Әлем чемпионаты: 48 ел бір кубок жолында
Иә, әлем халқы асыға күткен төртжылдықтың басты футбол тойы басталды. АҚШ, Канада және Мексикада жалауы желбіреген футбол додасы биыл тартысқа толы болмақ. Өйткені ФИФА-ның 23-Әлем чемпионаты спорт тарихындағы ең ауқымды дода ретінде тіркелді. Бұған дейін ешбір мундиаль мұндай көлемде ұйымдастырылған емес. Кезінде екі мемлекет қабылдаған бұл бәсекені биыл үш мемлекет бірлесіп өткізіп отыр. Сондай-ақ алғаш рет 48 ұлттық құрама бақ сынайды, біздер әдеттегідей 64 емес, 104 матчтың куәсі боламыз. Биылғы аладоп бәсекесінде түрлі рекордтар тіркеледі, қуанышты жаңалықтар да аз болмайды. Өзекті өкініш өртейтін сәттердің де куәсі боламыз, ең бастысы, саяси ахуалдың ушығып тұрғанына қарамастан аман-есен өткізіп алу басты мақсат болып тұр.Шыны керек, футбол қазір әлемдік сахнада үлкен күшке ие. Бәсекесі де биік, көрермені де көп нөмірі бірінші спорт түріне айналды. Жалпылама айтқанда футбол тек спорт емес, бұл бір ұлттың абыройын асыратын бәсеке алаңы. Бір жағынан бизнес деп те қарауға болады, бірақ ұлттық мүдде мен жас таланттылардың тұғыры қашан да бірінші кезекке қойылады. Сондықтан дүниежүзі бұл спортты қатты құрметтейді.
Көрген де арманда, көрмеген де арманда демекші, биылғы бәсекені көруге жаһан жұрты Америка құрылығына аттанды. Ал, сіз бен біз елдің басты спорт арнасы «Казспорт» пен «Қазақстан» телеарнасынан 40 күн бойы керемет ойындарды тамашалайтын боламыз. Жалпы спорт тарихында Олимпиада ойындарымен қатар келе жатқан футбол мерекесі биыл өзгеше мәнге ие. Үш елдің 16 қаласы футбол мерекесінің орталығына айналады. Мыңдаған ерікті, миллиондаған жанкүйер және әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер Солтүстік Американы футбол астанасына айналдырмақ. Әсіресе Мехикодағы әйгілі «Ацтека» стадионының орны ерекше. Бұл арена 1970 және 1986 жылғы дүниежүзілік біріншіліктерден кейін үшінші рет мундиаль ойындарын қабылдап отыр. Осылайша ол футбол тарихындағы мұндай жетістікке қол жеткізген алғашқы стадион атанды.
ФИФА бірнеше жыл бұрын турнир форматын кеңейту туралы шешім қабылдаған болатын. Соның нәтижесінде қатысушылар саны 32-ден 48 командаға дейін артты. Бұл өзгеріс көптеген мемлекеттерге дүбірлі додаға қатысуға мүмкіндік берді. Биыл Өзбекстан, Иордания, Кабо-Верде және Кюрасао секілді құрамалар тарихында алғаш рет мундиальға жолдама алып отыр. Сарапшылар мұны деңгейді түсіреді деп сараласа, екінші жағынан әлсіз елдердің футболға деген махаббаты артатынын айтып отыр.
Соңғы сапар
Биылғы доп додасы көптеген аңыз футболшылар үшін халықаралық аренадағы соңғы ірі турнир болатыны ақиқат. 2006 жылғы әлем біріншілігінде Зидан, Роналдо сынды аңыздардың соңғы сапарына куә болғна едік. 2010 жылы да қаншама тарих беті жабылды. Бірақ олардың орнын жоқтатпайтын футбол жұлдыздары келді. Оның ішінде әлемге екіге бөлген қос жұлдыз бар еді. Криштиану Роналду мен Лионель Месси. Екеуі де 2006 жылғы мундиальда өнер көрсетті. Содан бері 20 жыл уақыт өтіпті. Бұл қос аңыздың да дәурені де жақындады. Бірі қырыққа ақындаса, енді бірі қырық жастан асты. Әр нәрсенің өз шегі болады.
Футбол жанкүйерлері тағы бір рет қос алыптың өнерін тамашалайды. Екі футболшы да өз мансабындағы алтыншы мундиальға қатысып, тарихи рекорд орнатуда. Бір дәуірдің символына айналған бұл екі жұлдыздың қарсыласуы соңғы жиырма жыл бойы жаһандық футболдың басты тақырыптарының бірі болды. Енді олардың дүниежүзілік біріншіліктегі соңғы сапары ерекше эмоция сыйлайтыны сөзсіз. Сонымен қатар Лука Модрич, Неймар, Мануэль Нойер, Харри Кейн, Кевин Де Брюйне және Мохамед Салах секілді футболшылар үшін де бұл турнир қоштасу алаңына айналуы мүмкін. Сондықтан ФИФА-2026 тек чемпиондық үшін күрес емес, тұтас бір буынның үлкен сахнамен қоштасуы ретінде де есте қалмақ.
Қандай ерекшелік бар?
Бұл Әлем чемпионаты бірнеше рекордпен ерекшеленеді. Біріншіден, 104 матч ойналады. Бұл – турнир тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Екіншіден, жүлде қоры бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Жалпы сыйақы көлемі 871 миллион доллар, чемпион команда 50 миллион доллар иеленеді. Үшіншіден, көрермен саны бойынша да жаңа рекордтар күтілуде. АҚШ-тағы ірі ареналар ондаған мың жанкүйерді қабылдай алады. Кейбір матчтарға 80 мыңнан астам көрермен жиналуы ықтимал.
