» » Жылқы сауырындағы саулық

Жылқы сауырындағы саулық

Қазақ халқының жылқы жануарына ерекше жақын болуының сыры тереңде. Мойыл жанарына мұң ұялаған сезімтал жануарды ата-бабамыз ертеден ақ серік еткен. Ішсе тамақ, мінсе көлік болған тұлпарды төрт түліктің төресі санаған. Сән-салтанаты келіскен той-томалағымыз да ат бәйгесіне ұласып жатады. Табиғатынан таза, кербез де келбетті жануардың тұла бойы қасиетке тұнған. Соның ішінде жылқы малының сырқатты емдеп жазу қабілетіне тоқталайық. Қазірде кең тараған жылқы терапиясы туралы жиі естиміз. Олай болса, жылқы тереапиясы деген не және оны кімдер қолданады?
Иә, атпен серуендеу тек спорт түрі ғана емес, медицинада да қолданылатын емдеудің озық тәсілі. Шынында да жылқы малының адамдар үшін бөлек бір емдік терапиясы бар екені дәлелденген.. Аттың биоөрісі адамның психоэмоционалды жағдайын қалыпқа келтіруге жәрдемдеседі екен.
Бүгінде емдеудің танымал түріне айналған жылқы терапиясы - әртүрлі психикалық, физиологиялық ауытқушылықтарды емдеуде қолданылады. Ғылымда иппотерапия деп аталатын арнайы саланың қалыптасуы психикалық аурулардың белгілерімен күресуде дәстүрлі емдеу тәсілдерімен қатар қолданылуда. Психолог мамандардың бақылауымен жасалатын емшараның негізгі тетігі ретінде жануармен күнбе-күн қарым-қатынас қимылдарын жандандыруды айтамыз. Яғни, жылқы малын жемдеп, азықтандыру, жазық далада атпен серуендеу немесе ат әбзелдерін әзірлеп, қоян-қолтық күтімін келістіруге тырысу керек. Емнің нәтижелі болуы емделушінің ішкі жай-күйін жақсыға бұрумен тығыз байланысты десек те болады. Иппотерапияны жан қалауы, жүрек тыныштығына ерік беріп, жазира алқаптағы демалыс ретінде қабылдауыңыз шарт.
Балалардағы тілдің кеш шығуын қалыпқа келтіруде жануарлардың қатысуымен ем жүргізуді көріп жүргеніміз де бар. Аутизм белгісі бар, тумысынан кемтар балаларды емдеуде дефектология саласы дельфинмен әрекеттесу тәсілдерін ұсынды. Ондағы мақсат дельфинотерапия арқылы, дельфиндер шығаратын дыбыстардың балаға оң әсерін медицинада қолдануды жүзеге асыру. Ауданымыздың тұрғыны Асылзат үш баланың анасы. Ол үлкен ұлының уақытылы сөйлемеуін еркелікке балап, 4 жасқа таяғанда ғана мамандар көмегіне жүгіне бастапты. Аутизм белгісі бар деп болжам жасағаннан кейін облыс орталығындағы "Асыл Мирас" емдеу орталығына да келген. Бұдан бұрын қойдың ішегімен баланың мойын тұсын байлау сияқты халықтық емді де байқап көрген ол дельфинотерапия туралы естіп, Алматы қаласына арнайы жолға шығады. Сауықтыру орталығындағы арнайы мамандар баланы дельфиндермен байланыстыру арқылы жүзуге үйретіпті. Емшара барысында баласынан оң өзгерістерді байқаған ол әлі де жаз айларында дельфинотерапияны қабылдап тұратынын айтты. Жануарлармен жүргізілген емнің нәтижелі аяқталуы елімізде арнайы емдік сауықтыру кешендерінің салынуына себеп болды. Соның қатарында туа пайда болған кемістікті түзеуде төбет терапиясы да бар. Ол медицинада канис-терапия деп аталады.
Тақырыбымызға оралсақ, дельфинотерапия, канис-терапия сияқты иппотерапия да -күйзеліске ұшыраған, жаны жаралы жігіт ағасы мен қатар түрлі жағдайда депрессияға ұшыраған жасөспірімдерге психологиялық тұрғыдан тіреу болатыны анықталған.
