Қоғам рухани құндылықтармен қуатты

Бесінші Құрылтайда талқыланған Парламентті бір палаталы ету және Конституцияның кейбір баптарын қайта жазу, билік иерархиясында жаңа лауазымды бекіту мәселелері, сайып келгенде, Президент ұсынған саяси өзгерістердің дені мемлекетшілдікті нығайтуға бағытталып отыр. Өйткені ортақ отанымыздың тағдыры, ұлт бақыты елін сүйетін, баба тілі мен дәстүрін төбесіне қойып, мақтаныш тұтатын патриот азаматтардың қолында.
Соңғы төрт жылда Ұлттық Құрылтайда талқыланған ұсыныстар негізінде 26 заң қабылданды. Қоғамда оның нақты нәтижелері де жоқ емес. Бұдан бұрынғы құрылтайда қабылданған Әйелдердің құқығын қорғау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, лудомания мен нашақорлыққа қарсы күрес заң арқылы шешімін тапты.
Қызылорда қаласында өткен құрылтай ақырғы бесінші отырыс. Енді мұндай басқосулар халық кеңесі атты жаңа алаңда талқыланатын болады.
Алқалы жиын нәтижелерін сөз етсек, Қазақстанның саяси жүйесін жаңалықтар күтіп тұр.
Вице президент Президент тапсырмасы бойынша халықаралық форумдарда, шетел делегацияларымен жүргізілетін келіссөздерде Қазақстанның мүддесін қорғайды. Қоғамдық, саяси, ғылыми және мәдени, ағартушылық міндеттерді атқарады. Саяси элитаның айналасында жүрген азаматтар мұны Президенттік билікті нығайтудың амалы деп мойындап отыр. Бұл лауазымды тұлға Қазақстандағы билік иерархиясындағы екінші адам болады. Бір палаталы Парламент құрылып, ол құрылтай деп аталады. Мандат саны 145 болуы мүмкін. Бұған дейн қоғам өкілдері депуттар санын 500-ге жеткізуді сұрады. Ол қабылданбады, сан емес, сапаның маңызы алға шықты. Жаңа парламентте төрағаның үш орынбасары болуы мұмкін. Ал комитет саны 8 -ден аспау керек.
Бұл реформа Мәжіліс депутатарына қалай әсер етеді?
Бұл туралы Мұрат Әбеновтің пікіріне ден қойсақ: «Жаңа Парламенттің жауапкершілігі де, құзіреті де кеңейеді, заң сапасына кедергі азаяды» дейді. Өйткені қос палата арасында заңдар өзгеріске ұшырап, әрі уақыттан да ұтылып, тиімділік тұрғысынан да көңілден шықпайтын мәселенің көптігін көсе-көлденең тартты. Сондай-ақ, Конституциядағы 40-тан астам бапты өзгертумен бірге терминологиялық, стильдік түзетулерді қажет етеді, бұған заңгерлер мен тіл мамандары тартылады. Ата заңдағы жаңа өзгерістерде елдің зайырлы мемлекет екенін айқындайтын норамаларға басымдық беріледі. Мемлекет басшысының жақындарының жағары лауазымды орындарға отыруына тыйым салынады.
Бұл жерде бір нәрсе айқын. Парламентті сан мәрте құрылымдап, жүйені жүйеледік дегенімізбен рухани қүндылықтарға негізделмеген қоғамда кез келген реформаның нәтижелі болуы мүмкін емес.
Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде Президент осыны айтты. «Мәселе –биліктің жүйесінде емес, қоғамның күйінде. Қаршадай қызды еркінен тыс алып қашып, көнбеген соң өлтіріп тастаған қоғамның зайырлы болуы күмәнді, Бұл жауыздыққа жол берген шенді де, санасы уланған қылмыскер де - осы қоғамның мүшесі. Әдетте заң әлсіз болса мығым мемлекет қалыптасуы екіталай. Меніңше, сол заңды орындау міндетті деп санамайтын азаматтары бар қоғамды өркениетті дей алмаймыз» деді.
Құрылтайға үміткерлерге қойылатын талаптарды барынша қатаңдату да өзекті. Жасы 25- тен асқан азамат мәжіліс депутаты бола алады. Үміткерлердің елде соңғы тұрған мерзімі бес жылдан аз болмау керек.
Президент жаңа Конституцияның алдына қойылып отырған құндылықтарға тоқталды. Бұл құндылықтар қоғамдық сананы өзгертетін мазмұнымен қымбат. Бұл туралы Түркістанда өткен құрылтайда да айтылған еді. Онда қазақ елінің алдында төл тарихымен біте қайнасқан дәстүр-салт сабақтастығы мен мәдениетін сақтау, ел-жұртымыздың ғасырлар бойы сақталған отбасылық өнегесінің өрімін жоғалтпау, сапалы ілім-ғылымды меңгеру, қоғамды жегі құрттай дендеген жемқорлықтан арылу, меритократиялық ұстаным, бәрінен де бұрын саяси билік пен бұқара арасындағы байланысты тереңдету сынды аса қастерлі міндеттер тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Құрылтайда жеке адамды сапалық тұрғыда биікке көтеретін негізгі құндылықтарды жеке-жеке атап өтті. Олар - заң және тәртіп, еңбекқорлық, отаншылдық.
Масылдық – экономиканың жауы. Бұл қағида ата-баба заманынан келе жатқан қасиетті үрдіс. «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой, бес асыл іс көнсеңіз» деді кемеңгер Абай атамыз да. Ұят, обал, сауап – үш таған Дала демократиясының негізін қалаған асыл ұстынымыз. Бұл ережелер сақталғанда адамдық сапа асқақ тұрады. Әділеттілік салтанат құрады.
Бесінші құрылтайдағы бастамалар мемлекеттік басқарудағы басты құндылық – жауапкершілік екеніне ел назарын аударды. Әрбір саланың басында жүрген азаматтардың жауапкершілігі маңызды.
Бұл барлық мемлекеттік институттардың, БАҚ, қоғам белсенділерінің, жеке азаматтардың да ортақ міндеті.
Баян Үсейінова,
«Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы.


