Достықты ұлықтаған елміз

Алғыс айту күнінің басты мәні – тарихи жадыны сақтау, ұрпақтар сабақтастығын жалғап, елдің бірлігін бекемдеу. Ортақ Отанымызды мекендеген түрлі этнос өкілінің туған өлкеге деген кіршіксіз алғыс сезімі мерекеге ерекше мағына дарытқандай. “Руханият орталығында” өрбіген көктемнің алғашқы мерекесі «Алғыс айту» күніне арналған мәдени шараға аудан әкімі Мажит Самитұлы арнайы қатысты.
Бұл күн – қазақстандық патриотизмнің, достық пен бірліктің, мәдени саналуандығымыздың жарқын күні. Шуақты мерекеде бір-біріне алғыс айтып, рақметін білдіруге ниетті жандардың мерейі тасиды. Қазақтың қонақжай, бауырмал халық екенін бауырындағы түрлі ұлт пен ұлыстың бір тудың астында бір үйдің баласындай тұрмыс кешуінен аңғаруға болады. Қазақстанды мекендеген түрлі этностың ізеті мен ілтипаты, сыйластығы мен салт-дәстүрге құрметі бір. Осындай құрметтіліктің көрінісін “Руханият орталығына” мерекелік кешке жиналған түрлі этнос өкілінің тілегі бір арнада тоғысқан жарқын лебіздерінен аңғардық.
Бүгінде Жаңақорғанда 19 өзге ұлт өкілінен 551 тұрғын тұрады. Оның ішінде, түріктер – 165, орыс – 149, корей – 84. Барлығының да қиын-қыстау кезеңде ата-бабаларына суықта пана, ыстықта сая болған қазақтай дархан халыққа алғысы шексіз.
Аудандағы ардагер аналар қатарында корей мен түрік этносының өкілдері мерекенің маңызын тарқатты.
– Кең байтақ елімізде бауырлас этностар ынтымағының берік болуының арқасында берекелі күн кешудеміз. Жаңақорған – ата-бабамның құтты қонысы, кіндік қаным тамған туған жерім. Осында білім алдым, бақыт таптым, жүйелі қызмет еттім. Барша отандастарыма риясыз көңілмен алғыс айтамын, – деді Саламат Юсупова.
Мерейлі мерекеде бас қосқан бәрінің де жүрегі «қазақ» деп соғып тұрғандай. Кітапхана залында арнайы жасақталған бұрышта тарихи дәуірден сыр шерткен құнды жәдігерлер мен шығармалар топтастырылыпты. “Руханият орталығын” арнайы аралап көрген аудан басшысы бастаған зиялы топ ассамблея орталығында болып, Жаңақорғанды мекендеген диаспораның жалпы жағдайымен танысты.
Орталықтың конференц-залында өткен мәдени шара ХХ ғасырдың 30-50 жылдары қазақ даласының тарихын суреттеген бейнебаянмен ашылып, ел-елден жер ауып келген үрлі этнос өкілдерін төріне шығарып, бір атаның ұрпағындай туыс боп өмір кешкені өткен күннің өнегесі керемет әсер қалдырды. Әлі де осы ұрпақ сабақтастығы жалғасып келеді. Жаңақорған топырағында да өзге деп өзегінен теппей, қайта ағайындай араласып кеткен этнос өкілдері жетерлік. Бір мүдде жолында ортақ жүкті көтеріп жүрген жерлестерді аудан әкімі Мажит Самитов құрмет биігіне шығарды.
– Бұл – бірлік пен татулықтың, құрмет пен ізгіліктің мерекесі. Гүл көктемнің алғашқы әрі шуақты мейрамы. Жыл сайын 1 наурыз этностардың бір-біріне мейірімділік танытып, оларды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде аталып келеді. Сонымен бірге, бұл күн – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні. Биыл оның 30 жылдық мерейлі мерекесі, – деді аудан басшысы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының 33 сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган» деп атап өтті. Шынында, осы 30 жыл ішінде Қазақстан халқы ассамблеясы Қазақстанда тұрақты қоғамдық-саяси жағдайды қамтамасыз етуде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздегі түрлі этнос өкілдерін бір шаңырақ астында топтастырып, ортақ елдік мүддеге жұмылдырып отыр.
Алғыс айту күнінің Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған күнімен орайластырылуы да тегін емес. Жалпы ризашылық білдіру жұртшылықты жақындастырады, қоғамдағы түсіністікті қалыптастырады, адамдар арасындағы сыйластық пен татулықты одан әрі нығайта түседі. Сондықтан бұл мереке бүгінде жалпыхалықтық сипат алды, үлкен-кіші бір-біріне алғыс айту арқылы құрмет пен мейірім арнасын кеңейтті.
Көпшілік бас қосқан жиында аудан әкімі жеке кәсіпкерлер, денсаулық және білім саласында сапалы еңбек етіп жүрген біршама қызметкерлер мен зейнеткерлерді марапаттады. Аудан әкімінің «Алғыс хатымен» біршама еңбеккерлер марапат биігінен көрінді. Салтанатты кеште одан әрі, әуелеген әндер сахна төрінде шырқалды. Қазақ, орыс пен өзбек, қырғыз әуендері көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мың бұралған бишілер түрлі ұлттың биінен үзінді қойды. «Алғыс айтқым келеді» атты концерттік бағдарлама Кенже Әкімбаеваның орындауында «Алғыс» әнімен қорытындылады.
Мақпал МАРҚАБАЙ