Емдеудің бұл түрі – адамдарға сенімділік сыйлап, өзін-өзі бағалау деңгейін арттыруға да көмектеседі. Жылқы терапиясы бүгінге дейін толық зерттеліп бітпесе де жүргізілген зерттеу нәтижелері адамның психо-физиологиялық күйін реттеуде, кемтарлықпен күресіп, жан жарасын емдеуде айтарлықтай оң өзгерістерді көрсетуде. Когнитивті және функционалды бұзылыстары бар ересек жастағылар мен мүмкіндігі уақытша шектеулі балаларды емдеуде қолданылатын сауықтыру тәсілі полиомиелит ауруының айығуына да себепкер болды. Оған дәлел 1952 жылғы Хельсинки олимпиадасында Даниялық ат спортының шебері Лис Хартель атқа мініп серуендеу арқылы полиомиелиттен айыққанын айтқан болатын. Полиомиелит - жұлынның қабынуынан болатын, орталық жүйке жүйесін зақымдайтын жұқпалы ауру. Бастапқыда суық тигендегі дене әлсіреуі сияқты белгілер арқылы білінетін ауру уақыт өте келе аяқтың ұюы, сезілмей жансыздануы сияқты белгілермен жалғасып, өспей қалу, жіңішкеріп сал болып қалуға дейін барады. Иппотерапияның бұл аурудың алдын алуға көмектесуінің басты себебі - жылқыға мінген адамның барлық денесі мен бұлшық еттің қозғалыста болуы. Сонымен қатар, жиі ат үстінде болатын адамның сүйек ауруларынан да аулақ болуына айтарлықтай себеп болғанына сан жылдық тәжірибелер дәлел. Атқа отырған адам үнемі денесін тепе-теңдікте ұстауға тырысады. Бойын тіктеп, арғымақтық арлы-берлі қозғалысының әсерінен құлап кетпеудің қамын жасап, денесін басқаруға үйренеді. Жылқы терапиясының аутизмді емдеуде қолданылуының басты себебі де осы. Біраз уақыт қозғалыссыз қалған бұлшық ет пен бағыт-бағдарсыз әрекет етпейтін жартылай өлі сананың қалыпқа келуіне ат пен адам арасындағы әрекеттің әсері мол. Иппотерапевт мамандардың айтуынша атқа міну ғана емес атты жемдеп, азықтандыру, күтіп баптау, жетектеп жүру сияқты қимыл-әрекеттер де баланың ширауына, сақтанып өзін-өзі игеруіне септік етеді.
Иппотерапия ең алғаш рет ежелгі Грецияда пайда болды. Медицина ғылымының атасына айналған Гиппократ жаттығудың жүйелі емдік түріне жылқымен серуендеуді жазып, емдеу шарасының кеңінен қолданылуына себеп болды. Жалпы медицина саласының мамандары мен жылқы терапевтерінің арасындағы ортақ мәселе ауруханадағы қалыпты емдеу терапиясынан бөлек, өзгеше бағытта жүргізілетін емді жіті қадағалау. Әдетте аутизммен ауыратын балалардың басты мәселесі әлеуметтік ортамен қарым-қатынастың болмауында. Осындай балалар атпен қарым-қатынас орнату арқылы уақыт өте келе адамдармен, айналасын қоршаған қоғаммен араласуға бейімделе бастайды. Ортадан оқшауланған, көп нәрселерге қызығушылық таныта бермейтін балалардың эмоцианалды күйін бүкпесіз шығаруда атқа мінудің оң әсері айтарлықтай рөл атқарады.
Түйін. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылды өлкемізде атқа мінудің айтарлықтай қиынға соқпауы мүмкін. Десек те, қалалы аймақта атқа мініп, кең даланы кезу түгілі көкжиекке көз жүгіртіп таза ауамен тыныстаудың өзі екі талай. Медицина ғылымы дәлелдеген иппотерапияның артықшылығына ден қойып, қолыңыз қалт етсе атқа мініп, күйбең тіршіліктің күйзелісті көңілін, сенімділік серпіген жаныңыздың еркін күйіне ауыстырып тұруды әдетке айналдырғаныңыз абзал. Бүгінде АҚШ та иппотерапиямен емдеудің 600 ден астам орталықтары жұмыс жасап тұр. Әлем халықтары қолданатын ат тереапиясы атты ең алғаш қолға үйреткен елімізге жат еместігі белгілі. Мың түрлі аурудың алдын алып, қолда бар алттынның қадірін білсек жарар.
28 сәуір 2024 ж. 473 0