Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Малшы Мехнаты



Қалтырауық қаңтар, қытымыр аяз. Ақтүтек тұман айналаны шала көлеңкелеген. Таңның ызғырығы денені қарып, өн бойыңды ептеп қалшылдатады. Жаңбыр соңынан қар жауып жердің бетін дене тіктей алмастай мұз қатқан. Осындай мұзды күні төрт түлік малдың қамы үшін өрісте жүрген малшылар қалай күн кешеді десеңізші?
Күн ұясынан шықпай тұрып Берік іске кіріскен. Қыбырламай қайтсін? Он жанның тамағы мен киім-кешегіне нәпақа табу оңай шаруа емес. Тоғыз баланың болашақ тағдыры үшін тауқымет кешіп жүр. Жары Ұлтудың ыстық шайын сіміріп, қалтасына бір жапырақ нан мен құрт салды. Өріске мал жаюға асықты білем, тысқа тез шықты.
«Мал иесін таниды» деген рас-ау! Берікті көрген бойда қорадағылар маңырай бастады. Иесі де осыны күткендей «Жә, жетер! Қазір өріске кетеміз» деп сыбырлап қояды. Қораның ілмегін ағытқаны сол еді, қойлар жамырай бастады. Ол бұл жолы «Қаратөбеліне» мінбеді. «Аттың үстінде қимылсыз отырып жаурап қалармын» деген оймен жаяу жүріп келеді. Бағыты Ақсуаттың төңірегі. «Шошқа тамның» өр жағы. Қардың қатты қамытынан қылтиып көрінген жусанның, бетегенің, қарасораның, алабұтаның, жыңғылдың тұқылын кеміргіштеген қой тісінің қыршылы мен тұяқ тырсылы естіледі. Кейде дыбыс жадау, кейде қатаң шығады. Құлақ түргенге әуен ырғағындай естіледі. Тапжылмай тыңдағанға дүние ән салып тұрғандай... Күдір-күдір, сырт-сырт... Сықыр-сықыр, шырт-шырт...Арасында тұяқтың да тықылы қосылады. Ойпырмай, Әбілақат Еспаев «Қошақаным» әнін текке шығармаған-ау, сірә! Оның көкейіне сол әннің сөздері құйыла кетті...
Берік те текті жан екен. «Е, мал соңында жүрсең, әнші былай тұрсын, композитор болып шығасың» деп қалжыңдап қояды. Одан соң сөзі ұйқас таппаса да, уақыт ұттыру үшін бірнеше жанынан шыққан әндерден жіберді. Әндетіп келе жатқанда қалай үйден ұзап кеткенін білмей қалғандай. Мал да байыз тауып, бір орынға тұрақтады. Күннің көзі көрініп, таңертеңгі аяз басылды. Бір кезде отардың ішінде ешкінің дауысы еміс-еміс естілді. Жақындай түскенінде, жарықтық Шекшек атаның ұрпағын жарық дүниеге әкелуге әрекеттеніп жатқан екен. Қойшы иығындағы дорбасын тастай сала ешкіге жәрдемдесті. Бір сәтте ешкі өзі секілді көкшулан қос лақтың маңдайын иіскеп тұрды. Мал иесі ешкінің айызын қандырып алған соң төлдерді күпәйкесіне орап, жылқының сауырынындағы кең дорбаға салды. Түс ауа бастағанда бір жыңғылдың түбіне қойшының көзі түсті. Қыбырлаған бірнәрсе ағараңдады. Жанына барып еді, қара қозы екен. Денесі кеуіп үлгермеген. Көзі әлі ашылмаған. Бекең дереу тамағына ауызбен жел беріп үрлеп, үстін таза шүберекпен құрғатты. Шаранасына тұншығып тұрған қозы маңырап сала берді.
О тоба, қошақанның анасы қайда? Мынау жайылып жатқан мыңдаған қойдың арасынан аналықты қалай танып аласың? Берік өз ісіне епсекті. Отар ішін кезіп, бір қойдың тұяғына жармасты. Дереу жығып құлатып, қозыны бауырына салды. Бір-екі тепсініп, бір кезде бойы үйренді ме, қой да қошақанын емірене бастады. Сөйтсек, алғашқы тумасы екен. Өрістің басы үйге бет алды. Қойшы қозы мен лақтарын әр жерден бір теріп, суық шалмасын деп денелерін жылы ораумен әлек. Бесін уақытында қой қораға кірді. Ұзын астауларға жем салып шықты. Қойлар жаңа ғана өрістен келгенін ұмытқандай, жапатармағай жемге ұмтылды. Одан соң баспалы құдықтан су айдады. Жануарлар тоқмейілсіп, күйіс қайтара бастады. Тұяғы өскен ешкінің табанын қақты. Аузы іріген қойдың ауызына дәрі септі. Құлағы қотырдың құлағын емдеді...Қойшы құптан кірген сәтте демін алды. Бұл сәтте жары да кешкі ас қамдап қойған. Ас бойға сіңген соң, Берік сыртқа шықты. Мал қораға кіріп, көзімен төңіректі бір шарлап қойды.
«Бүгінгі түнде бес ешкі, сегіз қой қоздайды» деді. Құтты бір қойлардың дәрігері секілді! Оны қайдан ұққанын кейін аңғардым. Мал биіктеу жерге жатса, бүйірі төмен түссе қоздайтынының белгісі екен. Түн ұйқысын төрт бөлген қойшы шам жарығымен қораға кірумен болды. Бар ойы жаңа туған қозы-лақты аман алып қалу. Қошақандарды уызға тойсын деп, түнде екі-үш рет бауырлатты. Үсіп өлмесін деп үйге әкеп, жәшікке салып қойды. Тіпті, қойшының отбасы қозы мен лақтың дауысына үйренген. Түнімен жарыса маңыраса да қалың ұйқыда жатты. Малшы қауымның бір күндік өмірі тұтас бейнетке құрылғандай! Суық күнде мұзды аяқ болып, желдің өтінде жүру шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді. Жетім қозыны жетілдіру мен жем шөпті дайындау да нәубет. Олармен өткен бір күнде «біз қойшы қауымды қаншалықты бағалап жүр екенбіз?» деген ой оралды...
ТҮЙІН. Біз әңгіме еткен қойшы Берік Төрежанов қай қырынан алсақ та мақтауға тұрарлық жан. Жары Ұлтуар Мырзагелдиевамен бақытты отбасын құрып, тоғыз баланы жетілдіріп отырған жайы бар. Үлкен отбасын адал іспен асырап отырған жігіттің ісі жастарға үлгі болсын ниетпен әңгімені ұсынып отырмыз....

                                                                                                                                          Мақпал МАРҚАБАЙ
22 қаңтар 2024 ж. 236 0