№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » “НАҒЫЗ ҚАЗАҚ ҚАЗАҚ ЕМЕС, НАҒЫЗ ҚАЗАҚ – ДОМБЫРА”

“НАҒЫЗ ҚАЗАҚ ҚАЗАҚ ЕМЕС, НАҒЫЗ ҚАЗАҚ – ДОМБЫРА”


Пах, шіркін! Ұланғайыр сайын даланың тынымсыз тіршілігін тебірене толғаған ұлы құдірет десеңші! Сай-сүйекті шымырлатып, тұла бойды тулатып, делебені қоздырған, тыңдаған құлақтың құрышын қандырған қоңыр үн! Қазақы сәйгүліктің тоқтаусыз шапқан тұяғының дүрсілі, туған топырақта алаңсыз аунап-қунаған төрт түліктің сүйкімді тіршілігі. Неткен сұлулық, неткен ғажап!...


Бұл – «Адай» күйі. Тамаша туындыны асқан шеберлікпен, құштарлықпен, сезімге толы эмоциямен күмбірлетіп жеткізген – Түгіскен өнер мектебінің домбыра ансамблі болатын. Қандай шығарманы болсын, шығармашылық шабытпен шалқытатын домбырашылар өнер десе өзегін жұлып беруге даяр. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп санайтын ансамбль мүшелері бала кезден ұлттық аспапты жанына жалау еткен. Бүгінде композитор, мәдениет майталманы Құлахмет Нәлтаев басшылық ететін өнер мектебінің ішіндегі домбыра ансамблінде 10 шәкірт бар. Ал, тікелей домбыра сыныбына Әлмахан Сері Сапарұлы жетекшілік етіп жүр.
Күйдің қоңыр үнінен шабыт алып, рухани кемелденетін, қазақы өнерді кие тұтып, тек биікте көретін бұл өрендер күй құдіретімен ауданды ғана емес, республиканы таңқалдырып жүр. Оның айқын дәлелі, Түгіскен балалар өнер мектебінің мұғалімдері мен оқушыларынан құралған ұлт аспаптар оркестрі түрлі республикалық, халықаралық конкурстардың жеңімпазы атанған. Халықаралық «Алаш үміті» байқауында аспапта ойнау жанры бойынша жас домбырашы Айдын Әлиасқар мен Бақберген Әлиасқар «Алтын жүлде» жеңімпазы атанды. «Үркер» шығармашылық орталығы ұйымдастырған республикалық өнер сайысында аспапта ойнау жанры бойынша Нұрдәулет Қыдырбай мен Бексұлтан Самат күміс жүлдеге ие болса, Балжан Ысқақ пен Айғаным Сәрсенбай қола жүлдені қанжығаға байлады. Бұл ғана емес, ансамбль құрамының жіпке тізерліктей жетістігі жетерлік. Осыдан-ақ, шеберлігі шыңдалған ұстаздар мен жас домбырашылардың өнерлі өрісін аңғаруға болатындай.
– Кішкентайымнан домбыра тартуға құмарттым. Өсе келе домбырашылар үйірмесіне шәкірт болып қабылдандым. Аллаға шүкір, бүгінде қасиетті қара домбырам мен ұстаздар үйреткен өнердің арқасында асқар асуларды асып, биік белестерді бағындырып жүрмін. Қазақстанның түкпір-түкпірін аралауға өнерімді танытуға жол ашқан өнер мектебінің бас дирижері Құлахмет ағайға айтар алғысым зор, – дейді Асылбек Тастанбек.
Күй – халық сазы. Күй өнерінің құдіреті сол, адам тұрмақ, тіршілікті тербетіп, кең даланы әлдилейді. Аңыз-әпсанадан білетініміздей, нар түйені идіріп, Құрманғазының кісенін ашқан да, Жошы ханға ұлының қайғысын үнмен жеткізген де осынау күй өнері болатын. Ал, күйдің үнін алысқа жеткізіп, ырғағын нақышқа келтіретін домбыра, қобыз сынды аспаптар болса керек. Біз тақырыпқа арқау еткен домбыра ансамблі осынау өнердің ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа таралуына ықпал етіп жүр. Бүгінде ансамбль репертуарында Құрманғазының «Адай» күйі, «Балбырауын», Халық күйі «Тел қоңыр», Әлшекейдің «Тепең көк», Б.Айсыновтың «Наурыз» күйі, «Ерке сылқым», «Түркімен» күйі, «Түрік халық әуені» сынды түрлі жанрдағы музыкалық шығармалар бар.

Түйін. Өнер – ұлттың жаны, ұлы мұраты. Соның ішінде, күй өнерінің қазақ тарихында алар орны ерекше. Бағзы бабадан жеткен осынау құнды қазына, рухани байлықты алтын қазықтай сақтап, дамыта білу де тек кәсіби білікті, өнерлі тұлғаның қолынан келеді. Олай болса, аудан өнерін асқақтатып, күй құдіретінің жаңаруына жол ашып жүрген Түгіскен балалар өнер мектебінің, оның ішінде домбыра ансамблінің еңбегі ерекше.

Ханым ТӨРЕХАН.
25 мамыр 2019 ж. 1 436 0