РУХҚА ТАҒЗЫМ - ЕЛДІК ПЕН БІРЛІКТІҢ КӨРІНІСІ

Биыл Сыр өңірі үшін тағылымды екі белес тоғысып отыр. Бірі – еңбек адамының асыл қасиеттерін бойына сіңірген, ел сыйлаған азамат Машбек Сапарбайұлы Нәлібаевтың туғанына 100 жыл толуы болса, екіншісі 10 маусым күні көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевты еске алу күні.
Осыған орай бүгін Жаңақорған ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен еңбек ардагері Машбек Сапарбайұлы мен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлының рухтарына арналып ас беріліп, Құран бағышталды.
Тағылымды жиынға облыстың, ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қоғам қайраткерлері қатысты. Іс-шараны облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов пен аудан әкімі Мажит Самитов ашып, қос тұлғаның ел дамуына сіңірген еңбегі мен өнегелі өмір жолына тоқталды.
Сонымен бірге, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсебаев, қоғам қайраткерлері Ибрагим Әбибуллаев пен Бақыт Нұртазаев сөз сөйлеп, марқұмдардың халқына жасаған қызметі, азаматтық болмысы мен адамгершілік қасиеттері туралы естеліктерімен бөлісті.
Сондай-ақ, осы күні облыс орталығында тұсауы кесілген Бердібек Машбекұлының өмірі мен еңбек жолына арналған «Сапарбаев тұлғасы» атты кітап көпшілікке таратылды.
Халқына қалтқысыз қызмет еткен қос тұлғаның өнегелі өмірі мен артында қалдырған жақсы істері кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала береді.




