Соңғы жаңалықтар

№4 (8918) 17

17 қаңтар 2026 ж.

№3 (8917) 13

13 қаңтар 2026 ж.

№2 (8916) 10

10 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Ұлттық құрылтай: меже мен міндет мінбері

Ұлттық құрылтай: меже мен міндет мінбері


1925 жылдың көктемі. Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің кезекті V съезі сол кездегі астана – Ақмешітте өтті. Бұл тарих беттерінде қаттаулы тұр. Съезд бес күнге созылып, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу жолындағы шешуші белес болды. Өйткені осы басқосуда елдің де, астананың да атауына қатысты тағдырлы шешімдер қабылданды. Сол уақытқа дейін ресми құжаттарда бұрмаланып келген ұлт атауы түзетіліп, «қырғыз» деген атаудың орнына «қазақ» атауы заңды түрде бекітілді. Ақмешіт қаласына «Қызылорда» деген жаңа атау берілді. Солай Ақмешіт астана мәртебесін алып, қала атауы Қызылорда болып бекітілді. Ел тағдырын айқындаған осы бесінші съезд халықтың әлі жадында. Міне, тарих қайталанды, араға ғасыр салып елдік мүддені айқындайтын ұлттық құрылтай Қызылорда шаһарында өтпек. Санаулы күндерден кейін елдің Мемлекет басшысы бастаған мәртебелі меймандар киелі қаламызға ат басын бұрады.


