Соңғы жаңалықтар

Сахнаға сыйған сырлы саз

21 қаңтар 2026 ж. 96

№5 (8919) 21

21 қаңтар 2026 ж.

№4 (8918) 17

17 қаңтар 2026 ж.

№3 (8917) 13

13 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 

Еңбек майдангері


Қазақ даласында қара кетпеннің иесі ретінде танылып, ақ күріштің атасы атанған Сырдың перзенті Ыбырай Жақаевтың есімі тарих беттерінде алтын әріппен жазулы тұр. Сыр елінде өткен Ұлттық құрылтайда Президент аңыз адам туралы тілге тиек етті. Бір ғасырда бір туатын осындай еңбек майдангерінің ізінен ерген ізбасарлары аз болмады. Алайда, елде шынайы бағасын алып, кешегі тоқырау жылдарда түйір дәннен тау тұрғызған диқандар көп емес. Солардың көшінде болған жерлесіміз, Социалистік Еңбек Ері Арапбек Әбиев қандай құрметке де лайықты тұлға. Адал еңбек, батыл бейнеттің арқасында елді еңбекке тәрбиелеген Арапбек Әбиұлы бүгінде 85 жастың желкеніне жетті.


Иә, Жаңақорған топырағында қаншама заңғар тұлғалар дүние дидарын ашты. Бұл қасиетті топырақта қай салада болмасын адал тер төгіп, ісінің көзін тапқан жандардың мерейі әрдайым үстем. Себебі адамды абырой биігіне көтеретін басты күш – маңдай тер мен табандылық. Осындай киелі мекеннен түлеп ұшқан, ел ырысын еселеп, аты аңызға айналған тұлға туралы жазуды жөн көрдік. Көзі тірісінде осындай сүйегі асыл ардагерлерімізді, қазыналы қарияларымызды қадірлеуге біздер міндеттіміз.
Еңбек адамының өмір жолы соғыс жылдарының қиындықтарымен басталды. Балалық шағы да, еңбекке ерте араласуы да сол кезеңнің салдары еді. Қарапайым ауыл тірлігінде шыңдалып өскен Арапбек аға жастайынан еңбекке жақын болды. Қаршадайынан бейнеттің дәмін татып, қара жұмысқа ерте араласты. Күріш егісіндегі алғашқы қадамдары қарапайым еңбек сияқты көрінгенімен, оның ішінде үлкен өнер бар. Күріш – сусыз өспейтін дақыл, әр дәні ерекше күтімді қажет етеді. Баладай күтімді қажет ететін бұл дақылға қызметі сіңгендер ғана түсіне алады.
Орта мектепті тәмамдаған соң Жаңақорғандағы кәсіптік-техникалық училищеде білім алған жас маман Түгіскен алқабындағы қарқынды жұмыстарға белсене араласты. Ол кезең – Жаңақорғанның дербес аудан болып қайта құрылып, Келінтөбе каналы бойынан жаңа кеңшарлар бой көтерген, тіршілік қыза түскен уақыт еді. Ауылдар жаңарып, егіншілік қайта жанданды. Осындай ауқымды істің бел ортасында Арапбек секілді қайратты жастар жүрді. Әкесінен көрген еңбек тәрбиесі, маңдай терге деген құрмет оны алға жетеледі. Әкесі Әби де өмір бойы қара жұмыстан қол үзбеген, елге еңбегі сіңген жан болатын.
1967 жылы КПСС-тің ХХІІІ съезі атындағы кеңшарда күрішші болып еңбек жолын бастаған Арапбек Әбиев алғашқы жылдан-ақ өз қабілетін көрсетті. Әуелде дақылдың қыр-сырын толық меңгермесе де, тынымсыз еңбегі мен жауапкершілігі нәтижесін берді. Алғашқы жылы-ақ 25 гектар күріштің әр гектарынан 56,8 центнерден өнім алып, қатарластарынан оза шықты. Келесі жылы бұл көрсеткіш 70 центнерге жетті. Еңбекке серік болған өмірлік жары да егіс басында, шаруаның ортасында жүріп, бар ауыртпалықты бірге көтерді.
