№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » XXI ҒАСЫР ЖӘНЕ ЖАСАМПАЗ ҰЛТ

XXI ҒАСЫР ЖӘНЕ ЖАСАМПАЗ ҰЛТ


Ұлт ілгері баспаса, кейін басады. Алға жүрмеген, кейін – кері кетеді. Өмірде дамыл жоқ, дамуда – кідіріс. Сондықтан, біз үнемі қозғалыстамыз: бүкіл әлем, барлық ғарышта тапқан бағыт-бағдарынан адаспай, мәңгілік мұраты – мәңгілік қимыл-қозғалыс үстінде, салмағына қарай айқындаған жол кестесінен жаңылмай, бір-бірін, сосын – шексіз космос тұманы, шаң-тозаңынан құралған галлактикаларды айналады. Ғаламда бір орында қимылсыз тұрған аспан денесі немесе ғарыш нүктесі жоқ. Біздің өзіміз, біз өмір сүріп отырған Әлемнің табиғаты осындай.
Өмір сүру үшін өзгере білу керек Нұрсұлтан Назарбаев Тоқтаған, бір орында тұрған артта қалады. Қоғам да осы заңдылыққа бағынады. Іс-әрекетсіз, жоспарсыз отырған ел: әуелі – қиыншылыққа, сосын дағдарысқа ұшырайды. Соңы мемлекетінің құлдырауымен аяқталады.
Елбасы өзінің тұжырымдамалық мақаласында өзекті мәселелерді көтереді. Маңыздылығы, тегінде, мән-мағынасы нығыздалған үздік тақырыбынан аңдалады: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру».
Ұлт – бүкіл халықтық жоспары қолда, келешегін айқындаған даму бағыт-бағдары барда ғана тірі. Жоспарсыз ел – желкенсіз қайық тәрізді. Діттеген жеріне, аттанған сапар мұратына жете алмайды.

XXI ҒАСЫР: АДАМЗАТ АҚЫЛ-ОЙЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҢ АШЫҚ САНА-СЕЗІМІ
Дүние өзгерді. Адамзат біртіндеп ғаламзат болды. Жиырма бірінші ғасырда туған үйің, туған жеріңді ғана жақсы көрген аздық етеді, себебі, адамзаттың жалғызы – Жер, піл сауырлы Ғаламшар, ұлы планета – біреу ғана. Біздің ендігі туған үйіміз – өз кіндігін өзі айналып жүрген қара топырақты, күн шұғылалы, ай мүсінді Жер. Планеталық сана ортақ үйімізге төнген қауіп-қатер туралы дабыл қағады.
Бірақ, планеталық сана әр ұлттың өз туған жерін ғана емес, туған елін сүйген шексіз махаббат, терең сезімінен қалыптасады. Туған үй, алтын бесік сіздің туған жеріңіздің көрінісі болса, мемлекетіңіз – туған еліңіздің өзі.
Елбасының, елдің іргесін бекітіп, бейбіт өмір, тыныш қоғам¬ды сақтап, территориямызды белгілеуде, құжаттарын растауда, Астанамыздың жағрафиялық және саяси орнын дәл анықтап, жылдам көшіруде, елорданы тұрғызуда сіңірген еңбегі өте зор. Сондықтан, Ұлт жоспары сәтімен жалғасын тауып, бүгінде болашақтың бағыт-бағдарына айналып отыр.
Біз, толған-толысқан мемлекет ретінде, жүйелі ғұмыр кешіп келеміз. Іс-әрекетімізде кездейсоқтық жоқ.
Рас, кешегі алыптар Хандық дәуірде мекенімізді Отанға айналдырды. Біз Отанымызға шекарасы толық айқындалған мемлекеттік сипат беріп, қастерлі тәуелсіздікке қол жеткіздік.
Астана саяси орталық қана емес, қазіргі таңда бәсекеге қабі¬летті саяси-зияткерлік қала болды.
Көрмеген көруге асығатын, көрген кете алмайтын, ал кеткен ұмыта алмайтын шаһар.
Елбасы қазақ қоғамын, Қазақстан халқын біртұтастыққа, бейім¬ділікке шақырады, бәсекелестікте топ жарып озып шығуға үндейді, уақыт талабына сай, қашанда сергек, белсенді өмір сүруді халқымызға міндеттейді.
Елбасы өсиеті заман ағысы, дәуір тынысы қандай екендігін алға тарта отырып, қоғам мүддесіне, қазақ мұратына қызмет етуді насихаттайды.

БІЛІМ САЛТАНАТЫ: КӘСІПТІК СИПАТ ЖӘНЕ БЕЙІМДІЛІК
Білімсіз кәсіпті игере алмайсыз, кәсіпсіз бүгінгі нарықта ешкімге керегіңіз жоқ. Тәуелсіздіктің бір көрінісі – дамыған технология. Біреуге тәуелді, екіншіге кіріптар болмайсыз. Технология – ғылым табысы, ғылым – білімнің нәтижесі. Білім – білім культінен шығады.
Қазақ баласын жоғары оқу орындарына бастық болсын деп беретін заман өтті. Енді перзентіңізді бір немесе бірнеше кәсіпті меңгерген маман болсын деп оқытасыз.
Таяу жылдардағы міндеттердің ішінде ғылым да бар, білім де бар.
Қазір уақыт жылдам. Тез білім алып, тез мамандықты игермесеңіз, нарық Сіз меңгерген мамандыққа деген қажеттілікті жойып жібереді.
Прагматикалық көзқарас алға шықты. Өмірдің жылдамдығы артты. Қоғам да, нарық та, көзқарас та жаңарып тұратын мезгіл туды. Бір мамандық иесінен гөрі сан кәсіптің иесі болу күн тәртібінде тұр.
Енді өмір бойы оқитын боласыз, өмір бойы ізденетін боласыз.

ҚОРЫТЫНДЫ
Рухани жаңғырудың негізі – өзгермейтін ішкі өзек – рухани ұлттық код. Математикалық есептей кемел құрылған ой-сана теңдігі. Теңдеудің шешімі де бар. Қос ұғым, егіз түсініктің диалектикасы бізге өзгеріп тұратын өмір, әрекеттеніп жүрген қоғамды береді. Ақындардың жырларындай жалынды, әншілердің әніндей әсем, абыздардың сөзіндей анық.

Дидар АМАНТАЙ,
жазушы, философ,
«Егемен Қазақстан».
27 маусым 2018 ж. 1 113 0