Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Біздің міндет – халыққа қызмет

Біздің міндет – халыққа қызмет


Халықпен етене жұмыс жасап, құжаттарды уақытылы тіркеп, сапалы қызмет көрсете білу қай кезде де маңызды мәселе. Өйткені құжатсыз қиыс қадам басу мүмкін емес. Осы бағытта, әрбір келген тұтынушы үшін жағдай жасалынып, жұмыс жүйесі жақсы ұйымдастырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметі әрқашан маңызды. Бұрын бір анықтама немесе бір өтінім беру үшін ұзын-сонар кезекке тұрып, кабинет жағалайтын жұртшылық, енді осы жерден барлық құжаттарын бір демде реттеуге мүмкіндік туды. Жалпақ тілмен «бір терезе» аталатын орталықта халыққа қызмет көрсету ісін жетілдіру бағытында нендей жаңалықтар бар? Жаңақорған ауданы халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Сермұхамед Серікбайұлымен осы сауалдар төңірегінде сұқбаттасқан едік.


– Сермұхамед Серікбайұлы, халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа форматтағы жұмысы туралы айтып берсеңіз?
– Биыл сәуір айынан бастап ком­мерциялық емес «Азаматтарға арнал­ған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ком­мерциялық емес акционерлік қоға­мы құрылғанын жақсы білеміз. Содан бірнеше мемлекеттік кәсіпорын қайта құрылып, корпорацияның құрамына енді. Жақында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы үш мекеменің негізінде құрылды. Олар – Халыққа қызмет көрсету, Зейнетақы төлеу, Жылжымайтын мүлік және Жер кадастры мен тіркеу орталықтары. Бүгінде аталмыш мекемелерге барып, өздеріне керекті құжат алмаған адам жоқ шығар. Олардың әрбір тұтынушының сұранысын қанағаттандырып, қызмет көрсету барысындағы жұмыстарының ауқымы кең.
Сонымен қатар халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тәр­тібі де жаңа форматқа көшті. Жаңа формат азаматтардың кезекке тұ­рып, шоғырлануын болдырмайды және уақытын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Енді азаматтар фронт-офистерде тек қағаз жүзінде көрсетілетін 100-ге жуық қызметтер мен egov.kz арқылы рәсімделген өтініштердің нәтижесін ала алады. Бүгінгі таңда электронды үкімет порталында барлық мемле­кет­тік қызметтің 80%-дан астамын қазақстандықтар өз үйінен немесе жұмыс орнында отырып-ақ алуына болады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болса болғаны. Қазіргі уақытта ЭЦҚ-ны да egov.kz порталында алу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ кейбір қызметтер мен сервистер­ді ЭЦҚ-сыз, бір реттік құпиясөздің көмегімен алуға болады. Ол үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу қажет. Электронды түрде қолжетімді қызметтерді азаматтар өздігінен egov.kz порталында, eGov mobile, EgovKzBot2.0 мобильді қосымшаларының, Facebook және Вконтакте әлеуметтік желілері чат-боттар арқылы да ала алады.
– Қарапайым халыққа қызмет көрсету орталығы «Бір терезе» арқылы нендей көмек ала аламыз?
– Мекемеміз Қазақстан Республи­касының заңнамасына сәйкес, мем­лекеттік қызметтерді көрсету тәртібі мен мерзімдері бойынша сапалы және жан-жақты қызмет түрлерін көрсете алады. Сонымен қатар қызметкерлеріміз қажет­ті құжаттар пакетін қалыптастыруға және өтініш нысандарын толтыруға жәрдемдесу, сонымен бірге электронды үкімет порталы, eGov mobil, видеоцон қосымшалары, @kenes1414bot телеграм боты, «ХҚКО» қосымшалары арқылы қызмет көрсетудің баламалы тәсілде­рін түсіндіреді. Мамандарымыз 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтардан келіп түскен өтініштер бойынша да қызмет түрлерін көрсетуде. Бүгінгі таңда Қазақстанның мемлекеттік қызметтер тізілімі 1354-і қызмет көрсетуден тұрады. Олардың 1268-ін «Азаматтарға арнал­ған үкімет» мемлекеттік корпора­циясы арқылы, ал 214-ін электрондық үкімет порталында алуға мүмкіндік бар. Сондықтан біздің корпорация мамандары қазіргі таңда мемлекеттік қызмет көрсету саласын жетілдіру, озық технологиялар мен шешімдерді пайдаланып, мемлекеттік қызметтер алу кезінде әкімшілік кедергілерді барынша азайтып, «бір терезе», «бір өтініш» қағидаттарына көшу, жалпы айтқанда құжаттар топтамасын қысқартып, мемлекеттік қызмет көрсету уақытын барынша азайту мәселелерін үнемі зерделеп отырады.
