№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қыз отбасының да, Отанының да шамшырағы

Қыз отбасының да, Отанының да шамшырағы

«Қызды тәрбиелегенің – бір ұрпақты тәрбиелегенің», – деген екен ата-бабамыз. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Қыз болашақ ана. Ананы сыйлау, оның ішінде, жаңа түскен жас келінді құрметтеу салт-дәстүріміздің бір көрінісі.

Ұрпағымыздың бойына ұлттық тәрбиені, иман­дылық қасиеттерді сіңірсек, халқының әдеп-сал­тын жақсы білетін, ата-анасын сыйлайтын, ел үшін еңбек ететін ұрпақ тәрбиелеген боламыз. Қыз баланың ары мен абыройы, сыры мен сымбатын сақтауы, келешек өміріне даярлығы әрқайсысы өз алдына дербес тақырып. Халқымызда «бір ұл тәрбиелесең бір әулетті тәрбиелегенің, бір қыз тәрбиелесең бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген дана сөз бар.
Ата-бабаларымыз қызды қонақ деп есептеп, барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған. «Қыз – өріс, ұл – қоныс» деп білгендіктен өрісін кеңейтер қыз балаға айрықша көңіл бөлген.
«Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» дей отырып, «қызға қырық үйден тыйым» жасап, қыз тәрбиесіне маңыз берген. Осы тұста қыз тәрбиесіндегі жеңге рөлі де көзден таса болмайды. «Қызы бар үйдің жеңгесі сүйкімді келеді» деп тұжырымдаған. Өйткені әке-шешеге айта алмайтын сырды жеңгеге жеткізеді. Қыздың балғын болмыс-бітімі мен тәрбиесінің басы-қасында аяулы жеңгелер жүреді. Жеңге – ару ар-ұятының сақшысы. «Күйеу жаман болса қызыңнан» деп нәзік жандылардың намысын жанитын қазекем тағы да «Қызды күте алмаған күң етеді, жібекті түте алмаған жүн етеді» деген.
Қыздарымыздың асыл қасиеті, жан-дүниесі нәзік, адал махаббат иесі болғандығын, дәулетке, байлыққа, жиһазға қызықпағандығын жыр-дастандардан білеміз. Қазақ қызы махаббат атты асыл сезімді айрықша қастерлеп, аялаған. Сүйген адамымен қол ұстасып бірге жүрсе, тіпті қатықсыз қара көже ішсе де бақыттымын деп, санаған.
Қазақтың батыл қыздары ақын қыздары, ақылды қыздары ұлтты тәрбиеледі. Пәрәнже сәтір кимеген, сөйте тұра еркіндік пен есерліктің ара жігін ажырата білген парасатты, тапқыр, төзімді, өнерлі, шашын төбесіне түйіп жауға шапқан батыр қыздар осы біздің қазақ халқында болған. Сол адамдық қасиеттерді бойына сіңіре білген жандардан тараған ұрпақ ақыл мен алғырлықтың бүкіл бітім-болмысын одан да артығырақ жақсартады.
Қыз өсіру гүл өсірумен бірдей! Әр ата-ана өз қызын өнегелі етіп өсіруге бар күшін салады.
Өткенге қарап отырсақ, кеңес заманында ата-ана қыздарын жақсы келін болуға емес, әр саладағы жақсы мамандары болуға көп баулыды. Мұның өзі отбасындағы жарасымдылыққа жік түсіргенін жасыруға болмайды. Меніңше, қыз отбасының да, Отанының да шамшырағы. Болашақ ұрпақтың рухани несібесі бүгінгі қыздарымыздың қолында. Қыз – Ана тілінің анасы, қоғам қайраткері, әйелсіз ешбір қоғам алға баспайды. Қыз тәрбиесі тек әке мен шешенің ғана емес, ағайын-туыстың, бүкіл ауылдың, қоғамның мәселесі болуы тиіс. Дені таза, ширақ туып, ширап өскен, сіз-бізбен тілі шыққан, ата-анасын, ағайын-туысын, үлкенді сыйлап өскен ұл мен қыз халқымыздың болашағы, қоғамымыздың тұтқасы болмақ. Қыздар – ұлт анасы! Осы бағаға лайық болыңыздар! Ұлт тағдыры қыздарға байланысты екенін ұмытпаңыздар, қазақ қыздары. Болашаққа қамқоршы болыңыздар. Алла тағала қолдаса, бүгінгі қазақ қыздары елін, жерін қорғайтын балуан, батыр, ұрпақтың асыл анасына айналарына сеніміміз мол. Қазақтың аяулы арулары бүгінді ғана ойламай, келешек ұрпақты да ойласа деймін.

Әзия ҚЫСТАУБАЕВА.
15 тамыз 2019 ж. 1 217 0