Құпия құжаттар не дейді?
Қазақ халқының зиялы қауымын жойып, рухын күл еткен азалы күндерде атамекеніміздегі аяулы азаматтарымыз түрмеге жабылып, бірі ату жазасына кесілсе, бірі итжеккенге айдалып кете барды. Біз осынау тарихи деректерді қайта тірілтіп, тың ақпарат алу үшін аудандық мұрағатқа табан тіредік. Ондағы мақсат тым үлкен.
Жасыратыны жоқ, жерлестерміздің көбі осы бір қанды қырғын жайында көп біле бермейді. Оған себеп, ақпараттың құпиялығы мен қолжетімсіздігі деуге болатындай. Біз осы олқылықтың орнын толтыру үшін нақты ақпарат көздерін табуға тырыстық.
Аудандық мұрағатта қуғын-сүргін құрбандары жайлы құнды деректер мұқият сақталыпты. Жазықсыз құрбан болған жерлестер жайында құжаттарды алғаш болып топтастырған архивтің сол кездегі басшысы Райымбек Әділбековтың көп ізденгенін байқадық. Ол ерінбей-жалықпай Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызметте жүріп, саяси құрбанға айналған жерлестеріміз жайында КНБ-нің құпия құжаттарын жинапты. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Өскемен, Ақтөбе, Ақтау қалалық КНБ басшыларының берген мәліметтерінде көрсетілгендей, жасы жиырманың айналасындағы кілкіндей бозымдардың оққа ілінгені жүрегімізді қан жылатты.
Құжатта 2015 жігіттің «бай-құлақтың ұрпағы» деген желеумен ату жазасына кесілгені аты-жөндерімен тайға таңба басқандай тіркеліп тұр. Ал, 16 тұрғынның атылу себебі тіпті жантүршігерлік. Жасы отыздан асқан тракторшы Жаниар Алиев, Бәкір молла Асылбеков,партия өкілі Сейтбек Кенбаев, пошташы Түлікбай Малтабаров, ЧСЗ басшысы Уваш Бабаев, ЧСЗ қызметкері Қаныбек Ахатбаев, дүкен иесі Хащада Ахатбаев, «Шахталы Ары» ауылының басшысы Шертай Әшімбеков, «Хозарика» шаруашылығы басшысы Аубакир Қалдыбаев, қарапайым қызметшілер Икрам Палманов, Әбдуманаов Калменов, Берістем Айкенов, Ахмет Алимбаев, Бегімбет Алимбаев, Боранбай Құлымбетовтерге, «СССР-ге қарсы үгітнасихат жүргізді» деген айып тағылыпты. Ішкі Істер бөлімінің №01-337 құжатында 145 адам түрмеге қамалғаны баяндалады.
Тізімдегі адамдардың көбі ағарту саласында қызмет етушілер мен ату жазасына ілінгендердің отбасы екен. Қамалған адамдарды 10 сағат қоғамдық жұмысқа жегуге міндеттелген. Әр 30 адамды бір топқа тізіп, кен жұмысы мен ауыр еңбек түрлеріне жеккені мәлім болды. Сорақысы сол, осы тізімдегі адамдардың жазасын өтеу күндері белгісіз себеппен қайта-қайта созылыпты. Ал қашуға оқталған азаматтарды бірден атуға бұйрық беріліпті. Қиянат шеккен азаматтардың көбінің бүгінде ұрпағы жоқ. Түрменің жуан жұдырығы талай тұлғаның денсаулығын күйретті. Тірі шыққан адамдардың өзі бірінші, не екінші топтағы мүгедек болып өлмеші күй кешті.
Солардың ішінде Қыдырбай Құдияров деген болыстың ұрпағы он екі жылдан кейін қос дөңгелекке танылып ауылға келіпті. Ел ішіне келген соң, Сарыбай деген ауыл ақсақалы «бұл тектінің ұрпағы, сүйегі асыл азамат қой, осыған жалғыз қызым Күлдәріні қосайын» деп елді жиып, екеуіне разылығын берген деседі. Ол екеуінен бүгінде бүтін бір әулет тарап, ұрпағы елдің қызметінде еңбек етіп келеді.
