
Достар, осы сұрақ туралы ойланып көрдіңіздер ме? Біз уақытты күн сайын пайдаланамыз. Бірақ оның неге дәл осылай өлшенетінін сұрай бермейміз. Мәселен, неге бір сағат 60 минуттан тұрады? Неліктен 100 емес?
Қызығы, бұл кездейсоқ таңдалған сан емес. Оның артында мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген өркениеттердің білімі мен тәжірибесі жатыр.
Біз қазір өмір сүріп жатқан әлемнің көп бөлігі ондық жүйеге негізделген. 10 сантиметр, 100 метр, 1000 шақырым, 10000 теңге. Барлығы 10 санына сүйенеді. Ал уақытқа келгенде ереже басқаша.
Мұның тарихы шамамен төрт мың жыл бұрын өмір сүрген вавилондықтардан басталады екен.
Олар санаудың ондық емес, алпыстық жүйесін қолданған. Яғни есептеудің негізіне 60 санын алған.
Неліктен дәл 60? Өйткені бұл өте ыңғайлы сан. 60 саны 2-ге де, 3-ке де, 4-ке де, 5-ке де, 6-ға да, 10-ға да, 12-ге де қалдықсыз бөлінеді. Сондықтан күрделі есептеу жүргізуге қолайлы болған.
Вавилондықтар астрономияны жақсы меңгерді. Олар жұлдыздың қозғалысын бақылап, уақытты есептеумен айналысты. Кейін олардың білімін ежелгі гректер қабылдап, одан әрі дамытты.
Сөйтіп уақытты өлшеудегі алпыстық жүйе мыңдаған жыл бойы сақталып қалды.
Бүгінде бір сағаттың 60 минуттан, ал бір минуттың 60 секундтан тұруының басты себебі де осы.
Қызығы, XVIII ғасырдың соңында Франция уақытты ондық жүйеге көшірмек болды. Жаңа жоба бойынша бір тәулікте 10 сағат, бір сағатта 100 минут, бір минутта 100 секунд болуы тиіс еді.
Алайда бұл жүйе халық арасында қолдау таппады. Адамдар ғасырлар бойы қалыптасқан өлшемнен бас тартуға дайын болмады.
Сондықтан біз әлі күнге дейін ежелгі Вавилоннан жеткен жүйені қолданып келеміз.
Кейде күн сайын қарап жүрген сағаттың өзінде бірнеше мың жылдық тарих сақталып тұрады.