ҒЫЛЫМ – ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауында ғылым саласына қатысты маңызды мәселелерді қамтып, оның бағыт-бағдарын айқындайтын бірқатар басымдықтарға тоқталды.
– Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17 пайыздан аспайды. Ал, тиісті оқу орындарын бітірген түлектердің 40 пайызы ғана осы салаға жұмыс істеуге барады. Агроғылым мен «жердегі тіршіліктің» арасында алшақтық бар, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Бұл – ел ғылымының әлеуеті толық пайдаланылмай жатқандығын көрсетеді.
Озық елдерде экономикада ғылымның үлесі айтарлықтай. Мысалы, АҚШ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруда көшбасшы болып саналады. Университеттер мен жеке компаниялардың бірлескен жобаларының арқасында бұл көрсеткіш 60-70 пайызға жетеді. Массачусетс технологиялық институты (MIT) мен Стэнфорд университеті жүздеген стартаптың туындауына жол ашып, Google, Facebook, Moderna сияқты ірі компаниялардың қалыптасуына негіз болды.
Оңтүстік Корея да инновациялық экономика үлгісінің жарқын мысалы болып табылады. Мұнда коммерцияландыру деңгейі 50-55 пайызға тең. Мемлекет университеттерді бизнеске серіктестікке міндеттеп, «Samsung», «LG», «Hyundai» секілді ірі компаниялардың ғылыми орталықтармен бірлесе дамуына жағдай жасады.
Біздің елде ғылыми зерттеулер мен өнертапқыштық патенттердің коммерциялануы бірнеше себепке байланысты төмен. Ғалымдардың еңбегі мен нақты өндіріс арасындағы байланыс әлсіз. Президенттің сөзімен айтсақ, агроғылым мен «жердегі тіршіліктің» арасында алшақтық бар: зертханаларда жасалған жаңалықтар егістікке жетпейді, ғылыми тұжырымдар нақты шаруашылыққа айналмайды. Соның нәтижесінде инновациялық идеялар қағаз бетінде қалып, экономикалық пайда әкелмей отыр.
Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу институттарының жұмысы кей жағдайда назардан тыс қалуда. Бұған дейін Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында қордаланған мәселелерді бірнеше рет депутаттық сауалымда көтердім. Алайда, Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан суармалы алқаптарды ғылыми сүйемелдеуді қамтамасыз ететін Күріш институтының материалдық-техникалық базасы әлі де заман талаптарына сай болмай отыр. Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы, Ғылым және жоғары білім министрліктері елімізде конкурстық негізде бөлінетін ғылымды бағдарламалық - нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстық құжаттаманың ғылыми - техникалық тапсырмасына суармалы егісте су тапшылығына бейімделген күріш және басқа әртараптандыру дақылдарының жаңа сорттарын шығарумен қатар, оларды өсіруде су және ресурс үнемдегіш агротехникаларды анықтауға, суармалы алқаптардың топырақ құнарлылығын арттыруға бағытталған арнайы зерттеулер жүргізуді енгізбеді. Күріш институтын нысаналы-бағдарламалық қаржыландырудың әкімшілік кедергілерін азайту мақсатын көздейтін дербес ғылыми-техникалық тапсырма қолданбады.
Айта кету қажет, Күріш институтының ғалымдарымен кездескенімізде ғылыми жұмыстарды нәтижелі жүргізу және ғылыми кадрларды қалыптастыру үшін бағдарламалық-нысаналық қаржыландыру негізіндегі жобалардың аса маңызды екенін және олардың мерзімін 3 жылдан 5 жылға созу қажеттігін, институттың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға бағытталған және құзырлы ресми органдардан оң қорытынды алған мемлекеттік инвестициялық жобаны қаржыландыру өз шешімін таппағанын жеткізді.
Бұл жағдайды өзгерту – ортақ міндетіміз.
Біріншіден, ғылыми зерттеулерді өндіріс пен бизнеске бағыттау қажет. Әсіресе ауыл шаруашылығы, экология, цифрлық технология және жасанды интеллект саласында ғылымды нақты нәтижеге жеткізу маңызды.
Екіншіден, ғалымдардың еңбегі лайықты бағалануы тиіс. Жас мамандар ғылымнан кетпей, осы салада қалып жұмыс істеуі үшін бәсекеге қабілетті жалақы мен әлеуметтік қолдау қарастырылуы қажет.
Үшіншіден, ғылым мен бизнестің арасын жақындататын заңнамалық базаны күшейту маңызды. Парламент нақты шешім қабылдап, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға қолайлы орта жасауы қажет.
Ғылым – елдің болашағы. Егер ғылым мен өндірісті ұштастыра білсек, Қазақстанның әр саладағы бәсекеге қабілеттілігі артады. Президент атап көрсеткен кемшіліктерді жойып, ұлттық мүддені қорғап, болашақ ұрпаққа мықты мемлекет қалдыруға болады.
Сондықтан ғылым саласын жаңғырту – тек салалық мәселе емес, бұл – ұлттық қауіпсіздік пен ел дамуының стратегиялық кепілі.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемұлы Рүстемов




