Қазақстанда ең көп сатылатын телефондар
Былтыр елімізге жалпы құны жарты миллиард долларды құрайтын 4 жарым миллион смартфон әкелінген. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 40 пайызға жоғары. Смартфондар Қазақстанға Қытай мен Въетнамнан импортталады екен. Смартфондардың сатылымы жағынан елімізде Samsung маркасы көш бастап тұр. Екінші орында Iphone. Осы уақытқа дейін үшінші орынды LG иемденіп келген болса, биыл бұл марка қытайлық Xiaomi мен Huawei-ге орын берді. Қазақстанда ең көп сатылатын смартфон – Samsung Galaxy J. Бір жыл ішінде қазақстандықтар дәл осы смартфонның 47 мың данасын сатып алған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда үш есеге көп. Қазақстандықтар көбіне жүз бен жүз елу мың теңге арасындағы байланыс құралдарын сатып алады екен. 2016 жылы азаматтардың басым бөлігі алтын түсті смартфон сатып алған болса, өткен жылы қолданушылардың қызығушылығы қара түсті телефондарға ауған. Елімізде 25 пен 35 жас аралығындағы азаматтар ұялы телефондарды көп сатып алады.
Жалпы Қазақстанда 36,5 миллион ұялы байланыс нөмірі бар. Өткен жылдың өзінде елде бір миллион жаңа нөмір тіркелген. Әрбір ересек адам кемінде екі sim-картаға ие. Жыл өткен сайын ұялы телефондағы интернетті қолдану көрсеткіші ұлғайып келеді. Смартфон арқылы интернетке кіретіндер саны бір жылда екі миллионға артқан.
Дереккөз: 7kun.kz