№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Азамат әскерден қалмауы тиіс

Азамат әскерден қалмауы тиіс

Аманжол Әбдіхамитұлы - жас ақын, “Ойлана жүр” жыр жинағының авторы. 2000 жылы қыркүйек айының 4-жұлдызында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жаңақорған кентінде дүниеге келген. №163 орта мектепті үздік аяқтап, 2017-2018 жылдары Алматы полиграфия колледжінде “оператор дизайнер” мамандығын алды. Еңбек жолын Алматы полиграфия колледжінде цех лобаранты болып бастады. 2019-2020 жылдары Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің “Шекара” қызметінде ат баптаушы атқыш (кавалерист стрелок) қызметінде болды. 2020-2023 жылдары Жаңақорған ауданында ДК “Jana_brend” фото студиясын ашып, халыққа компьютерлік қызметтер ұсынды. 2023 жылдың тамыз айынан бері Жаңақорған ауданы “Қоғамдық даму бөлімінің” жастар ресурстық орталығында “жастар маманы” болып жұмыс жасап келеді.


   2019 жылдың 29-наурызы. Бұл күн менің өмірімді толықтай өзгерткен әскери тәртіпке толы қатал өмірдің есігін айқара ашқан күн. Әскери өмір. Нәзік жүрегі жыр деп соғып, ақындық ауылдың есігінен сығалауды мұрат тұтқан қиялшыл жігіттің жігерін жаныған бір жыл.

Адам – бір жылдың ішінде біраз жетістікке жете алады. Ал мен бәрін жиып қойып екінің бірі жүрегі дауаламайтын, әскери қатал өмірді таңдадым.
Бәзбіреулер айтатын «бір жыл уақытың текке кетеді, тек таяқ жеуден басқа түк те жоқ» – деген стереотиптерді теріске шығаруды мақсат тұттым. Тыныш заманда тынымы жоқ әскер қатарында да қара қалам мен ақ парақты серік етуімнің бір себебі осы болды. Оның да жолы жеңіл емес екен. Көптеген өлеңдерімді дерлік бой тасалап жүріп жазғанымды да жасырмаймын.

Әскердегі алғашқы үш айым Шығыс Қазақстандағы Күршім жерінде, 2535 әскери бөлімінде өтті. Біз бір ротада 150 сарбазбыз. Ал оқу орталығында дәл сондай 4 рота бар. Бір ротада бірнеше бөлімшелер бар. Мен 2-ротаның2-бөлімшесінде қызмет еттім. Бір күні 2- бөлімшенің 10 сарбазы Оқу орталығының 500 сарбазына түскі асқа, үстел дайындауға жіберілдік. Сол мезетте ойыма қара өлең құйыла кетсе бола ма.

Қолында қағазы жоқ ақын ұрыс алаңында қаруы жоқ сарбаз сынды. Жан-жағыма елең ете қарап, төс қалтамнан сиясы ағуға әзер қалған қаламымды алдым. Енді қағаз табу керек. Жолдастарымнан сұрасам ешкімде жоқ. Асханада қағаз бен қалам кімге керек болсын. Көзіммен айналаны бір шолып өтіп, анадай жерден ұн илеп жатқан апайларымды байқадым. Бірден ұнның қабында тұратын кішкене қағаз болатыны ойыма орала кетті. Жүгіріп барып үлкен арманым орындалғандай, қағазды алып жаза жөнелдім.

Күршімде жүргенімде өзім қызмет еткен екінші ротаның барлық сарбазы дерлік менің қойын дәптерімді оқуға таласатын. Мұнда бос уақыт көп, әркім өзіне ермек іздейді. Бірі шахмат, дойбы ойнаса біреулері бос уақытында бой тасалап темекі не насыбай атуға әуестенетін достарым да аз емес-ті. Олардың бұл жаман әдеттері туралы өрнектеп жазған өлеңдерім кәдімгідей әсер етіп қарулас бауырларым бұл қылығын мүлде қойып кеткені жүрегімді қуанышқа бөледі. Қара сөздің осындай құдыретін алдымен өзім мойындадым. Адамның уақыты көп, жасарға ісі болмағанда бұрыс жолға түседі. Сондықтан басшылыққа өтініш жасап, концерттік бағдарламалар ұйымдастыруға рұқсат алдым. Бірақ бұрын студент кезімде атқарғам жұмысым қиынға соқпады. Өнерімді бағалағаны болар, туған күн, не мерекелік шараларда басшылықтың маған сенім артуы төбемді көкке жеткізді.

Біздің екінші рота Күршім ауылының толық дерлік тазалап шығатынбыз. Бес жүз сарбаз бір кезекпен өтіп-ақ ауыл ішінен өтетін сарқырап аққан бұлақты, жылғаларды тап-тұйнақтай етіп, шөптерді шауып жинайтынбыз. Бұл тазалық жұмысы туған жерді қастерлеуге үйрететін игі іс екен ғой, шіркін.

Оқу орталығында таңғы алтыда тұрып, төрт-бес шақырым жүгіріп ақ теркөк тер болып жаттығу жасайтынбыз. Жаттығудан соң таңғы ас. Ал тамағына келсек өз басым әскерден бұрын студенттік ашқұрсақ өмірден келген соң ба әскердің уақытылы және құнарлы тамағы жеміс-жидектер, айрансүт, май, жұмыртқа түрлі сусындары көңілімізді толтырды. Әскери ант қабылдау салтанатына қатысуға келген анам екі беті томпиған қара баласын танымай қызық болды.

