» » «Kieli Tabigat»: Тазалық – денсаулық кепілі

«Kieli Tabigat»: Тазалық – денсаулық кепілі


Еліміздің барлық өңірінде «Kieli Tabigat» экологиялық акциясы өтті. Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен 16 қыркүйек күні еліміздің барлық өңірінде сакралды нысандарды және ұлттық табиға парктердің аумағын тазалауға бағытталған «Kieli Tabigat» республикалық экоакциясына Жаңақорған ауданының жұрты да өз үлесін қосты.


Тіршілігінде ойы мен бойын таза сақтап қана қоймай, отырған орнын, айналасын ұқыпты ұстауға ұмтылатын кім болсын тазалыққа аса мән беретін болса керек. Ал өмірден өтіп кеткендер өзінен кейінгі ұрпақтың қамқорлығына аса зәру. Міне, осы бағытта бірауыз­дан қозғалысқа шыққан облыс халқы акция аясында киелі орындар, тарихи ескерткіштердің айналасын тазартуға ден қойды.
Тазалық жұмыстары таңғы сегізде басталып кеткен «Сығанақ» тарихи кешенінің айналасында 300-ден аса жастардың қарасы байқалды.
Республикалық деңгейде ұйым­дастырылып жатқан «Киелі табиғат» акциясына Мәдениет және ақпарат, қоғамдық даму министрлігіне қарасты облыстағы және аудандық бөлімдердің қызметкерлері, облыстық тарихи музей мен Жаңақорған және Шиелі аудандық тарихи музейі қызметкерлері, спорт саласы мамандары, екі ауданның Жастар ресурстық орталықтары қызметкерлері және Сунақата ауылының жастары бас қосты.
Облыстық мәдениет және спорт басқармасының тарихи мұра және кітапхана бөлімінің басшысы Жанар Жакипова сөзінде: «Жастарымыз киелі орындарға тәу етіп келуі өз алды­на, саяхаттап шыққан экскурсанттар соңының кейде шашылып қала бе­рері белгілі. Бұл қозғалыс арқылы тарихи орындарға қамқорлық жасап, айналамызға үлгі болуды ниет етіп отырмыз» дейді.
Ия, шынында жүздері жадыраған жас толқын бүгінгі күні киелі орынға табаны тиіп, тағзым етумен бірге айналасын аялы қамқорлыққа алып, шөптерін шауып, күл-қоқыстан айнадай тазартып, жабыла жұмыс атқарды.
Көпшілік шараға таңғы алтыдан ұйқыларын қиып, алыс жолдан ат терлетіп жеткен жастарға ыстық бауыр­сақпен шай беруді қамдаған Шиелі ауданындағы үш бірдей музей – Ыбы­рай Жақаев және Нартай Бекежанов атындағы, сонымен бірге аудандық тарихи өлкетану музейі қызметкерлері бар, ашық далада қазан асып, май исінің аңқып жатуы да әруақтарға тие берсін деп шелпек тарататын қазағымның ізгі дәстүрімен жымдасып, көңілге жылылық ұялатты.
Ия, шын ниеттенсе бітпейтін іс жоқ. Бір жағынан елжандылыққа үндесе, бір жағынан айнала тазалығына бағыттал­ған ізгі шараны ұйымдастыра білген облыстық және аудандық қоғамдық даму басқармасы мен бөлімдері, Жастар ресурстық орталығы жеткешілері және Сунақата ауылы әкімдігі мен аудандық салалық мекеме басшыларының сенбі күнгі ұйымдастыру жұмыстары осындай нәтижемен қорытындыланды.
Акцияға аудан жұртшылығы түгел атсалысып, кент пен ауыл аймақтарда тазалық орнатуға күш салды. Сенбілікте Жаңақорған ауданындағы 2 кент пен 24 ауылдық округтегі 35 елді мекен толық қамтылды. Аудандағы білім беру, медицина, мәдениет, спорт, кәсіпкер­лік саласындағы мекемелер, аудандық, облыстық, республикалық мемлекеттік органдардың ведомстволық бөлімдері белсенділік танытты. Жалпы айтқанда, 136 мекемелер мен ұйымдар, аудан тұрғындары қатысты. Сенбілікте елді мекендердің орталық көшелері, демалыс орындары, көшелер, мекеме аулала­ры күл-қоқыс пен шөптен тазарты­лып, қоршаулар сырланды. Жолдар жөнделіп, билбордтар ауыстырылды. Шабылған шөптерді тасуға 20 техника жұмылдырылды. Тарқата айтсақ, қо­қыс таситын, жүк артатын, су себетін техника көмегімен140 тоннадан астам қоқыс тазаланып, шығарылды.
«Сығанақ» қалашығынан бастау ал­ған экоакция аясында кенттегі тари­хи ескерткіштер, «Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына» арнал­ған монумент маңында жалғасты. Ак­цияның мақсаты халық арасында эко­логиялық мәдениетті қалыптастыру, сакралды және ұлттық табиғи парктер, тарихи-мәдени орындарда өзін дұрыс ұстау экологиялық мәдениетін дамыту және болашақ ұрпаққа тарихи-мәдени мұрамызды жеткізуге бағытталды.
Жалпы, табиғатты аялау, құрметтеу, тарихи жәдігерлерді сақтау ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан үрдіс. Осы үрдісті аға буын бойына сіңірді. Ендігі мақсат осындай акциялар арқылы сол тәлім-тәрбиені өскелең ұрпаққа жеткізу парыз. «Kieli Tabigat» жобасы осы оң тенденцияны нығайтуды және дамытуды көздейді.
«Kieli Tabigat» акциясына қаты­сып, белсенділік танытқан Жаңақор­ған аудандық тарихи-өлкетану музейі­нің ғылыми қызметкерлері Мөлдір Дюсенбаева:
– Экоакцияға нағыз париоттар бел­сенділік танытып, өзінің тарихына, елінің құндылығына қамқорлық жүрекпенен тазалық жұмысын атқарып, сенбілік­тің маңызын арттырды деп санаймын. Біздің ұжым да ауызбіршілікпен осы сенбілікте бой көрсетіп ғана қоймай, мұндағы әрбір тастың, әр жәдігердің еліміз үшін өте бағалы екенін ұғындырдық. Барша жерлестердің сенбілікке деген ынтасын байқап, ерекше қуаныш сезімі жүрегімізге ұялады, – дейді.
Расында, бұл сенбіліктің өзге сен­біліктен айырмашылығы көп. Бірін­шіден, акция аясында тарихи-мә­де­ни ескерткіштерімізді күтіп-баптасақ, екіншіден барлық аумақта сенбілік жұмысы қарқынды өтті. Ауа райының қолайлы болуы да Жаратқан иеміздің пендесінің ақ ниетін қолдағаны ма дедік.

Баян ҮСЕЙІНОВА,
Мақпал МАРҚАБАЙ

19 қыркүйек 2023 ж. 197 0