№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ниет біріксе нығметті іс болады

Ниет біріксе нығметті іс болады



Тіршілігінде ойы мен бойын таза сақтап қана қоймай, отырған орнын, айналасын ұқыпты ұстауға ұмтылатын кім болсын тазалыққа аса мән беретін болса керек. Ал өмірден өтіп кеткендер өзінен кейінгі ұрпақтың қамқорлығына аса зәру. Міне, осы бағытта бірауыздан қозғалысқа шыққан облыс халқы акция аясында киелі орындар, тарихи ескерткіштердің айналасын тазартуға ден қойды.
Тазалық жұмыстары таңғы сегізде басталып кеткен «Сығанақ» тарихи кешенінің айналасында 300-ден аса жастардың қарасы байқалды.
Республикалық деңгейде ұйымдастырылып жатқан «Киелі табиғат» акциясына Мәдениет және ақпарат, қоғамдық даму министрлігіне қарасты облыстағы және аудандық бөлімдердің қызметкерлері, облыстық тарихи музей мен Жаңақорған және Шиелі аудандық тарихи музейі қызметкерлері, спорт саласы мамандары, екі ауданның Жастар ресурстық орталықтары қызметкерлері және Сунақата ауылының жастары бас қосты.
Облыстық мәдениет және спорт басқармасының тарихи мұра және кітапхана бөлімінің басшысы Жанар Жакипова сөзінде «Жастарымыз киелі орындарға тәу етіп келуі өз алдына, саяхаттап шыққан экскурсанттар соңы кейде шашылып қала берері белгілі. Бұл қозғалыс арқылы тарихи орындарға қамқорлық жасап, айналамызға үлгі болуды ниет етіп отырмыз» дейді.
Ия, шынында жүздері жадыраған жас толқын бүгінгі күні киелі орынға табаны тиіп, тағзым етумен бірге айналасын аялы қамқорлыққа алып, шөптерін шауып, күл-қоқыстан айнадай тазартып, жабыла жұмыс атқарды.
Көпшілік шараға таңғы алтыдан ұйқыларын қиып, алыс жолдан ат терлетіп жеткен жастарға ыстық бауырсақпен шай беруді қамдаған Шиелі ауданындағы үш бірдей музей – Ыбырай Жақаев және Нартай Бекежанов атындағы, сонымен бірге аудандық тарихи өлкетану музейі қызметкерлері бар, ашық далада қазан асып, май исінің аңқып жатуы да әруақтарға тие берсін деп шелпек тарататын қазағымның ізгі дәстүрімен жымдасып, көңілге жылылық ұялатты.
Ия, шын ниеттенсе бітпейтін іс жоқ. Бір жағынан елжандылыққа үндесе, бір жағынан айнала тазалығына бағытталған ізгі шараны ұйымдастыра білген облыстық және аудандық қоғамдық даму басқармасы мен бөлімдері, Жастар ресурстық орталығы жеткешілері және Сунақата ауылы әкімдігі мен аудандық салалық мекеме басшыларының сенбі күнгі ұйымдастыру жұмыстары осындай нәтижемен қорытындыланды.

Баян Үсейінова,
«Жаңақорған тынысы» газетінің редакторы.
04 қараша 2023 ж. 243 0