Жасампаз дамуымыз - жақсының қолында
Адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Қанша білекті, жүректі болсаң да қоғам басына түскен сын қатер сені айналып өтпейтіні белгілі. Осындайда бойындағы қажыры мен қайратына сенген атпал азаматтарымыз өз отбасының, үрім-бұтағының ғана емес, туған ел-қараорманының қорғанына, тірегіне айналып, үнемі елдің алдыңғы сапынан табылары рас.
Бүгінде келісті кәсіби көкжиегімен кемел биіктерді бағындырып үлгерген үлкен жүректі азамат Әбдіхан Шайықов ағамызды нақ осындай тұлға деуімізге әбден болады.
Құндылықтың қай түрі болмасын жоғары талғамға негізделген талаптың деңгейімен өлшенеді. Осы орайда ширек ғасыр көлемінде ағайынды Шайықовтар әулетінің Сыр бойының экономикалық әлеуетінің дамуына қосқан айрықша қолтаңбасы халықтың көз алдында қанат жайып, ілгері қарыштап келеді. Кеңес өкіметінің өнегесімен кесімді жалақыны қанағат тұтып, үйреншікті үлгіден үзеңгі ажыратуға батылы жетпейтін жігерсіздік талайдың қадамын тұсап, тығырыққа тірелген тұста өз қажыр-қайратына сенген тарланбоздар тәуекелге мініп, табандылығын таяныш ете білді. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында өзгеге емес, өз күшіне сенгеннің тынысы кеңіп, қадамы баянды боларына кепілдік беретін нарық заңының нақышын аңдап, бел шеше іске кіріскен наркескен талап өз күшімен құрап, алыс сапарға сақадай-сай еткен «КамАЗ» автокөлімен сыртқа тауар тасымалдауды мұрат етті. Бұған дейін әскер қатарында шыңдалған, арнайы мамандық алып, аудандық автотранспорт мекемесінде ол алты жыл қызмет атқарған Әбдіхан Абдрашитұлының техниканың тілін жетік меңгерген тәжірибесі табанды талабына сенімді серпін берді. Жәрдемге бауырлары қосылып, қолы ұзарды. Аға-інілерін ұйымдастырып, ынтымақты тірлік жасауының арқасында әжептеуір табыс тауып, келешек жоспарларға жол ашыла бастады. Әйткенмен де, өзің қолға алған кәсіпте өнебойы қолың жүріп, пайдаға кенеле беруің екіталай. Тұралайтын да, тығырыққа тірелетін де тұстар болады. Бизнес баспалдақтарында бейнет аз болмайды, берекесі бір бөлек екен. Оған қалай қол жеткізуге болады? Мұның сырын өзі былай деп тұжырымдайды: "Кешегі күннің кесірлі саясаты иманымызды жойып, қасиет-қадіріміздің түп қазығынан айыра жаздаған жоқ па? Осындай үстемдік пиғылдың бұғауын үзуге қаймыққан жұрттың құран оқытып, батаға да қол жая алмаған көздері болды ғой.
Егемендік алып ес жиғаннан кейін осы кемшіліктің орнын толтыруға өзімше әрекет жасап, жағдайым оңалып, қолыма қаражат түссе алдымен ата-баба әруағын риза етуді алдыма мақсат етіп қойдым. Жатқан жерлеріне тәу етіп, алдымен Үсейін атамның қабірін өз қолыммен қайта қалап, топырағы мүжіле бастаған тұстарын биіктетіп, айналасын ретке келтірдім. Жанымда естияр болып қалған ұлым – Мақсатым күнде менімен еріп келіп, бабасының бейітінің кірпіштерін жарқыратып сүртіп, сәби жүрегінің жылуымен жарқын мақсатыма дем берді. Жан дүнием тазарып, күш-қуатым еселенгендей. Тірлігім оңынан жүріп, тұс-тұстан құралған табыстың тасқынын тіпті қалай игерерімді білмей басым қатқан жағдайға тап болғанда «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген сөздің растығына көзім анық жетті, – дейді бізбен әңгімесінде.
Жас кәсіпкер екі мыңыншы жылдары аудандағы «Мерей» және «Жігер» акционерлік қоғамына біріккен автотранспорт кәсіпорнын мемлекет қарамағынан жекеге сатып алып, жолаушылар тасымалымен айналыса бастайды.Алғашында 11 бағытта жолаушылар маршруты ескі автокөліктермен атқарылса, 2004 жылдары «Вираж Лизинг» автосалонымен тікелей байланыс жасап, су жаңа 16 автокөлік қатарға қосылды. 2007 жылы Германияның «Спринтер» автокөліктері сатып алынды. Бүгінде Жаңақорғаннан Түркістан және Қызылорда қалаларына қатынайтын және ауылішілік маршрут бойынша 50 орындық 6 автобус және 20-ға жуық «Спринтер», «Газель» автокөлігі жұмыс істеуде. Қалааралық және ауыл аралық жолаушылар көліктерінің жоғары сапалы қызметін қамтамасыз етуді мекеме басшысы қатаң назарда ұстап келеді. Оның бұл талапшылдығын білетін жүргізушілер көлік бұзыла қалған жағдайда оны толық жөндеп, тазалап, келесі рейске сақадай-сай тапсырып кетуге әбден дағдыланған. Ақау болған жерді өзі тауып беріп, қашан түйткіл шешілмейінше іс басынан кетпейтін құнтты басшының тәртібіне терең төселгендіктен болар жұмыс бабында түрлі сылтау-себепке жол берілген емес. Басшының өз кәсібінің білгір маманы болуының артықшылығы сонда, қарамағындағылармен еңбек қатынасында кінәратсыз талап тағынан таймайды, бұл айналып келгенде биік сапаны орнықтырады.
