Орман өртіне дайындық пысықталды

Жыл басынан бері елімізде 4855 гектардан астам аумақта 34 орман өрті тіркеліп, табиғи апат орын алды. Әсіресе, солтүстік өңірлерде орман өрті жиі орын алады, бірақ нағыз аптап ыстық алда екенін ескерген жауапты мамандар дабыл қағуда. Алдағы жазды құрғақ әрі өрт қаупі жоғары болады деп болжаған Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев өрт маусымына дайындық жайында мәлімдеме жасады. Әрбір облысқа дайындықты пысықтауды тапсырды. Осыған орай, жылдағы дәстүр бойынша жаңақорғандық төтенше жағдайлар бөлімі, орман шаруашылығы қызметкерлері мен ауылдық округтегі мемлекеттік қызметкерлер алдын алу жұмыстарына білек сыбана кірісті.
Еліміздің оңтүстік өңірлері үшін өрт маусымы 26 наурызда басталды. Батыс, солтүстік және орталық өңірлер үшін 7 сәуірден, шығыс аймақта 14 сәуірден бастап өрт қауіпті кезең деп белгіленді. «Бұл дайындық шаралары орман өрті жиі болатын 11 өңірді 100% жарақтандыруға мүмкіндік береді», – деді Экология вице-министрі. Сондай-ақ биыл 5,6 млн гектар мемлекеттік орман қоры дала өртін ерте анықтау жүйесімен қамтылады. «Өткен жылдардағы ірі орман өрттерін талдау нәтижесіне сәйкес олардың туындауының негізгі себептері: өрттің даладан ауысуы мен құрғақ найзағай, ал таралу себептері: алшақтық, жетуге қиын жерлер және жол желісінің болмауы. Қазгидрометтің болжамы бойынша биыл жаз өткен жылдарға қарағанда ыстық болады. Осыған байланысты облыс әкімдіктері дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша жан-жақты шаралар қабылдап, орман шаруашылықтарының күштері мен құралдарын толық жауынгерлік дайындыққа келтіруі қажет» – деді Шәрбиев.
Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің хатына сәйкес, өрт қауіпті кезеңде орман, дала өрттерін болдырмау және оның алдын алу мақсатында оқу-жаттығу өткізілді. Оқу-жаттығу Жаңақорған ауданының Кейден ауылдық округіне қарасты «Жаңақорған орман және жануарлар дүнесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің №37 оралымында ұйымдастырылды. Аптап ыстықта кез келген шоқ үлкен өртке айналатыны түсінікті. Сондықтан бүгінгі оқу-жаттығу жиынында Жаңақорған ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі №14 өрт сөндіру бөлімінің күш-құралдары мен орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің өрт сөндіру бөлімінің бірлескен күшімен сөндіріледі. Бұл жиынға аудан әкімдігі бастаған топ, Кейден мен Жаңарық ауылдық округі және медицина, полиция бөлімінің қызметкерлері ат салысты. Аудан әкімінің орынбасары Бақтияр Ахметов арнайы жаттығу барыныс қадағалады.
– Жалпы дайындыққа Жаңақорған ауданының азаматтық қорғау гарнизонының қызметкерлері, «Жаңақорған орман және жануарлар дүнесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-нің қызметкерлері және Кейден ауылдық округі әкімдігінің ерікті өртке қарсы құрылымдары мен техникалары қатыстырылып, бірлескен өрт тактикалық жаттығуын бір пысықтап алдық. Осындай уақытта суға кету, өрт оқиғасы тіптен өршиді. Осындай төтенше жағдайға дайын болуымыз керек, – деді Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы азаматтық қорғау полковнигі Әбділда Баякеев.
Аудан көлеміндегі жалпы орман қоры жері – 791 557 гектар. Осы орман қоры жері 4 орманшылыққа бөлінеді. Жаңақорған, Төменарық, Ақтас және Түркістан орманшылығы.
– Жаңарық ауылдық округі әкімдігінің ерікті өртке қарсы құрылымдарынан қызметкерлер мен тиісті техникалар келді. Былтыр да осы аумаққа дайындық жұмысына жұмылдырылғанбыз.Табиғат байлығын қорғау әрбір тұрғынның азаматтық парызы деп білеміз. Сондықтан кейдендік қызметкерлер үшін оқу-жаттығу жұмысы таңсық емес. Біз әрдайым дайынбыз, – деді ауыл әкімі Серікбай Құлатаев.
Иә, жоғарыда келтірілген мәліметтерге сәйкес қазіргі таңда аудан көлемінде тұрғын үй секторында өрт оқиғаларының көбейгендігі алаңдатарлықтай. Төтенше жағдайлар бөлімінің дерегіне сәйкес, өрт оқиғаларының басты себептері электр қондырғыларын, желілерін құру, пайдалануда және тұрмыстық пештерді қолдануда өрт қауіпсіздігі ережелері талаптарының сақталмауынан. Сонымен қатар, азаматтардың белгіленбеген орындарда темекі шегуі салдарынан, отты пайдаланудағы аңғалдық пен баланың отпен ойнау, сонымен қатар басты назар аударатын жайттың бірі тұрмыстық газды пайдаланудағы аңғалдық салдарынан екен.
Сонымен қатар тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде электр сымдарын орнату ереже талаптарының сақталмауы салдарынан орны толмас шығынға әкеліп соғуда. Қора мен тұрғын үйдің маңын тазарту жұмыстарын жүргізу кезінде ашық отты пайдаланып бақылаусыз қалдыру салдарынан тұрғын үйге, оның ауласындағы басқа құрылыстарында өрт оқиғасы орын алуда. Төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын сақтамау өз меншігіңіз бен денсаулығыңызға және де өзге де азаматтардың меншігіне, табиғат байлығы мен мемлекет мүлкіне үлкен зиян келтіресіз. Төтенше жағдай немесе өрт оқиғалары болған жағдайда тез арада «101» немесе «23-1-01» телефонына хабарласу керек.
Жалпы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Өртке қарсы қызмет комитетінің мәліметінше, елімізде жылына 10 мыңнан аса өрт болып, 300-ге жуық адам қайтыс болады. Былтыр 7 560-тан астам өрт оқиғасы тіркеліп, 229 адам қаза тапқан. Алаңдатарлығы, өрт жиілеп, кісі өлімі де жыл сайын көбейіп келеді. Таяу жылдары Ресей, Түркия, Канада, АҚШ, Аустралияда ірі орман өрттері болды. Миллиондаған гектар алқап қызыл жалынға оранды. Орманмен бірге аң-құс, өсімдік, жан-жануар, адамдардың үйлері, елді мекендер өртенді. Өрт сөндірушілер қаза болды.
Елімізде орманды алқап аз болғанына қарамастан, орман өртінің қаупі азаймай тұр. Қостанай, Семейдегі орман өрті бүкіл елімізді әбігерге салғаны күні кеше. Елімізде орман өте аз. Орманы аз елдің экологиясы құбылмалы. Ормансыз елде қуаңшылық көп болады. Әлемнің жылынуы мен су қорының азаюы, экологиялық апаттардың дені орманның аздығынан туындап жатады. Сол үшін әлем экологтары үнемі дабыл қағып, ағаш егуді, жасанды орман үлесін көбейтуді, табиғи орман алқабын сақтауды айтып жатады. Бұл мақсатта жылына халықаралық ірі конференциялар, БҰҰ-ның жиындары өтеді. Сонда да жыл сайын әлемде орман азайып барады. Өйткені технология дамығанымен, соған қажетті ағаш өнімін пайдалану көбейіп келеді. Өкініштісі осы.
Әли ТЕМІРБЕК