» » Тазалық төрден табылсын

Тазалық төрден табылсын

Елдегі «Таза Қазақстан» акциясына барлық мемлекеттік органдар, жеке кәсіпкерлер мен өндіріс орындары білек сыбана кірісіп, өңір тазалығын қайта қалыпқа келтіруге тырысуда. Бұл тек жауапкершілікті ғана емес, туған өлкеге деген құрметті білдіреді. Жаңақорғандағы өндіріс ошақтары акция аясында өздерінің тұрғылықты мекен-жайы мен іргелес аумақты да таза ұстауды әдетке айналдырып алғанын білеміз. Мәселен, «СКЗ-U» ЖШС ұжымы жыл сайын дәстүрге айналған тазалық айлығынан қалыс қалған емес. Биыл да елдік істе еңкейіп қалмай, төбе көрсетіп, күрежолдың бойын тазартуды бастады.
«Қазатомпром» Ұ АК» АҚ өндірісі де, оған қарасты барлық компаниялар да тазалыққа тік тұрып, еңбек етіп келеді. Оның ішінде, «СКЗ-U» ЖШС «Самара-Шымкент» автожолының іргесін, кенттен мекемеге барар жолдың бойын құлан таза етіп тазалап, күл-қоқыстан аза етті.
– Жалпы акцияның мақсаты – ел тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыру және экологиялық сауаттылыққа жол ашу, қоршаған ортаның ласталмауына жұртшылықтың назарын аудару болып табылады. Тазалық төрден басталады десек, ең бірінші кенттің таза тұруы бәрімізге абырой. Өйткені, келген қонақ бірінші тазалыққа қарайды. Бірнеше техника, қызметкерлер жұмылдырылып, тазалау жұмысын жалғастырудамыз. Бұл аумақ біздің мекеменің назарында, сондықтан жыл сайын бұл жерлерді қоқыстан тазартуды қолға алып келеміз. Осы орайда аудан тұрғындары тазалыққа тиянақты мән берсе деген өтінішіміз бар, – дейді өндіріс орнының бас директоры Ернұр Қожамбердиев.
Иә, тазалық тектіліктің төресі дейміз, бірақ аудан орталығындағы кейбір аумақтар осы орамды ойды бұзып тұр. Әсіресе, «Самара-Шымкент» автожолының бойы қоқыстан тазармайды. Бүгінгі акциядан көзімізбен көргеніміз көп болды. Тек қалдықтар ғана емес, малдың өлекселері де тасталады. Бұл ұят жағдай, сондықтан осыған аса мән берген де жөн.
«Тазалық табалдырықтан басталады» десек, кенттің келісті келбетінің ажарын ашатын тек сәулетті ғимараттар мен жасыл-желек жамылған гүлзарлар ғана емес, бірінші кезекте, оның тазалығы. Шыны керек, алажаздай қоқыспен алыссақ та жер ана күзде қайта ластанған кейіпке енетіні рас. Оның міндеті мен ауыртпалығын тазалық мекемесі мен жауапты қызметкерлерге ысырып тастау қисынға келмейді. Әрине олардың бұл тікелей міндеті шығар, бірақ әрбір тұрғын туған өлкеге жанашырлық танытуы тиіс. Ортақ істе бөле-жарылмай, міндетті жауаптыларға ғана арқалатпай, кент тазалығына тұрғындар болып ортақтасатын кез келді. Бүгінгі мекеме қызметкерлері де осыға ұйысып, бірлесе тазалыққа жұмылсақ дейді.
Әли ТЕМІРБЕК
28 сәуір 2024 ж. 1 418 0