Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Рух бірлігі және күй құдыреті

Рух бірлігі және күй құдыреті




Ғасырлар мұңын, мұрасын бізге жеткізген қасиетті домбыра шын иелерінің қолынан әлі түскен жоқ. Қаны қазақтың рухын жанып, намысын қайрап, тіпті тамырынан қол үзіп кеткенді де төл табиғатына қауыштырар қасиетті қос ішектен төгілген күйдің құдіреті неде?

Бағзы заманалар баянын ғана емес, тұлпар тұяғының дүбірін, құс қанатының суылын сұлу сазбен төгілдіргенде тұла бойыңды сағыныш кернеп, саф таза мөлдір сезімнің айдынында жоғалтқан аңсар тілегіңді жалғанның жарығына жарқыратып алып шыққандай салтанатты бір күйді бастан кешесің.
Бұл сезім біздің бүгінгі кейіпкеріміз – жарты ғасыр ғұмырының саналы бөлігін қос ішектің қоңыр үнімен егіз үйлестіріп келе жатқан қазақтың талантты аруы – Аякөз Еркінбекқызының болмысымен етене өріліп, жұдырықтай жүрегіне жып-жылы сәулесін төгіп келе жатқаны қандай ғажап!
Бала кезінен домбыра үніне құлағы қанық өсті. Атасы Нұрсұлтан аймаққа әйгілі Айсын күйшінің бауыры еді, кіндігінен өрген қос перзенті – Еркінбек пен Жарқынбегінің екеуіне де күйшілік өнер дарыған екен. Жарқынбек көкесінің концерттерде күй орындап жүретінін өзіміз де талай көрдік. Ол кісінің қаламгерлік те қабілеті бар еді, редакциямызға жиі соғып мақалаларын беріп тұратын. Өзінің жадынан шығарған бірнеше күйлері де бар. Аудандық мәдениет үйінде көп жылдар автоклуб меңгерушісі болып қызмет атқарған. Шынайы мінездің иесі екендігіне өз өмір жолынан өрген естелік кітабын оқығанда анық көз жеткізген жайымыз бар. Бәзбіреулер секілді қолдан бояуын қалыңдатып батыр атанып, ал жеке басының олқы тұсына келгенде жорта бұрып әкетер қулықтан ада, болған-біткен жағдайларды еш бүкпесіз жайып салған ақеділ пейілінен шынайы бекзаттықты танығандай болғанбыз. Өкініштісі сол, бұл екі кісі де қазір арамызда жоқ.
Айсынның ұрпақтарынан әке есімін көпке танымал еткен Бәден Айсыновтың орны бір төбе. Ол күні бүгінге дейін өзінің туып-өскен, өркен жайған атамекені – Жаңақорғанның тау жақ беткейінің талапты өрендерін биік мәртебелі өнерге баулып келеді. Бұдан бөлек Бәденнің жетекшілігімен құрылған отбасылық ұлт-аспаптар ансамблінің профессионалдық әлеуетінің бекемдігі, жанрының күрделілігімен көрерменге таза да, тәкаппар өнердің әлемдік жауһарларын да молынан тарту етіп келе жатқанын айта кеткеніміз жөн.
Міне, осынау таланттар тұқымынан өрген, ізінен ерген, бала кезінен өнер жолына түсіп, академиялық білім алған, бүгінде бабалардың киелі мұрасын зерттеумен айналысып келе жатқан Аякөз Еркінбекқызымен жақында Жаңақорғанға келген сапарында сұқбаттасудың сәті түсіп, бір ғанибет күйге бөлендік.

