№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қасиетті домбыра...

Қасиетті домбыра...


Иә, домбыра үнін естісе елең етпейтін қазақ жоқтың қасы. Жан дүниеңді тебірентіп, сиқырлы сазды әуеніне әуесіңді келтірер домбыра жайлы қаншама деректерді келтіре беруге болады. «Қазақ» сөзі мен «домбыра» сөзін бөліп қарау тіпті де мүмкін емес. Ақын Қадыр Мырза Әлі ағамыздың: «Екі ішектің бірін қатты, Бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ домбыра» деп жырлауының астарында қазақ халқының тарихи тағдыры жатыр. Өйткені, ықылым замандардан бері келе жатқан қасиетті қос ішекті домбыра аспабы біздің халықтық өнеріміздің өсіп-өркендеуіне, оның онан әрі қалыптасуына, мәдени-рухани төл мұраларымыздың молая түсуіне түрткі болды. Алғашында эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра аспабы уақыт өте келе халықтық сипатқа ие болып, ел арасында кеңінен қолданыла бастады. Қазақ тарихында, өнер өлкесінде өзіндік орнын қалыптастырған, өшпес мұра қалдырған кешегі Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғап, Әлшекей, Сүгір, Дина Нұрпейісова секілді даңқты дәулескер күйшілер домбыра қасиетін кейінгі ұрпаққа жеткізе білді. Домбыра аспабымен тек күй ғана орындалған жоқ, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мұхит, Мәди, Кенен Әзірбаев, Әміре Қашаубаевтар қасиетті домбыраның ән салған әншіге демеу болатынын дәлелдеп кетті. «Әу демейтін қазақ жоқ» демекші, домбыра қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Қазіргі кезде домбыра күй тартуға, жеке әнді сүйемелдеуге, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылып жүр. Қазақстанның түкпір-түкпірінде домбыра тартудың өзгелерге ұқсамайтын бөлек дәстүрлері қалыптасқан. «Сыр елі, жыр елі» атанған біздің өңіріміздің домбыра тарту, домбырада жыр орындау мәнері өз алдына бір бөлек дүние. Тұрмағанбет, Балқы Базар, Нұртуған, Көшеней жыраулардың жыршылық дәстүрі ешқандай өңірлерде қайталанбайтын дара жыр мектебі. Сондықтан ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан домбыра қазақ халқына тән қасиетті аспап. Домбыра үні шынында да тыңдағанды ерекше сезімге бөлейді, қанатыңды қатайтып, шабытыңды жігерлендіре түседі. Мен өзім шаршағанда домбыра тартып демаламын немесе домбыра даусын тыңдау арқылы рухани қуаттанамын. Домбыра менің бала күннен келе жатқан айнымас серігіме айналды. Айтыстарда маған ерекше шабыт беріп, делебемді қоздыратын, суырып салып еркін сөз саптауыма тікелей әсер ететін екі-ақ нәрсе бар, оның бірі қолымдағы қасиетті домбырам және екіншісі көрермендердің ыстық ықыласы. Сондықтан, мен үшін, менің өмірімде домбыраның орны қашанда бір бөлек. Қазақ халқының рухани төл мұрасы, баға жетпес байлығы, қасиетті қос ішекті домбырасы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатыр. Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты мақаласы аясында қаншама ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, салт-дәстүріміз қайта жаңғыруда. Әр қазақтың үйінің төрінде ілулі тұрған ұлттық домбырамыздың қасиеті шексіз екеніне дау жоқ. Елбасы Н.Назарбаев жақында ғана Жарлыққа қол қойып, ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясы төңірегінде шілденің бірі «Ұлттық домбыра күні» етіп белгіледі. Олай болса, ұлттық мұрамыз саналар домбыраны кейінгі ұрпаққа насихаттау жұмыстары да қарқынды жүргізілері сөзсіз. Қазақ халқына ғана тән қасиетті домбыра үні ғасырлардан ғасырларға жалғаса берсін.

Әбілхайыр Әбілпатта,
айтыс ақыны.
30 маусым 2018 ж. 2 289 0