» » ТАБИҒАТҚА ТАЗАЛЫҚ ТӘН

ТАБИҒАТҚА ТАЗАЛЫҚ ТӘН


«Тазалық – денсаулық кепілі, денсаулық – байлық кепілі» дегендей, әрбір елім дейтін азамат тазалық мәселесіне бей-жай қарамауы тиіс. Осы ретте, әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ кеніш аймағындағы және Шалқия кентіндегі тазалыққа жауапкершілікпен қарап келеді. Оның дәлелі, жуырда акционерлік қоғамының басқарма төрағасының кеңесшісі Нәжмадин Мұсабаев бастаған кеншілер Шалқия кентінде тазалау, жаңғырту жұмыстарын жүргізді.
Алдымен, Жібек Жолы көшесі бойында тазалық жұмыстарын жүргізді. Яғни, тұрмыстық қатты қалдықтардан тазалап, жергілікті күл-қоқыс тастайтын полигонға жеткізді.
Сондай-ақ, шағын футбол, балалар алаңдарын қайта жаңғыртып, ақтау-сырлау жұмыстарын жасады.
– Әрбір қазақстандық азамат өз үйінің ауласын, көшесін таза ұстап, келешек пен жарқын болашаққа нық сеніммен жету жолындағы көше келбетінің орны бөлек екенін есте сақтаған жөн. Мәңгілік елдің ұрпақтары тазалық, саулық, байлық негізін ұстанары хақ. Осы жерде, айта кететіні, «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ Шалқия кентін қамқорлығына алып, үнемі әлеуметтік жауапкершілікті сезініп келеді, – дейді кеншілер кентінің әкімі Молдахмет Ауанов.
Ал, Сыр өңіріне белгілі азамат Нәжмадин Мұсабаев болса, көктемгі тазалық жұмыстары – саулықтың негізі екенін алға тартты.
– Ата-бабамыз тазалық мәселесіне ерекше мән берген. Тіптен, табиғи тепе-тендікті сақтауды, өзен-көлдерді ластамауды ұрпағына өсиет етті. Осы аманатқа сергек қарау мақсатында қолға күрек алып, тазалау жұмыстарын жүргіздік. Алдағы уақытта мұндай жұмыстар жүйелі жүргізілетін болады, – деді ол.
Мұндай бастаманы аудандағы өзге де мекемелер қолдап, тазалыққа мән берсе, экологиялық таза ауданға айналар ма едік?..

Айнұр АНАРБЕК.
24 наурыз 2018 ж. 3 059 0