– Орталыққа жүгінетін көпшіліктің дені көп талап ететін қызмет түрін айтып өтсеңіз?
– Орталыққа негізінен, жұмысқа орналасу үшін соттылығы бар немесе жоқтығы, «Наркология», «Психиатрия», «Фтизиатрия» орталықтарынан анық­тама, жұмыссыз ретінде тіркелу анықтамасы, шетел азаматтарының сәйкестендіру нөмірін алу. Электронды цифрлық кілт алу қызметтері, автокөлік, жүргізуші куәлігін рәсімдеу, баланы балабақша кезегіне тіркеу, жаңа туған нәрсетеге куәлік алу, жәрдемақы тағайындау қызметтері және де басқа көптеген қызмет түрлерін алуға келеді. Сонымен қатар бүгінгі таңда «ХҚКО» мобильдік қосымшасы арқылы мемлекеттік қызметке тапсырыс беру қолжетімді. ЦОН қосымша арқылы арнайы қызметкермен бейнеқоңырау арқылы электрондық цифрлық қолтаңба және де көптеген қызметтерді алуға болады.
– Алдағы уақытта орталықтың жоспарлаған жағымды жаңалықтары бар ма?
– Халыққа қызмет әрқашанда мерейлі міндет болып табылады. Осы орайда, атқарып жатқан қызметтеріміздің сапа­лы, әрі мақсатты болуын көздеп келе­міз. Сондықтан жұмысымызды халық­қа барынша қолайлы ету мақсатын­­да көптеген қызметтерді жоспарлау­да­мыз. Яғни, корпорация процестер­ді автоматтандыру, түрлі сервистерді, оның ішінде өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарына қолайлы жағдай жасауға бағытталған жаңа қызмет көрсету форматтарын енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде. Алдағы уақытта мемлекеттік корпорациясының алдында әлі талай ауқымды істер мен жұмыстар жетерлік. – Халықты жан-жақты қолдау мақсатында атқарып жатқан қызметтеріңізге абырой, жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.
– Қалай ойлайсыз, біздің азаматтар осындай өзгеріске, яғни жаппай цифрлануға қаншалықты дайын?
– Әрине, осыдан біршама уақыт бұрын елімізде төтенше жағдай орын алып, пандемияның салдарынан жаңа ережелер пайда болды. Қиын-қыстау кезеңдерде «Азаматтарға ар­налған үкімет» өз қызметін тоқ­татпай, қашықтан жұмыс істеді. Атап айтар болсақ, «Электронды үкімет» бағдарламасындағы электрондық қыз­меттер, яғни түсінікті тілмен е.gov.kz сайтындағы жаңашыл істер алға басуда, яғни халық арасында үлкен сұранысқа ие қызмет түрлері соның ішінде автоматтандырылған. Азаматтар өз үйінен шықпай-ақ интернет желісі арқылы электрондық цифрлық қол­таңбаны пайдалана отырып, элек­трондық анықтамалар мен басқа да электрондық қызмет түрлерін осы аталған порталдан ала алады. Айтқым келгені, «Электрондық үкіметті» қол­данудағы мүмкіншілік зор. Егер е.gov.kz сайтын пайдалануда мағлұмат аламын десеңіздер кез келген қызметкеріміз жауап беруге дайын.
– Шынын айту керек, біз электронды қолтаңбаны пайдалануға дағдылана алмай келеміз. Онымен уақытты екі есе үнемдеуге бола ма?