ӘЛШЕКЕЙ ӘЛЕМІ ӘРБІРІМІЗГЕ ҚЫМБАТ

«Шерлі», «Терісқақпай», «Егес», «Отарба», «Аққу кеткен» сынды күйлерімен күні бүгінге дейін тыңдарман жүрегін бірде қоңыр мұңға, бірде тылсым сырға бөлесе, бірде тәтті қиялыңды көкке шарықтатар қуатына бас идірген Әлшекей әлеміне терең бойлауға екінің бірі тәуекел ете бермесе керек. Мне , осындай таудай талапқа тәуекел еткен қаракөзді талант құдіретімен табыстырған рух бірлігі десек болады. Бірі ХХ ғасырдың басында «бай-дәулеттінің ұрпағы» деген желеумен қуғын көріп, басына қатер төнген соң қашып-пысып, туған жерден жырақта сағыныштың зарлы үнін қос ішекке төгумен өткен мұңлық та, бірі ХХІ ғасырдың жаһандық білім деңгейімен қаруланған, міне, сондықтан да қызмет бабымен мұхит асып, бөтен мемлекеттің жерін басып, мәмілегерлік миссиясын орындап қайтқан азат елдің еркін ұланы. Бірақ екеуін байланыстырып тұрған киелі сезім – туған топырақты аңсаған ғазиз жүректің сағынышы еді. О, оны енді тілмен айтып жеткізу мүмкін емес екен, бірақ әруақты бабаның шерлі кеудеден лықсып төгілген шертпе күйі мен төкпе күйінің әрбір үзігін көңілмен түйсініп, табиғатын сүйегінен өткізген танакөз Әлшекей күйшіні тереңірек зерттеу талабына осы кездерден бастап басыбүтін ден қойыпты.
Сұхбаттасымыздың өмір жолына аз-кем тоқталып өтсек, ол былай өріледі.
Тоқсаныншы жылдары Талап ауылындағы №54 орта мектебін оқып тәмамдаған жас жүрек қалауы¬мен Қызылорда қаласындағы Қазанғап атын¬дағы музыкалық колледждің дом¬быра класында оқиды. Одан әрі Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында білім алады. Оқуды бітірген соң институт қабырғасына қызметке орналасады. Оған қоса Қазақ радиосында «Баба мұра-сы» бағдарламасын жүргізеді. Осы кездері оның өзінің де есімі танымал бола бастаған. Республикалық Дина Нұрпейісова атындағы конкурстың жүлдегері, «Шабыт» шығармашыл жастар сайысының лауреаты атанады.
2002-2008 жылдар аралығында Ас¬тана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия өнер университетінің арнайы шақыртуымен «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасында аға оқытушылық қызметке кіріседі. Осында жүргенінде «Қоңыр қаз» ансамблінің қазығын қалайды. Ерінің қызмет бабымен Иран мемлекетінде жүргенінде Қазақстан елшілігінің бүкіл мәдени шараларында ұлт өнерін жарқыратып танытуға тер төкті. Бүгінде Қазақ Ұлттық Өнер университетінде мектеп және колледж бөлімінде дәріс беріп келе жатқанын айтты.
Аякөз Бақдәулет, Бақжан, Айару атты үш перзенттің анасы. Ері Дәуірбек Дүйсебай Әл-Фараби атындағы КазҰУ-ның түлегі. Шығыстану факультетінде парсы тілі мамандығын бітірген. Профессор Дандай Ысқақұлының жетекшілігімен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының парсы тіліне аударылуын зерттеп, кандидаттық диссертациясын қорғаған. Астанадағы ұлттық академиялық кітапханада «Дүр дүниенің парасат тәжі» деп аталатын шығармашылық кеші өтіп, онда Дәуірбектің «Оянып кеткен ақ сәуле» деп аталатын жыр жинағының тұсауы кесілген екен.
Он төрт жыл Иран мемлекетінде елшілік қызметте болған Дәуірбек пен Аякөздің перзенттері осы мемлекетте өмірге келді. Жары Аякөз ұлт мұрасының нағыз жоқшысы, жанашыры ретінде қызметін бұл жаққа келген соң да жалғастыра берді. Иран қазақтарына туған ұлтымыздың асыл құндылықтарын насихаттап, қазақтың домбырасының сан құраулы күмбірімен мыңдардың жан тереңінде түюлі жатқан шерлі тарихына сәуле жүгіртті. Талайлардың жүрегін шуаққа бөлеп, көңілдерін қанаттандырды.
Бұл жылдар Аякөздің жеке шығармашылығына салмақты ой дарытқан, тұлға ретінде есейтіп, елдік мінезге тәрбиелеген тағылымымен де қымбат.
Атамекеннен жырақта жүргенінде туған жерді, ата-ана мен бауырды жан жүрегі езіле еске алғанда бір заманда еріксіз қуғын көріп, бас амандығы үшін тау-тас кезіп шеккі ғұмыр кешкен баба тағдырына шынайы бас иген. Әлшекейдің шерлі көкірегінен құйылған күй ырғағының қылдай қағысынан, үзік дірілінен сағынышқа толы өз жүрегінің үнін танып, Әлшекей күйлері туралы толғанысты ойлар қаламұшына қиналыссыз орала бергенін айтады өзі.
Ол бұдан бөлек «Ақбаламен шағдардың күйлері» атты кітаптың авторы. Бәден Айсыновтың күйлері туралы жазылған «Күй-көмбе» кітабы да жарық көрді.
Осыдан үш жыл бұрын Жаңақорған ауданында Әлшекей Бектібайұлының 175 жылдығына орай М.Көкенов атындағы мәдениет үйінде ғылыми-танымдық конференция, орталық алаңда “Ақжелең” фестивалі өтті. Дәулескер күйшіге ерекше баға берілген осы жиынды өткізуге сол кезде Жаңақорған ауданының әкімі ретінде өзі ұйытқы болған Руслан Рүстемұлы осы шараға Иран елінен Аякөз Нұрсұлтанды арнайы шақыртқан болатын. Осы күні Аякөздің “Әлшекей күйші” кітабының және оның аудионұсқасының тұсауы кесілді.
ҚР Сенаты депутаты, қаламгер Руслан Рүстемұлы «Парсы еліндегі парасат елшісі» жазбасын жариялағанда оның осындай қырына жан-жақты тоқталып өтіпті.

