ұстаздың өзі бірігей тұлға.

Әлібек ТЕМІРБЕК.
17 сәуір 2018 ж. 1 817 0