№45 (8959) 16

16 маусым 2026 ж.

№44 (8958) 13

13 маусым 2026 ж.

№43 (8957) 9

09 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Атом дәуіріне қадам: Балқаш АЭС-ның пайдасы қандай?

Атом дәуіріне қадам: Балқаш АЭС-ның пайдасы қандай?


Қазақстан жаңа тарихи кезеңнің табалдырығында тұр. Ел тәуелсіздік алғаннан бері энергетикалық қауіпсіздік мәселесі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып келеді. Бүгінде халық санының өсуі, өнеркәсіптің дамуы, цифрландыру үдерісі және жаңа өндірістердің іске қосылуы электр энергиясына деген сұранысты бұрынғыдан да арттырды. Осыған орай елде тұрақты әрі ұзақ мерзімді энергия көздерін қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр. Сондықтан мемлекетте Балқаш атом электр станциясының құрылысын бастау қолға алынды. Біз осы бағытта ізденіп көрдік.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылы өткен жалпыхалықтық референдумда азаматтардың басым бөлігі атом электр станциясын салу бастамасын қолдады. Ал 2025 жылы жобаны іске асыруға қатысты нақты шешімдер қабылданып, құрылыс алаңы бекітілді. Көп ұзамай бас мердігер анықталып, дайындық жұмыстары басталды. Демек, атом электр станциясының салынуы жай ғана энергетикалық нысанның құрылысы емес, елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға, экономиканың тұрақты дамуына және болашақ ұрпақ үшін сенімді энергия қорын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫНЫҢ БАСТАУЫ

Көпшілік үшін атом энергетикасы біздің елде енді ғана қолға алынған сала болып көрінуі мүмкін. Алайда еліміздің бұл бағыттағы тәжірибесі жарты ғасырдан астам уақытты қамтиды. Мәселен, 1973 жылы Маңғыстау облысындағы сол кездегі Шевченко қаласында, қазіргі Ақтауда Маңғыстау атом-энергетикалық комбинаты іске қосылды. Оның құрамында әлемдегі ерекше реакторлардың бірі саналатын БН-350 жылдам нейтронды реакторы жұмыс істеді. Бұл реактордың басты ерекшелігі – бір мезгілде бірнеше маңызды міндетті атқаруы болды. Ол электр энергиясын өндіріп қана қоймай, Ақтау қаласын жылумен қамтамасыз етті және Каспий теңізінің суын тұщыландыру қызметін атқарды. Реактордың қуаты шамамен 150 мегаватт электр энергиясын өндіруге мүмкіндік берді.
БН-350 реакторы ұзақ жылдар бойы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қызмет етті. Алайда уақыт өте келе техникалық қызмет мерзімі аяқталып, 1999 жылы тоқтатылды. Кейін оны пайдаланудан шығару жұмыстары басталды. Бұл тәжірибе Қазақстанда атом саласының ғылыми базасын қалыптастыруға, мамандар даярлауға және ядролық технологияларды бейбіт мақсатта қолдану мәдениетін дамытуға мүмкіндік берді.


АЭС САЛУ МӘСЕЛЕСІ НЕГЕ ҚАЙТА КӨТЕРІЛДІ?

Қазақстанда жаңа атом электр станциясын салу мәселесі алғаш рет 1998 жылдан бастап қарастырыла бастады. Дегенмен жоба бірнеше рет кейінге шегеріліп отырды. Бұған экономикалық жағдай, қаржыландыру мәселелері және қоғамдағы пікірталастар әсер етті. Оның үстіне соңғы жылдары елдегі энергия тұтыну көлемі айтарлықтай өсті. Әсіресе оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығы байқала бастады. Кейбір аймақтар көрші мемлекеттерден импортталатын энергияға тәуелді болды.
Сондай-ақ, елдегі көптеген жылу электр станциялары өткен ғасырда салынғандықтан олардың бірқатарының жабдықтары тозып, жаңғыртуды қажет етеді. Көмірмен жұмыс істейтін станциялар атмосфераға көп мөлшерде зиянды қалдық шығарады. Сондықтан мемлекет энергия өндірудің жаңа жолдарын қарастыра бастады. Нәтижесінде атом энергетикасы тұрақты әрі ұзақ мерзімді шешім ретінде күн тәртібіне қайта шықты.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
16 маусым 2026 ж. 41 0