Бұл туралы Жаңақорған кентінің тұрғыны Жібек апамыз егжей-тегжейлі баяндап берді. Қуғын-сүргін оқиғасын зерттеп, құнды мәліметтерді топтастырған Райымбек Әділбеков дерегінде 1928-1937-1957 жылдардағы ату жазасына кесілген және өмір бойына бас бостандығынан айырылған жаңақорғандық азаматтардың тізімін түзіпті. Әр ай сайын 25- 30 адамды тергеуге алып кетіп, артынша атуға бұйрық беріліп отырған. Бұйрықтың көшірмесімен танысқанымызда, сол кездегі халыққа тағылған айыптардың негізсіздігі, көпшілігінің болмашы желеумен жазықсыз опат болғанына көз жетті. Түп төркінінде Алаш идеясын тамырымен жоюды мақсат еткен зорлықшыл империя жаңақорғандық интеллигенция өкілдерін түгел тізімге алып, үрім бұтағымен жоқ етуді көздеген.
Осы жылдары жоғары білім алған 25 азаматқа «Алаш идеясын қолдап, оның астыртын саясатын жүргізген» деген айып тағылып, өлім жазасы тағайындалған. Осы бұйрықта әйелдері мен балаларын да қоса атуға арнайы №01-339 бұйрық жазылған. Оның ішінде Құрбан Акперов, Каюп Бузауов пен Бекжан Әликеевтің ісі «бай – құлақтар үштігі» деген қарармен жеке қаралыпты.
Бұл үштік одақ өте сауатты, жоғары білім алған қазақ жігіттері болған. Олар Перовскіде білім алып, қазақ ұлтының ортақ мүддесіне қызмет еткен. Алаш автономиясын құруды мақсат етіп, 1905 жылы Қарқаралыда өткен петицияға қатысып пікір білдірген азаматтар. Үшеуі де Алаштықтардың жасырын басқосуларына жиі барып, астыртын іске араласып жүрген. Олар туралы Райымбек Әділбеков «Жас Алаш» гезетінің 1997 жылғы, 29 мамыр №52 санында жарық көрген мақаласында: «Қазақтың зиялы өкілдерінің ішінде жаңақорғандық азаматтар өте көп болған. Ресми мәліметтерге жүгінсек, Жаңақорғанда туылған, түрлі себеппен өзге аймақта қызмет еткен жерлестер көп. Алаш қозғалысына белсене қатысқан азаматтар туған жері мен аты-жөнін жиі өзгертіп, әр түрлі есіммен өмір сүрген. Солардың қатарында Құрбан Акперов, Каюп Бұзауов пен Бекжан Әликеевті ерекше атауға болады.
Құрбан Акперов «Айтхан», Қозыхан» деген атаумен көпшілік ортада сөз бастап, алаштың үгітін жүргізген. Каюп Бұзауов «Қараша», «Құлагер» деген лақап атпен танылған. Ал, Бекжан Алкеев «Ақшатыр» деген лақап атымен түрлі петицияларда өз ойын жеткізген» деп естелік жазады. Бұл үш арлы азамат халықтың еркін өмірі, ұлттық теңдігі үшін өз отбасын ажал аузына салды. Оның ішінде Бекжан Алкеевтің жары Халкүл 32 жасында, анасы 68 жасында, ұлдары Тұрышрет 13 жасында, Бемшрет 12 жасында, Малшан 1 жасында, Қызы Гүлдәрі 10 жасында, інісі Үтіш 27 жасында аяусыз атылып кете барды. Ал, Құрбан Акперовтің алты бірдей бауыры Сібірге жер аударылған. Каюп Бузауовтың отбасы мүшелері анықталмауына байланысты өзі ату жазасына бұйырылған.
ТҮЙІН. Сарғайған сары қағаздар қаншама жазықсыз опат болған бауырдың ауыр баянын бүгіп, архивтерде жатыр. Естудің өзі ауыр жазаның артында қызыл империяның қандай сұрқия саясаты бұғып жатқаны анық сезіледі. Еліміздің парасатты тұлғаларын түгел жойып, бірін-біріне қарсы қойып, болашағын бұлыңғыр еткен. Біз танысқан құнды құжатта он тоғыз жасар Жансейіт Бекмолда деген азаматтың «сиырды таяқпен соққаны үшін» деген желеумен оққа ұшқанынан-ақ сол замандағы пәлеқорлықтың шегін сездік. Көршісі «сиырымды сабады» деп шағымданғаны үшін білім алып жүрген жас баланың өмірі қиылғаны қай жағынан алып қарасақ та қисынға келе ме? Біз, өткен тарихымыздан тағылым алып, Алаш көсемдерінің үкілі үмітін аяқасты етпей, ата-баба аңсаған әділетті де тәуелсіз елде тұрып жатқандықтан ел болашағы үшін іргелі істердің басында жүруіміз керек.
Мақпал Пәтенова