СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНАН КЕЛГЕН ДЕЛЕГАЦИЯ ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНДА

Кездесуге Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Исаев Ауелбек Қорғанбекұлы, "AMANAT" партиясы Қызылорда облыстық филиалының заң-консультанты Алшынбеков Сәбитбек Тынысбекұлы, "Serpin Qoldau" кеңесінің жетекшісі Смайл Насихат Бекарысқызы, қоғам белсенділері Болат Нұрқожаев пен Жасұлан Жақыпов қатысты.
Кездесу барысында делегация мүшелері Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударуға қатысты мемлекеттік қолдау шараларын таныстырып, қоныс аударушыларға ұсынылатын мүмкіндіктер туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, «Еңбек күші артық өңірлерден» жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасының тиімді тұстары түсіндірілді.
Айта кетейік аталған бағдарлама аясында Шиелі ауданынан қоныс аударған тұрғындар да кездесуге арнайы келіп, қазіргі таңдағы жай – күйімен таныстырып өтті. Дәл қазіргі сәтте қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан жан басына 270 000 (екі жүз жетпіс мың) теңгеден қаржылай көмек берілсе, алатын тұрғын үйінің 50%- ын мемлекет тарапынан төленетіндігін де атап өтті.
Бұл шараның мақсаты – халықты Солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ынталандыру және жаңа ортаға бейімделуіне жәрдемдесу болып табылады.