1970 жылы звеносындағы әр гектардан 90 центнерден өнім алған диқан бесжылдық бойы осы қарқынынан танған жоқ. Ал 1976 жылы 120 центнерден өнім алып, ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Осы жетістік оны Социалистік Еңбек Ерінің биігіне шығарды. Яғни, 1976 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен сол дәуірдегі ең жоғары марапат – Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, кеудесіне Алтын Жұлдыз тағылды. Бұл – жастық жігер мен адал еңбектің ұштасқан шағы болатын. Кейінгі жылдары да Арапбек Әбиев еңбектің алғы шебінде жүрді. «Ленин» орденімен екі мәрте, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын және күміс медальдары – соның айғағы.
Еңбек адамы ешқашан марапат пен мансапты мақсат етпейді. Ол үшін өмірдің ең биік өлшемі – елге адал қызмет, көппен бірге маңдай тер төгу болды. Ол өзін ешқашан дара қойып, өзгеден жоғары санаған жан емес. Қай істі қолға алса да, ауылдастарымен қатар жүріп, салмағын бірге көтеріп, қуанышын бірге бөлісті. Оның бар болмысы қарапайым еңбек адамына тән сабыр мен төзімнен, жауапкершілік пен адамгершіліктен құралды.
Шаруашылықты жаңа жүйеге көшіру кезеңі көпшілік үшін күмән мен қауіпке толы уақыт еді. Сол тұста Арапбек Әбиев өзгелерден оқшауланбай, керісінше, ауылдастарына жол көрсетіп, бағыт-бағдар бере білді. Алғашқылар­дың бірі болып шаруа қожалығын құруы – батылдық пен сенімнің айқын көрінісі. Бұл қадам тек өз кәсібін дөңгелету үшін емес, ауыл адамдарына «еңбек етсең, тәуекел етсең, нәтиже болады» деген үнсіз өнеге еді. Оның ісі көпке үлгі, талай жанға тірек болды. Ақсақалдың бойындағы басты қасиеттердің бірі – ар мен намысты бәрінен жоғары қоюы. Ол үшін адалдық – сөзбен емес, іспен дәлелденетін ұғым. Адамның ниеті таза, ұжданы биік болса, одан жамандық шықпайды деп білді. Бұл – жай айтылған сөз емес, бүкіл ғұмырына темірқазық болған өмірлік қағида. Арапбек Әбиевтің әрбір қадамы, әрбір шешімі осы ұстаныммен өлшенді.
Ол тек дақыл өсіріп, өнім алумен шектелген жан емес. Оның ойы әрдайым ауылдың ертеңі, елдің болашағымен сабақтас болды. Жерге дән сеуіп қана қоймай, жас буынның санасына еңбекке деген құрметті, жауапкершілік пен адалдықты сіңірді. Ақсақалдың сөзі де, ісі де жастар үшін үнсіз тәрбие, нақты сабақ іспетті. Арапбек Әбиевтің өмір жолы бір шындықты анық көрсетеді. Адамды биікке шығаратын – атақ та емес, марапат та емес, маңдай термен келген шынайы еңбек. Ал сол биіктің өзі бір күнде бағынбайды, оған тек талпыныс пен табандылық, төзім мен сенім арқылы жетуге болады.
Бүгінде Арапбек Әбиев елге елеулі, сөзі өтімді, еңбегі­мен құрметке ие тұлға. Балалары өсіп-өнген, әр саланың білікті маманы. Ақсақал үшін бұл – ең үлкен байлық. Ол елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілейді. Қоғамға қызмет етем деген адамға жол әрдайым ашық екеніне сенеді. Еңбектің қадірін білген жан ешқашан ұтылмайды деген өмірлік қағиданы өз ғұмырында дәлелдеп келеді. Өмір жолы – еңбекпен биіктеген тағдыр, кейінгі ұрпаққа қалдырған тағылымды өнеге.

Әсел РЗАЕВА
21 қаңтар 2026 ж. 21 0