Мені о баста Шымкентке не Жаркент қаласына жіберетін болған. Өзім сұранып шет жаққа жіберуге өтініш білдірдім. Мақсатым – орысша үйрену еді. Бұл мақсатым орындалмады. Өйткені қазір қазақ тілі басымдық алғаны сондай әскерде орыс жігіттері түгілі, немісіңе дейін қазақша сөйлейді. Сөйлеттік те. Офицерлер мен сержанттар да қазақша сөйлейді. Сосын кімге қарап, кіммен сөйлесіп үйренесің?

Біз Алматы қаласынан Күршімге қарай 2019 жылы 29 наурыз күні жол тартқан болатынбыз. 2020 жылдың 14 наурызында бізді Күршімдегі үш ай дайындық мектебінен кейін Тараз қаласындағы Саду Шакиров шекара басқармасына, одан кейін бес айға жетер-жетпей мені Қордай елді мекеніндегі Қордай шекара заставасына ауыстырды.

Сарбаздардың асыға күтетін 100 күндігі де басталды. Осы күннен «молодойлар» алдында ұқыпты болып жүрдік. Қарамағымызға бос уақыттарымызда бірнеше молодой беріп қоятын. Оларға тапсырма беріп, қадағалап жүретінбіз. Олар да бізді аға тұтып, бауыр басқан қимастық сезім бар, сіздер кетсеңіздер қалай болады екен, сіздерге үйреніп қалдық десе марқайып қаламыз. Әскерде ұялы телефон ұстатқызбайды. Десе де беделімді пайдаланып Алматы қаласындағы Жұмахан нағашыма қалдырып кеткен телефонымды таксистер арқылы заставаға алдыртып алдым. Ия, бұл жақта да осындай еңбегіңе қарай еркіндеу боласың.

Білесіз бе, зіңгіттей-зіңгіттей жігіттер өз отанының алдындағы борышын өтеуден қашып, түрлі сылтау айтады. Ал мен әскерге өз еркіммен келіп, бойда бар қарым-қабілетім мен қадірім артып, мағыналы минуттарымды сезіне алдым.
Күнде кешкісін кибрде отырып топтағылармен алдағы жоспарларды бөлісеміз. Жүректерде сағыныш та бар. Кейбір жүректер сүйгендерімен кездескісі келіп сол күнді қатты күтіп, біреулер сүйікті жұмысына не ортасына асығып тұрады. Ал мен ата-ана, бауырларымды қатты құшақтап қысуды, ата-ана мейірімін сағыныппын.

Бүгін 15 наурыз. Тағы да күндізгі қызметтемін. Шолғыншы (дазор) нарядындамын. Таңертенгі 9-дан 17.00-ге дейін біздің застава аймағын түгел шолып шығуымыз керек. Бұл деген 45-50 км аумақты жаяу жүріп өту. Шекарашылар үшін бұл түк те емес. Аралап жүріп уақытты ұтымды пайдаланып ағаштар мен судың жағасында демалып та алатынбыз.
Молодойларымыздың кителінің ара­сына тығып алып шыққан яшкино тәттілері мен қоймадан алып шыққан айранды, ішіп алатынбыз.

Мына төмендегі туындым Саду Шакиров шекара заставасында қызметте болғанымда жазылды. Елімізде Шекара қызметін құру 1992 жылы 18 тамызында қолға алынды. Мемлекеттік шекара – тәуелсіз әрбір мемлекет үшін басты құндылық, шекарашы сарбаздар сол баға жетпес құндылықтың мызғымас қорғаушылары. Жыл сайынғы әдет бойынша 18 тамыз – шекарашы батырлар үшін ерекше мереке. Әлбетте үлкен мерекелік шаралар мен мерекелік ертеңгіліктер ұйымдастыру менің мойныма жүктелді. Мен сонда да осы өлеңімді Оразалин деген сарбаз досымның домбырада «Қазақ осы» әніне салып сүйемелдеуімен шекарашылар алдында өзім орындадым. Бүгін осы жүрек сөзімді әскер жасындағы бауырларыма бааспасөз бетінде жариялауды жөн көрдім.

Шекарашыларға арнау

Біз сарбазбыз қорғап жүрген отанды,
Отан десе жас жүрегім от алды.
Бар өмірін арнап жүрген жандар бар,
Қорғау үшін қару алып отанды.
Біз сарбазбыз, тәуелсіздік жаршысы,
Асығының түскен оңға алшысы.
Ұйқы көрмес қырағы көз сарбаздар -
Ақталсын деп маңдай тердің тамшысы
Байрағында бейнеленген қыраны,
Күзетеміз біз отанды қырағы.
Ел күзету жер күзету ісінде,
Ең бірінші шекарашы тұрады.
Батырлардың мұрагері біз деген,
Жүріп келем солар салған ізбенен.
Ұлы дала қорғанына айналған,
Біз боламыз шекарашың іздеген!
Тыныштығын күзеткендер халқының,
Бөгет болмас ыстық, суық, салқының.
Қару алған тыныш мынау заманда,
Ұлы дала шекарашы батырың!

Мақпал Марқабай
20 қазан 2023 ж. 273 0