№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Алтын алма, алғыс ал...

Алтын алма, алғыс ал...


АЛҒЫС АЙТУ КҮНІНІҢ БАСТЫ МӘНІ – ТАРИХИ ЖАДЫНЫ САҚТАУ, ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ МЕН ІРГЕСІ БЕРІК НЕГІЗДЕГІ ЕЛ БІРЛІГІН НЫҒАЙТУ. ОТАНДАСТАР МЕН ТУҒАН ӨЛКЕГЕ ДЕГЕН КІРШІКСІЗ АЛҒЫС СЕЗІМІ БҰЛ МЕРЕКЕГЕ ЕРЕКШЕ ТЕРЕҢ МАҒЫНА БЕРЕДІ.
БҰЛ – ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ САЛТАНАТТЫ ШАРАҒА АРНАЛҒАН ҚҰТТЫҚТАУЫНАН ҮЗІНДІ.
Иә, көктемнің алғашқы мерекесі «Алғыс айту» күні үшінші рет тойлануда. Бұл күн қазақстандық патриотизмнің, достық пен бірліктің, мәдени саналуандығымыздың жарқын күні. Шуақты мерекеде бір-біріне алғыс айтып, рақметін білдіруге ниетті жандардың мерейі тасиды. Осындай көңіл-күй «Ордакент» ардагерлер және жастар ресурстық орталығындағы шарамен жалғасты.
Қазақ қашанда қонақжай, бауырмал халық екенін бауырына басқан 130-дан аса ұлтты жатсынбай, бір тудың астында, бір үйдің балаларындай тұрмыс кешуінен аңғаруға болады. Ізеттілігі мен ілтипаттығы, сыйластығы мен салт-дәстүрге құрметі бір. Аудан орталығында өткен мерекелік кешке жиналғандардың арасында әр түрлі ұлт өкілдері бар. Ешбірі өзін «түрік», «орыс», «кәріспін» деп тұрған жоқ. Бәрінің жүрегі «қазақ» деп соғады. Осылай басталған шараны ХХ ғасырдың 30-50 жылдары қазақ даласының тарихын суреттеген бейнебаян ашты. Ел-елден жер ауып келген әр түрлі этнос өкілдерін баласындай бауырына, досындай төріне шығарып, бір атаның ұрпағындай туыс боп өмір кешкені керемет әсер қалдырды. Әлі де осы ұрпақ сабақтасығы жалғасып келеді. Жаңақорған топырағында да өзге деп өзегінен теппей, қайта ағайындай араласып кеткен басқа ұлт өкілдері жетерлік. Бір мүдде жолында ортақ жүкті көтеріп жүргені үшін оларға аудан әкімі Ғалым Әміреев құрмет көрсетті.
– Бұл күн қазақстандықтардың бір-біріне деген сыйластықтың, елдегі тұрақтылықтың белгісі іспеттес. Бұл тек алғыс айту күні ғана емес, Тәуелсіз елде татулықта күн кешіп жатқан әр түрлі ұлт өкілдерінің тарихына деген құрмет. Сондықтан, баршаңызды, көктемнің шырайлы күнімен келіп жеткен «Алғыс күнімен» жын жүректен құттықтаймын, – деген аудан басшысы жаңақорғандықтардың отбасыларына табыс, бірлік, ынтымақ тіледі. Құттықтау сөзден кейін, жеке кәсіпкерлер, денсаулық және білім саласында сапалы еңбек етіп жүрген біршама қызметкерлер мен зейнеткерлер марапатталды. Аудан әкімі және облыстық маслихат хатшысының «Алғыс хатымен» қатар, республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының «Елеулі еңбегі үшін» орденімен біршама еңбеккерлер марапат биігінен көрінді. Сондай-ақ, ауданның «Құрметті азаматы» атағы бірқатар азаматқа табысталды.
Одан әрі, әуелеген әндер сахна төрінде шырқалды. Қазақ, орыс пен өзбек, қырғыз әуендері көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мың бұралған бишілер де түрлі ұлттың биінен үзінді қойды. «Алғыс айтқым келеді» атты концерттік бағдарламаны «Сарын» тобы «Бір үйдің баласындай» әнімен қорытындылады.
– Нағыз алғыс – жылы жүректен, риясыз көңілден шығады. Сондықтан, құрмет көрсетіп жатқан аудан әкіміне рахыметімді айтам. Жалпы, қазақ деген елде тұратыныма Жаратқанға тәубе етемін. Әсіресе, бір шаңырақтың астында тамырлы туыстай етіп ұйытып отырған Елбасына алғысым шексіз. Сол үшін де «шүкір» деймін. Менің келбетім өзге болғанымен жаным қазақ, – деді №169 Н.Илялетдинов атындағы орта мектептің ұстазы Татьяна Корнева.
Бүгінде Жаңақорғанда 19 өзге ұлт өкілінен 551 тұрғын тұрады. Оның ішінде, түріктер – 165, орыс ұлты – 149, кәрістер – 84. Барлығы да қиын-қыстау кезеңде ата-бабаларына суықта пана, ыстықта сая болған қазақтай дархан халыққа алғысы риясыз.
Түйіндей айтқанда, татулық пен достастыққа бастаған ізгі шараның тәрбиелік мәні зор. Алғыс айту күні халық достығын, ынтымағын нығайтып, ел мүддесін ортақ бір арнада тоғыстыратын мерейлі мереке. Оның астарында өзара құрмет пен сенімді ту еткен қазақстандықтарды біріктіруші күш, ізгілікке шақырар ілтипат, сезімге толы сенімділік жатыр.

Бек ЖАРЫҚБАЙ.
03 наурыз 2018 ж. 2 104 0