2010 жылдары мекеме басшысы орталықтағы автовокзал үйін жаңадан тұрғызуды қолға алып, екі қабатты сәулетті ғимарат салынып, кенттің айнасы саналар алаңқай ретке келтірілді. Автотұрақ алаңына жағалай орныққан «жабайы базар» ретке келтіріліп, жолаушылар мүддесіне аса қажет сауда орындары белгіленген ережеде мәдени қызметке бейімделді. Кәсіпкер азамат бұдан бөлек аудан халқының игілігіне 600 орындық «Орда» мейрамханасын пайдалануға берді. «Мақсат», «Сезім» кафелері тұрғындарға қызмет жасап тұр. Сол сияқты орталықтағы «Казпошта» мекемесі жанынан соғылған екі қабатты еңселі сауда үйі көріктігімен көз тартады.
Үлкен жүректі азамат осының барлығын үндемей жүріп атқарды. Артық сөзге жоқ істің адамы атқарған ісімен майын тамызып мақтанғанды да білген емес. Зәуіде жиын тойда сөз тиіп, микрофон қолына тисе оның «маған тост сөйлегеннен гөрі тойхана салып берген оңай» деп құтылатын уәжінен жан мөлдірлігі танылып тұрады.
Игіліктің қандайын да адамдық капиталды игілікке жұмылдыра білу, яғни жұмыла кіріскен ынтымақты тірлік шешеді. Қанша көп болса да жұмысты қаржы емес адам атқарады. Ең бастысы, қарамағындағылардың көңіл-күйі, ертеңге деген сенімі орнықты болмайынша істе береке болмайды.
Әбдіхан ағамыз бұл заңдылықты көңіл таразысынан ешуақытта тыс қалдырған емес, Бейнетіне төзіп, жұмысын беріле атқарғанды бауырынан да артық көріп жалақыдан бөлек бір атаулы күндерде көңілінің кең жайлауынан төгілген тосын тартумен таң қалдырар дағдысы да бар. Бұл да еңбегі адалдық ақысы. Маңдай тердің өтелгені.
Арлы адамның жазмышына алаңсыз тыныш өмір сүру жазылмаған. Әбекеңнің де әуелі әулеттің қамы, мұң-мұқтажынан мойны ешуақытта босаған емес. «Өзің өлтірмес, жат жарылқамасты» жаттап алған жақындарына жағдай жасау өз алдына, қолындағы барды айналамен бөлісіп, жалпы әлеуметке, елдегі жағдайы төмен отбасыларына жәрдем көрсетуді жалғастырып келе жатқан меценат аға жоқ-жітікке қолы қысқаларға қарасуды ешуақытта қаперден шығарған емес. Әртүрлі жағдайларда қарауындағы автокөліктерді мұқтаждарға тегін тұтынуына кеңдік танытып жүреді. Қалтасы қалың азаматтарымыздың осындай ғажайып табиғатымен жақсылық атаулыға жан бітіріп, қоғамды жасампаздыққа жетелеуге күш-қайратының жеткені қандай жарасымды. Бұдан олардың табысы кеміп қалмайды. Қайта тілектестер қатары артып, берген зекеті мен садақасының сауабымен берекеті толыға түсері кәміл. Ел халқының әлеуметтік хал-ахуалына тірек болып, көп жерде түйткілдің тарқатылуына тұғырлы талабымен тұтқа болып жүрген кәсіпкер азамат елдің саяси өмірінен де сырт қалған емес. Жақында ғана «Нұр Отан» партиясының аудандық өкілдігіне өз атынан үш жарым милион теңгеге қызметтік көлік тарту еткені соның дәлелі.
Еңбекқорлығы мен іздегіштігін ту етіп, жанын жалдап жұмыс істеуден жалықпайтын, болдым-толдым деп босаңсымай, табиғат берген қабілетінің арқасында ағайынның бірлігі, туған жердің тірлігіне жарап келе жатқан жаны асыл ағаның алдағы уақытта «Ауданның Құрметті азаматына» лайық қызметі көп көкейінен тек қолдау табарына сеніміміз нық.
Баян ҮСЕЙІНОВА,
ҚР Журналистер
Одағының мүшесі.
ҚР Журналистер
Одағының мүшесі.