» » Бозөкпе өрендердің виртуалды өмірі

Бозөкпе өрендердің виртуалды өмірі


Ақпараттық технология ұлттық құндылықтар жүйесін жермен-жексен етіп, бозөкпе өрендерді виртуалды өмірге еліктіруде. Ондай жастарға ата-бабаның аманаты қызықты емес. Әсіресе, ұлтқа ана болатын қыздарымыздың ғаламтор әлемінің сиқырына арбалуы қазақы болмысымызға қиянатпен бірдей болып тұр.


Осындайда «Қыз бала тәрбиесі – халықтың ең қымбат байлығы», «Қызды тәрбиелегенің – бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген бабалар сөзі еріксіз ойға оралады. Түсінген адамға бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Қазақтың «Бір ұл тәрбиелесең бір әулетті тәрбиелегенің, бір қыз тәрбиелесең бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген сөзінен де қыз тәрбиесінің салмағын білуге болады.
Қызды тәрбиелей отырып ұлтты тәрбиелейтін қазақ соңғы уақытта бойжеткен тәлімінен көз жазып қалуда. Оған себептер көп. Соның бірі ВКонтакте әлеуметтік желісінде оқушылар отыратын «Признавашки» деп аталатын топ бар. Онда мектеп оқитын ұл мен қыз бір-біріне көңілдерін білдіреді. Дәлел ретінде осы желіде «Признавашки Кызылорда» деп аталатын топты аша қалсаңыз админнің «Мұнда сіз ішіңізде сақтап жүрген ыстық сезіміңізді жасырын түрде білдіре аласыз», «Ұнатқан адамыңызды табуға ықпал етеміз», «Қызықты жайттарыңызды жаза аласыздар» деген және «Алға», «Бәріңізге сәттілік», «Бәрі жасырын түрде», «Біздермен өте-өте Қызықты» деген секілді қатар-қатар жарнамадан көз сүрінеді.
Ал желіде жазылған пікірлерді оқысаңыз санаңыз сан саққа жүгіреді. Мәселен, «Бақытты болыңдар», «Үйлену оңай, үй болу қиын», «Офиске көмекшілер кажет. Стаж керек емес. Кез келген салада оқытып, үйретіп аламыз», «Пиардың иісі шығып жатыр ма қалай?» деген сияқты не мағынасы, не салмағы жоқ сөздерді тағы көзіңіз шалады.
Одан әрі бойжеткен қыздардың қысылып-қымтырылмастан жігіттер­ге көңіл білдіруі, тіпті бір жігітке таласқан қыз-қырқынның тартысынан бетіңізден отыңыз шығады.
«Баланың көңілі далада» дегендей, жауқазындай өсіп келе жатқан ұлыңыз не қызыңыз аталмыш топқа тіркелді делік. Ал байғұс әке-шеше бұдан бейхабар. Ұялы телефонды бауыр еті баласына өзі сатып алып беріп, аман-саулығын бiлiп отырғанын көңілге тоқ санар ата-ана оны одан басқа қандай мақсатта пайдаланатынын сірә білмес. Өйткені бала қалтафонын үнемі қасынан тастамайды. Тіпті түнгі уақытта жастанып ұйықтайды.
Кейде заманауи техниканың дамуы адамдарды немқұрайлыққа, менмендікке, жалқаулыққа тәрбие­леп бара жатқандай көрінеді. Көшеде, көлік ішінде, тіпті кез-келген ортада өзге әлемнен бейхабар алақандай экран бетіне үңілген жұртты көресіз. Тіпті, кішкентай сәбидің өзі де ұялы телефонға құмартып тұрады. Бөпелеріміз бесік жырының орнына батыстың даңғаза әуеніне тербеліп ұйықтайтын болды. Заманында шыққан техника, оны пайдаланса не болыпты дейтін ата-аналар да кездеседі. Өзге елден еніп, салт-дәстүрден алшақтатқан техникаға соншалықты тәуелді болып, орынсыз пайдаланатын баладан осындайда не күтуге болады?

ТҮЙІН. Желідегі байланыстың желдей есіп жүріп, жастар психикасына кері әсер етуі кілкіндей жауқазындарымыздың ақыл-есін бала жастан түрлі ауытқушылықтарға ұрындырып жататыны уақыт өте келе айқындалып келеді. Бұған дер кезінде тоқтам жасауымыз керек. Сондықтан әрбір әке-шеше перзенттерінің басқан қадамын бақылауда ұстап, смартфонда қандай әлеуметтік желіге тіркеліп, қандай ақпараттар оқитынын қадағалап отыруы керек. Баламен кішкентайынан еш сыр жасырмай сырласып, ұқыптылықққа үйретсең жеткіншек сол нәрсеге дағдыланады. Ал ұқыптылықты бойына сіңірген бала жат қылыққа бармасы анық.

Лаура БИБАСАРОВА
19 ақпан 2020 ж. 547 0