Кәсіптің кілті қолында
Аудан жұртшылығы Жанболат Фейзуллаевті «автокөлік жөндеу шебері» ретінде жақсы таниды. «Мың естігенше, бір көрген артық» дегендей іскер азаматпен арнайы барып көзіммен көргенді дұрыс көрдім.
Сонау Кеңес дәуірінде жаппай департациялау кезінде ауданға бір топ түрік ағайындар көшіп келген екен. Олардың арасында Фейзуллаевтің отбасы да бар еді. Осы өлкені жатсынбай, қазақпен бірге тіршілігін бастаған отбасы бүгінде саялы бәйтеректей тамырын тереңге тартқан үлкен бір әулет болып отыр. Әулет абыройын асқақтатып, ұрпақтарына саналы тәрбие берген Күлхан апа осы күнге шүкіршілік етеді. Ол: «Балаларымды кәсіп етіп, елмен қатар қарекет етуге баулыдым. Әрдайым «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұлағатты құлақтарына құйып отырдым. Қазір жаман емес, өз күндерін өздері көруде. Ешкімге қол жаймай, тер төгіп еңбек етуде», – деді. Перзенттерінің ішінде Жанболаттың алғыр әрі пысық екенін де ана көңілі жасырмады.
Анасы мақтан еткен жігітпен жолығып, сырласудың сәті түсті. Біз оны нағыз жұмысының қызған сәтінде көрдік. Есігінің алдында қағылған-соғылған әртүрлі модельдегі көліктер кезек күтіп тұр екен. Соның бірін түзетіп, қалпына келтіріп жатқан Жанболат маңдай терін сүртуге мұршасы болмай, жанын бере жұмыс жасап жатты. Тіпті, бізге қарай мойын бұруға шамасы жоқ. Арада біраз уақыт өткен соң, жөндеу жұмысы аяқталып, көліктің көркі көз тартты. Автокөліктің иесі сапалы шыққан жұмысқа ризашылығын білдіріп, Жанболаттың арқасынан қайта-қайта қағып, алғысын білдірді.
Темір тұлпармен таң атқаннан бері алысып жатқан Жанболат бір уақыт дем алып отырып, әңгімесін бастады. «Көлікті қалпына келтіру оңай шаруа емес. Кейбір жағдайда күрделеніп, бір немесе екі ай қол ұстайтын кездер болады. Тіпті, пайдаланатын материалдардың жоқтығы да басты мәселе. Өзім осы саланың маманы болмасам да, бұл кәсіпті өз бетімше үйренген жанның бірімін. Осындай нүкте ауданда алғаш ашылған кезде, олардың жұмысын жіті меңгеру барысында тегін 6-8 ай шамасында қызмет еттім. Біраз үйренгеннен соң, осы кәсіпті өз ауламда бастауды жөн санадым. Несие алып, қызу жұмысты бастап жібердім. Тәубе қазір, жұмысым алға басуда. Авто жуу орталығы мен автожөндеу шеберханасымен халыққа қызмет етудемін», – деді.
Осындай еңбекқұмар жігіттің жары Зухра Османованың да кең жүректі жан екеніне куә болдық. Бізге қонақжайлық танытып, төрлетуімізді сұрады. Қазақы оюмен бедерленген қалың көрпеше үстінде отырып, қазақтың салт-дәстүрін құрметтейтін жан екеніне риза болдық. Қызы Эленора мен Диана су ұсынды. Отбасында қазақ тілін қолдануы мен қарапайымдылығы жанымызды жылытты. Берекелі отбасына «Тіл көзіміз тимесін» деген ниет айтып, жұмысына табыс тіледік.
Мақпал Патенова.