АЛТЫННЫҢ ҚҰНЫ: ҚҰМАРЛЫҚ ПА, ҚҰЛДЫРАУ МА?

Алтын бағасының күрт қымбаттауы рекордтық көрсеткішке жетіп, бір грамы шамамен 96 АҚШ долларымен бағалануда. Биылғы жылдың 25 наурызынан бастап төрт айдың өзінде бағалы металл құны 40 пайызға артты. Жаһандық тұрақсыздық пен ішкі экономикаға тікелей әсер ететін алтын саудасы жөнінде ашық дереккөздеріне зер салып, білікті экономистердің пікірін білуді жөн көрдік.
АЛТЫН САТЫП АЛУДАН 2-ОРЫНҒА ШЫҚТЫҚ
Ресми деректерге мән берсек, әлем бойынша алтын құймаларды сатып алу жөнінен 2- орынға жайғастық. Бірінші орында Польша – 67,1 тонна, екінші орында Қазақстан – 32,4 тонна, үшінші орында Қытай – 22,7 тонна сатып алған. Польша мен Қытайда алтын бұйымдар өндіретін ірі цехтар бар, ал біздің елдің неге алтынға ерекше назары ауды? Жыл басынан бері «Қазақстан Ұлттық банкі» акционерлік қоғамының ресми сайтында жарияланған алтын бағамына зер салдық. Алтын – теңгенің құнсыздануынан сақтайтын тиімді жолы. Инфляция күтілетін жағдайларда инвесторлар басқа активтерге қарағанда құнын жоймайтын алтынға үміт артатыны белгілі. Бір ғана мысал, 1971-1980 жылдары АҚШ-та инфляция күрт өскенде, әлемде алтын бағасы жоғарылады.
Алтын нарығындағы ең маңызды фактор – алтын пайыздық табыс әкелмейді. Сондықтан көп тұлғалар байлығының басым бөлігін доллармен сақтап, негізгі капиталын алтынмен сақтайды. Алтын тарихында 2000–2012 жылдар аралығында АҚШ-та 10 жылдық қазынашылық облигациясы 4 пайызға төмендегенде, алтынның бағасы 5 есе артты. Осы тұста АҚШ-тың 50 тұлғасы әлемнің ең бай адамы атанды. Бұл туралы «Халық банк» АҚ аудандық бөлімшесінің басшысы Алмат Наурызбаевтың пікірін білдік.
– Соңғы 15 жылдың ішінде еліміздегі банктер алтынды көбірек кәдеге жаратуда. Халық негізгі капиталын алтынмен сақтауды дәстүрге айналдырып келеді. Осы үрдіспен 2023-2024 жылы жергілікті тұлғалардың алтын сақтау қоры 12 пайызға артты. World Gold Council деп аталатын алтын биржасының орталығы 2010-2021 жыл аралығында нетто сатып алу орта есеппен 470 тонна, 2022-2024 жылдары 1000 тоннадан асқанын жариялады. Осы мәліметтерден-ақ, алтынның халық үшін маңыздылығын, банк үшін беделін бағамдай аласыз, – деді.
Әлемдік қаржы ұйымдарының сарапшыларының пайымдауынша Ресей мен Украина арасындағы соғыс әлемдік тұрақсыздықты туындатып, олигархтардың алтынға деген сұранысын арттырған деседі.
ЗЕРГЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ?
Қазақтың қай қуанышында кәде ретінде ұсынылатын тренд сыйлыққа айналған алтын әшекейді арнайы шеберханада құйдырып тағатын ханымдар бар. Сондықтан «Алтын жалатылған алтын таққанша құйма алтын тағайын» деп өзінің ауқатты адам екенін білдіргісі келетін қаракөздер қаншама. Бағалы металдың дәстүрлі әдіс-тәсілін меңгерген шеберлер арасында жаңақорғандық Еркебұлан Медеттің қолынан шыққан бұйымдарға сұраныс көп.
Осы салада 10 жылдай тәжірибе жинақтап, түрлі зергерлерден дәріс алып, «Сунақ ата» жеке кәсіпкерлігін құрған зергер де алтынның қымбаттауына алаңдаулы:
– Жыл басында алтын бағасы арзандау еді, соған сай біздің де бағамыз қолжетімді еді. Соңғы 4 айда апта сайын алтын бағасы артып жатыр. Біз тапсырысты 10-15 күнде аяқтаймыз, сондықтан келіскен бағамыз шығынды ақтамайды. Ал мұны тапсырыс берушіге айтсаң, «алаяқсыз ба» деп ренжиді. Бұлай кете берсе, кәсіп тұралайды, – деді зергер.