Қазіргі Қазақстанда билік пен халық арасындағы байланысты нығайту, қоғамның үнін есту, елді ортақ мақсатқа жұмылдыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Президент ұсынған реформалардың өзегінде – ашықтық, әділеттілік және қоғамдық келісім қағидаттары жатыр. Осы үдерісте маңызды рөл атқарып отырған тетіктің бірі – Ұлттық құрылтай.
Ұлттық құрылтай – жай ғана алқалы жиын емес. Ол – қоғамның сан түрлі өкілдерінің пікірін тоғыстырған, елдік мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік берген, нақты шешімдер қабылданатын саяси әрі қоғамдық алаң. Сарапшылардың пікірінше, бұл институт билік пен халық арасындағы сенімді арттырып, мемлекеттік шешімдерге азаматтардың тікелей қатысуына жол ашты. Осы уақытқа дейін төрт құрылтай өтіп, бесінші құрылтай Қызылорда қаласында 20-қаңтарда өтеді.
Тарихи астанадағы бұл жиыннан қоғамның күтері көп. Арал мәселесі, Сыр өңірінің экологиясы, өңірлік даму, мәдени саясат, жастар тәрбиесі сынды тақырыптардың күн тәртібіне шығуы заңды. Ең бастысы, бұл құрылтайда бұрын айтылған ұсыныстардың тағдыры айқындалуы тиіс. Қоғам енді тек уәде естіп қана қоймай, нақты нәтижені көргісі келеді. Ұлттық құрылтай кеңесші орган болып қала береді, бірақ оның беделі мен салмағы ұсыныстың іске асу жылдамдығына және өмірдегі нақты өзгеріске байланысты болмақ.
Қызылордадағы бесінші құрылтай – құрылтай институтының жаңа деңгейге көтерілетін меже. Бір жағынан қоғам сенімі нығаятын немесе сын күшейетін кезеңдеміз. Сондықтан бұл құрылтайдан күтеріміз – дабыра емес, дәлел. Осы тұрғыдан алғанда, Қызылордадағы құрылтайды «қорытындылаушы құрылтай» деуге негіз бар. Өйткені мұнда бұрын көтерілген мәселелердің қайсысы іске асты, қайсысы қағаз жүзінде қалды деген сауалдарға жауап ізделеді. Демек, бұл жолғы жиын қоғам үшін де, билік үшін де жауапкершілік жүгін ауырлата түседі.
Осы тұста айта кетейік, ұлттық құрылтайдың осыған дейін өткен төрт отырысы ел дамуына қатысты сан түрлі ой мен бастаманың алаңына айналды.
Ең бірінші Ұлытау: саяси жаңғырудың бастауы. Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы Ұлытауда өтуі – символдық мәнге ие шешім болды. Бұл жиын елдегі саяси реформалардың бағытын айқындап берді. Президент жаңа мемлекеттік модельдің логикасын түсіндіріп, қоғамды өзгерістерге дайындауға мән берді.
Дәл осы құрылтайда 25 қазанды Республика күні ретінде қайта бекіту ұсынысы айтылып, кейін ол заң жүзінде жүзеге асты. Бұл шешім құрылтайда айтылған ойдың нақты іске айналуы мүмкін екенін көрсеткен маңызды мысал болды. Сонымен қатар тіл саясаты, тарихи сана, өңірлік даму мәселелері көтеріліп, қоғамдық резонанс тудырды. Ұлытау құрылтайы ел есінде «сөз бен істің тоғысқан тұсы» ретінде қалды.
Екінші құрылтай Түркістанда өтті. Бұл жиында «Әділетті Қазақстан – адал азамат» тұжырымдамасы кеңінен талқыланды. Руханият, мәдениет, жастар тәрбиесі, білім мен ғылым мәселелері алдыңғы қатарға шықты. Президент ұлттық тарихқа, мәдени мұраға қатысты ұстанымдарды нақтылап, идеологиялық тұтастықтың маңызын атап өтті.
Түркістан құрылтайының тағы бір ерекшелігі – жастар арасындағы вейп пен никотинге тәуелділік мәселесінің ашық көтерілуі. Кейін бұл тақырып нақты құқықтық шектеулерге ұласып, қоғамда оң бағасын алды. Кітап оқу мәдениетін дамыту, кітапханаларды жандандыру секілді бастамалар да осы жиында қозғалды. Түркістан отырысы құрылтайдың тек саяси емес, тәрбиелік, рухани алаңға айналғанын аңғартты.
Үшінші құрылтай Атырауда өтіп, екі күнге жалғасты. Бұл жолы күн тәртібі барынша кеңейді. Азаматтық қоғам, әлеуметтік қауіпсіздік, әйел құқығы мен бала мәселесі, қоғамдық денсаулық тақырыптары терең қозғалды. Нәтижесінде әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған заң қабылданып, құрылтайдың практикалық салмағы артты. Сондай-ақ вейпке тыйым салу, ономастика тәртібі, құмар ойындар, нашақорлыққа қарсы саясат сияқты күрделі мәселелер де осы құрылтайдың күн тәртібінде болды. Осы кезеңнен бастап құрылтайдың ықпалы заңнамалық шешімдер арқылы нақты сезіле бастады.
Төртінші құрылтай Бурабайда өтіп, онда 53 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл құрылтай институтының жүйелі сипат ала бастағанын көрсетті. Әлеуметтік-экономикалық даму, бюджет тиімділігі, өңірлер арасындағы теңсіздік, шекаралық аймақтарды дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Президент Үкіметке 54 нақты тапсырма берді. Бұл тапсырмалардың барлығы дерлік қоғамды алаңдатқан, ел дамуы үшін маңызды мәселелерді қамтыды. Әлеуметтік саясат, білім мен ғылым, мәдениет, экономика, аймақтық даму, жастар саясаты – барлығы да назардан тыс қалған жоқ. Ең бастысы, Құрылтайда көтерілген бастамалар сөз жүзінде қалмай, заң жобаларына айналып, нақты шешімдер қабылдануда. Осыған орай, кейбір сарапшылар Ұлттық құрылтайдың жұмыс ауқымын кеңейтіп, оның институционалдық рөлін күшейту қажет деген пікір білдіруде. Бурабайдағы жиыннан кейін өңірлік даму, ішкі саясат, әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты бірқатар тұжырымдамалық құжаттар қабылданды. Дегенмен сарапшылар «құрылтайдың нәтижесі есеппен емес, халықтың өміріндегі өзгеріспен өлшенуі тиіс» деген талапты алға тартты. Бұл – орынды талап.
Қорыта айтқанда, Ұлттық құрылтай – Қазақстандағы жаңа саяси мәдениеттің көрінісі. Ол қоғам мен биліктің арасындағы алтын көпірге айналып, елдің болашағына қатысты маңызды шешімдердің қабылдануына жол ашып отыр. Алдағы Қызылордадағы Құрылтай да ел дамуына серпін беретін, мазмұны терең, маңызы зор жиын болады деген сенім мол.

Әсел РЗАЕВА
17 қаңтар 2026 ж. 66 0