– Иә, біріншіден, уақытты үнемдей­міз. Екіншіден, құжат беру рәсімдерін оңтайландырамыз. Бұрын қандай да бір анықтаманы алу үшін бір меке­меден екінші мекемеге шапқылау­мен болдық. Оның үстіне ұзын-сонар кезекті тағы қосыңыз. Қазір мұның барлығы артта қалды. 2022 жылы қызмет көрсету бағытында аудан тұрғындарының «Электронды Үкімет» порталын пайдаланудағы компьютерлік сауаттылығын арттыру және e-gov бұрышының жұмысын жоғары деңгей­ге көтеру үшін іс шаралар жоспары жасалып, жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылды және электронды қызметтер жүйесін одан әрі жетілдіру жолында жұмыс жасап келе жатырмыз. Мәселен, жыл басынан бері 9080 құжат қабылданып, 10819 дайын құжат өтініш иелеріне табысталды. Ал, өзіне-өзі қызмет көрсету секторында 28367 тұрғынға кеңес беріліп, 28103 қызмет көрсетілді. Электронды үкімет төлем шлюзі арқылы 895740 теңгеге төлем жүргізілсе, 249 жүргізуші куәлігі берілді.
– Тұрғындардан арыз-шағым түскен жағдайлар болды ма?
– Егер азаматқа қызмет сапасыз көрсетілген болса, ХҚКО-да тұрып-ақ 1414 нөмірі бойынша қоңырау шалуына болады, орталықтың мамандары қоңырау шалушыны камера арқылы анықтайды және оны бақылай отырып, жедел түрде шағымның мән-жайын анықтап қана қоймай, қызметтің соңғы нәтижеге дейін жетуін қадағалап, себептерін жою үшін шаралар қабылдайды.
– Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үкімет тарапынан көптеп көңіл бөлінуде. Құжат дайындауда осындай жандарға қандай да бір жеңілдіктер бар ма?
– Сіздің бұл сұрағыңыз өте өткір мәселелердің бірі, қазіргі уақытта мүгедектерге қызмет көрсету ең ал­дыңғы кезекте тұр. Біздің орталыққа мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен азаматшалардың отбасы мүшесі, туыс­тық қатынасын білдіретін қам­қоршысы не жақындары және т.б адамдар Call-орталыққа (Республиканың барлық аумағында барлық абоненттер үшін тегін болып табылатын) 1414 нөміріне хабараласып, арнайы өтініш қалдыруға болады. Ол жерде отырған мамандар біздің облыс орталығындағы ХҚКО-на хабарласып өтінім нөмірін береді. Сол өтінім бойынша біздің қызметкерлері барып қызмет көрсетеді. Мәсе­лен, біріңғай байланыс орталығына қоң­ырау шалып өтініш білдіру арқылы мүмкіндігі шектеулі тұлғалардан 65 өтініш қабылданып, өтініштер қанағат­тандырылды.
– Сермұхамед Серікбайұлы, сіздің атаулы қызметіңізден бөлек, аудандық мәслихатқа депутат болғаныңызды білеміз. Сіздіңше, халық пен депутаттың жақындығы қандай?
– Халық өзінің мұң-мұқтажын билік­ке жеткізу үшін бірінші кезекте бізге хабарласып, өтініш, тілектерін айтып жатады. Ел арасында қордаланған мә­селелерді шешуге қолымыздан келгенше атсалысып келеміз. Осы арқылы билік пен халықтың арасына алтын көпір орнатуға жұмыс жасадық, жасап та келеміз. Қай кезде болмасын тұрғындардың көтерген мәселесі ешуақытта да назардан тыс қалмайды. Барынша, қолдан келген­ше оңды шешуге құзыретті органдар арқылы бірлесе еңбек етіп жатырмыз. Мақсат – елге қызмет етіп, елге берген уәденің үдесінен шығу.
– Өмірлік ұстанымыңыз?
– Менің өмірлік ұстанымым – жауап­кершілікті бірінші орынға қою, ұжым­да өзара сыйластық қарым-қатынас­ты дамыту, мейірбандылыққа тәрбие­леу. Өйткені мейірім мен жақсылықты көре білген адам ғана басқаларға соны сыйлай алады. Мейірімді адам қай­ырымды қоғамның негізін қалайды. Қайырымды адам – зайырлы мемлекет­тің темірқазығы. Қайырымды іс істеген адамның шапағатын ел көреді. Ендеше жақсы істеріміз көп болсын!
– Әңгімеңізге көп рахмет.

Әсел РЗАЕВА
05 мамыр 2024 ж. 286 0