№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әскери қызмет – абыройлы міндет

Әскери қызмет – абыройлы міндет


Әскер – біздің мемлекетіміздің берік қалқаны. Оны нық ұстап тұру – қасиетті борыш қана емес, зор мәртебе. Әскер қатарына барып келгендердің пікірінше, әскер азаматтың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, тәртіпке салатын, Отанына, отбасы мен туған-туысқандарына деген сүйіспеншілігін арттыратын өмір мектебі. Осы мектеп майданында шыңдалып, жауапкершілікті сезініп жүрген азаматтар бүгінде қоғамның түрлі саласында еңбек етіп, отбасы мен мемлекеттің қорғанына айналуда. Әрбір азаматтың еңбегі мен бар күш-жігері Отан үшін жұмсалғанда ғана патриотизм жайлы айтуға болады. Бұл жастарға да қатысты мәселе. Қазір болмашыны сылтауратып, әскерге баруға ықылас танытпай, қашып жүретін жастар көп. Сонда дейміз-ау, ел басына күн туса ұлан-ғайыр даламыз бен шекарамызды кім қорғайды? Әлде жастардың патриоттық сана-сезімі әлсіреді ме? Бәлкім, ата-ананың тәрбиесінен болар. Міне, осы мақсатта аудандық «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен «QAISAR» партиялық жобасы аясында Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде жастармен кездесу өтті.


Жалпы «Qaisar» партиялық жобасының басты мақсаты – жастардың бойында патриоттық сананы және әскери қызметке деген қызығушылықты қалыптастыру, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, әскери-патриоттық рух қалыптастыруды негізге алады. Айтулы шараға «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Арман Мажитов, аудандық қорғаныс бөлімі басшысы Нұрбол Есенәлиев және аудандық мәслихат депутаты Жандос Әбдімәуленов және «Жалын» бастауыш партия ұйымының төрағасы Алмат Мампаев қатысып, жас өрендерге туған жерді қорғай білуге баулитын патриоттық әңгіме өрбітті. Әуелі сөз алған аудандық «AMANAT» партиясының төрағасы Арман Мажитовтың ойы орамды өрілді.

– Бауыржан Момышұлының «тәртіпке бағынған құл болмайды» деген нақылы бар. Астарында көп нәрсе жатыр. Сондықтан өскелең ұрпақты, жігерлі жастарды отансүйгіштікке баулу, патриоттық бағытқа тәрбиелеу бүгінгі күннің басты міндетіне айналды. Өйткені ел келешегі бүгінгі жастардың қолында. Сондықтан да жас өреннің уақытын текке өткізбей түрлі үйірмелерге қатыстырып, рухани түрде дамуын қадағалап отыру маңызды. Оған бала өсіріп отырған әрбіріміз жауаптымыз. Тәртіпті ұлан бос уақытын тиімді, елге пайдалы іспен айналысуға жұмсайды. Көп мәселе осыған байланысты, – дейді.

Келесі кезекте сөз алған аудандық қорғаныс бөлімі басшысы Нұрбол Есенәлиев:
– Қазіргі жастардың әскерге бармауы, Отан алдындағы борышына селқос қарауы, патриоттық сезімнің болмауы бүгінгі күні өте өзекті мәселе болып отыр. Өкінішке қарай, біздің жастарымыз қарындасқа қорған болуға дәрмен­сіз. Оларды қорғаудың орнына, керісінше қорлап жатырмыз. Ер-азаматтар өз елімізді, Отанымызды сүйіп, қорғай білуіміз керек. Әскер қатарына шақырылған ұландар солдат сапына тізілетін талаптардан өтуде толық өз басына жауап бере алатын деңгейден таныла білсе ешқандай мәселенің туындауы мүмкін емес. Бұған әр азамат саналық тұрғыдан дайын болуы керек. Ұл бала дүниеге келгенде өмірге атұстарымыз келді деп қуанатын әр ата-ана баласы ер жеткенде оның ел қорғаны бола алатындай дәрежеде қалыптасып, білімді де, білекті болуын қаласа қатарынан қалдырмай, әскер қатарына жібергені дұрыс. Естеріңізде болсын, әскерге барған бала өмірге үш үлкен есікті ашады. Бірінші, жоғарғы оқу орны. Себебі, әскери борышын өтеп келген балаға кез келген мамандықты игеріп, студент атануына есік ашық. Екінші, болашақ жұмысы дайын. Қандай жұмысқа тұрсаңыз да, әуелі әскери билеті бар маманды бірден жұмысқа қабылдайды. Үшінші, адамзатқа тән абырой деген есікті ашып кетеді. Әскерден келген азамат өмір бойы абыройлы, ортасына сыйлы, дос-жарандарының арасында беделді болады. Сондықтан әскерден жалтармай, әрбір азамат Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті, – деп азаматтардың намысын қайрай түсті.

Сала мамандары айтып өткендей, жастардың әс­керге баруға ниетті болуы алдымен отбасындағы тәрбиеге, ұстазға, одан қалды қоғамға байланысты. Осы тұста «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ежелгі қағиданы берік ұстанған, Отанды қорғайтын жастардың қатары қайта көбейетініне сенім мол.

Әсел РЗАЕВА

27 сәуір 2024 ж. 288 0