АЛТЫН САҚТАУ ПАЙДАЛЫ МА?
Кент орталығында «Бай», «Асылголд», «Гаухартас», «Сафияголд» секілді онға жуық алтын бұйымдар сататын дүкендер бар. Осы дүкендерге келіп жатқан алтынның көлемін білуге тырыстық. Шетелдік зергерлік бұйымдарды тасымалдау қызметі орталығының мәліметі біздің назарымызды аударды. «Тасымал сейф» пунктіне айына 7335 алтын жүзік, 15889 пар сырға, 5550 алқа Италиядан келеді. Ресейден 60 мың алтын бұйым келеді екен. Мұндай көрсеткішке қол жеткізген орталық қызметкерлері:
– Бұрынғыдай емес, алтын бұйымдарына, соңғы айда сұраныс артты. Зауыттан тікелей аудандағы бірнеше сауда нүктелеріне жеткізіп береміз, – дейді.
Дүкендердің барлығында жаппай бір көрініс, жапа-тармағай алтын сатып алып жатқандар көп. Нақты қаражатқа алып жатқандар аз, көбі кредитке белшеден батқан. «Бүгін 12 грамм алтын сатып алдым, келер жылы алтын қымбаттаса, байып шыға келемін» дейтін дәмелілер де аз емес. Осы жылдың ішінде шамамен 120 мыңнан аса алтын бұйым сатып алынған. Жалпы салмағы – 4 тонна. Бүгінде Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jusan Bank, «Банк ЦентрКредит» және кейбір валюта айырбастау бөлімшелерінен алтын сатып алушы тұрғындардың қатары артқан. Бұрын алтынды тек Ұлттық банк ғана растайтын. Бұған дейін айтқанымыздай, тұрғындар көбіне 10 грамдық түрін алады екен. Бұл жалпы сатылған дананың төрттен біріне тең. Облыс бойынша біздің ауданның тұрғындарының алтынды саудалау белсенділігі жоғары тұр. Расында, алтын құнын жоғалтпайды. Бірақ байып кету мүмкін бе? Осы сауалды аталған саланы зерттеп жүрген экономист мамандарға қоюды жөн көрдік.
– Тұрғындар банктегі кұйма алтын мен әшекей алтынның айырмашылығын біле бермейді. Алтынның сенімді әрі қорғалған актив деп саналатыны анық. Ұлттық валюта құнсызданғанда алтынға деген сұраныс әжептәуір артып кетеді. Сондықтан дағдарыс кезінде көпшілігі алтынға қаржы салып жатады. Бірақ солай екен деп қолдағы бар қаражатты алтынға салып тастауға асықпаңыз. Әртүрлі курспен, біртіндеп сатып алғаныңыз шығындарды минимумға түсіруге көмектеседі. Әрине, банктен сатып алу — ең сенімді әдіс. Өйткені ол жерде сақтау шарттары дұрыс. Ал жеке адамнан алғанда сапасыз түріне ұрынып қалуыңыз ғажап емес. Әрі кей өндірушілер салмағын көбейту үшін құрамына болат не вольфрам қосады. Алтынды сақтау өте қиын. Кішкентай ғана сызат түссе болды — бағасы құлайды. Температурасы тұрақты, адам қолы жетпейтін жерде тұрғаны дұрыс. Әрине, егер сіз үйде сақтайтын болсаңыз. Ал қосымша ақша шығарып, арнайы ұяшыққа саламын десеңіз, онда бұл шешіміңіз әлдеқайда сенімдірек, – дейді банк қызметкері Нұрсұлтан Әшім.
Түйін. Тәуелсіз сарапшылардың пікірінше алтын әшекей сатушылар халықтың сұранысын туындату үшін «Алтын қымбаттайды» деген сыбыс таратып, қыруар пайдаға кенелетін көрінеді. Әйтсе де, мыс-мыс алтын сақтаумен мығым дәулетке кепілдік беруге болмайды.
Мақпал МАРҚАБАЙ