Жақында Жаңақорған ауданындағы Әлшекей атындағы өнер мектебінде республикалық «Күй – көмбе» атты жас домбырашылардың байқауы өтті. Бұл шараны Әлшекей Бектібаев атындағы қордың президенті, күйшінің немересі Оңғарбай Дәнебеков ашып, аталған шараның мән-маңызына тоқталды.
Жалпы осы байқаудың ұйымдастырылуына ұйытқы болған Аякөз Еркінбекқызы екенін айта кетсек артық емес.
Байқауға қатысушылар тек қана Әлшекейдің күйлерін орындады.
Әлшекей Бектібаев атындағы республикалық конкурсқа Қызылорда, Түркістан қалаларынан және Шиелі мен Жаңақорған ауданынан 60-қа жуық өнерпаз қатысып, бақ сынады. Олардың арасында орыс, өзбек ұлты өкілдерінің де болуы таңданарлық.

Сайысқа қатысушыларға Әлшекей Бектібайұлының бейнесі арнайы соқтырылған медальондар табыс етілді.
Өнер байқауына Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің ұстазы, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Әлімжан Нағызханұлы, республикалық Дина Нұрпейісова атындағы күйшілер сайысының жеңімпазы Нұрсұлтан Аякөз қазылық етті.
Сайыста кіші топтан Қызылорда қалалық өнер мектебінің оқушысы Жүсіпбек Бақдәулет (ұстазы Серікбай Дәулет) бас жүлдені иеленді.
Орта топ номинациясы бойынша бас жүлдені Қызылорда қаласы №278 ІТ мектеп лицейінің оқушысы Жаңабай Абылай иеленді. Үлкен топ, яғни 15 пен 18 жас аралығындағы үміткерлер арасында бас жүлдені Түркістан қаласы "Ақжайық" музыкалық мектебінің оқушысы Ибадулла Тұрлыхан иеленді.
Жүлдегерлер келесі күні өткен Аякөз Нұрсұлтанның шығармашылық кешінде өнер көрсетті.
Туған жерге осы сапарында Аякөз Еркінбекқызы Жаңақорған ауданының ең үлкен марапаты “Құрмет грамотасымен” марапатталды.

Баян ҮСЕЙІНОВА
20 шілде 2024 ж. 842 0