№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Арманы жоқ елдің асқақ ән-жыры

Арманы жоқ елдің асқақ ән-жыры

  Бағзы заманнан жапан даланы бауырына басып, бақытқа кенелтуді көздеген ұлт болмысын жетпіс жыл бұғауда ұстаған зорлықшыл империя қайтып тұра алмастай тұсаулап, тығырыққа тіреп тастағаны рас. Егемендік алған күннен бастап Кеңістік пен уақыттағы ұлт тарихын рухани жаңғыру арқылы барынша кемелдендіру іске асуда. Ұлттық болмысымызға үңілу, ежелгі мәдениетімізді тереңірек тануға ұмтылу талабы кешегі Елбасының халыққа арнаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында біртұтас концепцияға айналып, биік бағдарлама түзіліп отыр.


 Ел маңдайына біткен азат күннің арайы ең алдымен оның мәдениеті мен өнерінде айшықталары анық. Қазақтың көгінде желбіреген Тәуелсіздік туы ой-сана еркіндігіне, шығармашылдық жігерге жол ашты. Бұрынғыдай қандай жанрда болмасын жоғарыға жалтақтап, асқақ үннен астар, ілкімді істен ілік іздеп, цензурадан көз аштырмас төрешілдікке тәуелділіктен құтылдық.
Өнер адамына ең қажетті – еркіндік. Қиялына қанат бітіріп, бойына таусылмас қуат дарытатын да сол. Мұны біз өлке өнер көкжиегінен де терең сезініп, тек алға өрлеуімізбен дәлелдеп те келеміз. Жаңақорғандықтар әлемдік классикалық деңгейдегі өміршең туындыларды туған жердің төл Мәдениет сарайы сахнасынан шынайы түрде тамашалауға мүмкіндік алды. Өз ауылымыздан шыққан тарланбоз талант Төлепберген Әбдірашевтың 70 жылдығына байланысты республи­калық фестивальдің ауданымызда ұйымдас­тырылуы ауыл көрермендерін Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан камералық оркестрлерінің үздік өнер үлгісімен терең сусындатты. Бұдан ширек ғасыр бұрын Кеңестер Одағының ірі, қалаларындағы сән-салтанатты театрларда ғана қолы жеткенді қуанышқа бөлер биік деңгейлі әлемдік классиканы өз топырағымызға қондырып отырған да осы егемендігіміздің, өз алдына дербес ел болып, өзгелермен тең дәрежеде мемлекет болып қалыптасуымыздың қастерлі қадамы болса керек-ті.
  Жаңақорғанның тұғырын нық түзеп, дербес аудан болып құрылғанына 90 жыл толды. Тоқсан жылдыққа байланысты жыл көлемінде демей-ақ қояйын, 90 күн толымды тарту: түрлі байқау, өнер сайыстары, шығармашылық кештер, мерекелік концерттер ұйымдастырылды. Бұл шаралардың барлығы, сайып келгенде тоқсан жылдағы тарихи тағдырымыздың шежірелі шеруін көз алдымыздан қайта өткергендей болды. Ежелгі Сығанақ жерінде жатқан жәдігерлерімізге жан бітіріп, тіршілігі семген тарам-тарам тамырларына қан жүгіртіп, келешек ұрпақ санасына өткеннің тағылымын тамшыдай болса да таныта алсақ еңбегіміздің жанғаны. Манаптың жүрген ізімен маң даланы басып өтіп, маржан сөз, мәйекті мақамымызбен қайта қауыштық.
   Алға қойған айшықты мақсатқа жетуде маңдай терді төгу аз, қомақты қаражатқа келіп тірелері тағы рас. Бүгінде көп өсіп, көп ілгерілеген көрермен талғамын қанағаттандыруда биік эстетика қажет. Бұл бағытта аудан әкімдігі, мәслихат депутаттарының өнерге деген оң көзқарасы, айнымас жанашырлығы мәдениет саласы өкілдеріне көп демеу. Біз осы қолдау-көмектерге сүйене отырып, халықтың сенімінен шығуды басты мұрат тұтып келеміз.
Азаттық туы аясында еңбегіміз еселі, көңіліміз шуақты болсын деген тілегіміз бар.

Зульфия ШАЛАБАЕВА,
аудандық Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінің директоры.


18 желтоқсан 2018 ж. 961 0