ФИФА-2026 технологиялық тұрғыдан да жаңа деңгейге көтерілді. Матчтарда арнайы сенсорлармен жабдықталған интеллектуалды доптар пайдаланылады. Олар ойын барысында нақты мәліметтерді VAR орталығына жіберіп отырады. Жартылай автоматты офсайд жүйесі бұрынғыдан да жетілдірілді. Даулы сәттер бірнеше секунд ішінде анықталып, төрешілердің шешім қабылдау уақыты қысқарады. Сонымен қатар жасанды интеллект элементтері статистикалық талдау мен трансляция сапасын жақсартуға қолданылмақ. Тағы айта кететіні, Месси мен Килиан Мбаппе әлем чемпионаттарындағы гол саны бойынша рекордты жаңартуға мүмкіндік алды. Бұл көрсеткіш әзірге Мирослав Клозеге тиесілі. Германиялық шабуылшы әлем чемпионаттарында 16 гол соққан. Ал Мессидің еншісінде 13, Мбаппеде 12 гол бар.
Фавориттер кімдер?
Мамандардың басты фавориттері қатарында Франция, Испания, Аргентина, Бразилия, Англия және Германия құрамалары аталады. Бірақ жарты жанкүйер аңыз Роналдудың Португалиясы чемпион болуын тілеп отыр. Әлем чемпионы атағын қорғаушы Аргентина тағы да мықты құраммен келген. Франция құрамасы жас әрі тәжірибелі ойыншылардың үйлесімімен ерекшеленеді. Испания соңғы жылдары қарқынды дамып, Еуропаның ең қауіпті командаларының біріне айналды. Бразилия дәстүрлі түрде басты фавориттердің қатарында болса, Англия құрамасы да соңғы жылдардағы тұрақты нәтижелерімен көзге түсіп келеді. Дегенмен Әлем чемпионаттарының тарихы көрсеткендей, мундиальдарда алдын ала болжамдардың бәрі бірдей орындала бермейді.
2026 жылғы Әлем чемпионаты жай ғана футбол турнирі емес. Бұл – футболдың болашағын айқындайтын тарихи жоба. Үш елдің бірлескен ұйымдастыруы, 48 құраманың қатысуы, рекордтық жүлде қоры, жаңа техно¬логиялар және аңыздардың соңғы сапары бұл мундиальды ерекше етеді. Сондықтан жанкүйер болған командамыздың чемпион болуын біз де тілеп отырмыз.
Бұзылмаған рекордтар
Әлем чемпионатының алтыншы күніне де келдік. Әзірге ойындардың көркі кірмей жатыр. Тек неміс көліктері кеше алыс Аралдан келген жігіттерді жерге қаратты. Бұл рекорд емес, осыған дейін бұзылмай келе жатқан рекордтар бар. Мәселен, 1982 жылғы әлем чемпионаты футбол тарихына ерекше рекордпен енді. Испанияда өткен мундиальда Венгрия құрамасы Сальвадорды 10:1 есебімен ойсырата жеңіп, әлем чемпионаты тарихындағы ең ірі жеңісті тіркеді. Қызығы сол, Венгрия бұл матчқа басты фавориттің бірі ретінде келген жоқ. Соған қарамастан, алғашқы ойында-ақ Сальвадор қақпасына 10 гол соғып, әлем чемпионатының рекордын орнатты. Бұл көрсеткіш арада 44 жыл өтсе де жаңарған жоқ.
Бір матчта ең көп гол соғу бойынша рекорд Реcей құрамасының шабуылшысы Олег Саленкоға тиесілі. Ол 1994 жылы әлем чемпионатында Камерун қақпасына бес гол соққан. Әлем чемпионатының финалында хет-трик жасаған бір ғана ойыншы бар. Ол ағылшын футболшысы – Джеффри Херст, ол 1966 жылы ақтық ойында ФРГ құрамасының қақпасына үш гол соққан. Ал, ең жылдам голды түркиялық Хакан Шүкір салды. Осыдан 24 жыл бұрын Оңтүстік Корея мен Жапонияда өткен әлемдік додада Хакан кәрістер қақпасына бар болғаны 11 секундта гол соққан. 2006 жылғы әлем чемпионатында швейцариялық қақпашы Паскаль Цубербюлер мүлдем гол жіберген жоқ. Топтық кезеңнің үш матчында өз қақпасын голдан сақтап қана қоймай, 1/8 финалда Украина құрамасынан (0:0) да гол жіберген жоқ. Өкінішке қарай, оның құрамасы пенальти сериясында ғана қарсыласқа жол берді. Құраманы әлем чемпионатына алып келген ең жас бапкер – аргентиналық Хуан Хосе Тримутола. Оның жасы небәрі 27-де болатын.
Сонымен қатар футбол жұлдыздары Лионель Месси мен Криштиану Роналду әлем чемпионатына 6 рет қатысқан алғашқы ойыншылар атануы мүмкін. Қазіргі таңда бес әлем чемпионатына қатысу рекорды бірнеше ойыншыға тиесілі. Айта берсек рекорд көп, бізге қызығы кімдер үздіктердің төрттігіне ілігеді. Бірер күннен кейін оның да жауабы табылады. Қысқаша айтқанда, биылғы додада кім жеңсе де ерекше эмоция қалдырады. Осыған дейін чемпион болған командалар емес, жаңа есімдер тарихқа жазылса дейміз.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ




