№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Белеске көтеретін игілікті істің нәтижесі

Белеске көтеретін игілікті істің нәтижесі


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын қамтамасыз ету маңызды міндет екенін қадап айтты. Ол үшін шағын және орта бизнесті қолдап, мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығын қамтамасыз етіп, әділ бәсекелестік алаңын құрып, сапалы қызмет ету керек-ақ. Міне, «қасіретті қаңтардың» тағылымы бізге осыны тәлім етеді.
Аудан әкімі Руслан Рүстемовтің төрағалығымен өткен әкімдіктің мәжілісінде аудан тұрғындарының әлеуетін арттыруда салалық орынбасарлары мен бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері іске сергек қарап, бастамаларды орындауда белсенділік танытып, біліктілігі мен білімін көрсетудің маңызы айтылды.
Мемлекеттік қызметкерлерден бөлек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен ауылдық округтердегі ардагерлер ұйымының басшылары, аудандық қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары мен елді мекендегі қоғамдастық мүшері ZOOM арқылы қосылған мәжілісте қадау-қадау мәселелер көтеріліп, шешілу жолдары айқындалды.


Естеріңізде болса, 2021 жылы сәуір айында басталған аудан әкімі аппаратының және аудан әкімінің мәжілісі ай сайын өткізіліп, әлеуметтік маңызы бар барлық саланың жұмысы жан-жақты сараланып, сала басшылары мен кент, ауылдық округ әкімдеріне тың міндеттер қойып, жауапкершілікті сезінуге шақырғанын жақсы білеміз. Бұл жөнінде ауданның төл газетінде тұрақты ақпараттандырдық та.
Енді 2022 жылдың алқашқы ресми мәжілісінің салмағы ауыр, міндеті ауқымды болатыны түсінікті-ақ. Өйткені қаңтар айының басында бейбіт шерумен басталып, қанды бүлікке айналған сын сағатта елдігіміз шайқалып, іргеміз сөгіле жаздады.
Шүкір, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тақаевтың табандылығы мен батыл қадамының нәтижесінде қиын­дықтар артта қалды. Жаңа Қазақстан дамудың жаңа жолына түседі. Алда соған лайықты қызмет ету міндеті тұр. Аудан әкімі Руслан Рүстемовтің мәжілістегі алғашқы ойынан осыны аңғардық.
– Өкінішке қарай, жылдың басы дүр­белеңмен басталды. Маңғыстау об­лы­сындағы газ бағасының күрт қымбаттауын негізге алып, тұрғындар бейбіт шеру ұйымдастырды. Оған елдің біршама аймағы қосылып, соңы арандатушылардың бүлігіне ұласты. Нәтижесінде қаншама бейбіт тұрғындар мен құқық қорғау саласының қызметкерлері қайтыс болды. Әр түрлі әлеуметтік және кәсіпкерлік ғимараттар қиратылып, өртке оранды. Алдын ала есептеулер бойынша экономикаға 100 млрд теңге шамасында шығын келді. Соның ішінде біздің облыстағы шығынның үлесі 5,8 млрд теңгені құрайды. 15 кәсіпкерлік нысан зиян шекті, – деді Руслан Рүстемұлы.
Парламент Мәжілісінің отырысында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет басшысының кандидатурасына Әлихан Смайыловты ұсынды. Халық қалаулылары Әлихан Асқанұлын бірауыздан қолдады. Содан кейін Үкімет мүшелері тағайындалды. Одан кейін елдегі орын алған оқиғаның себеп-салдарын талдау нәтижелері мен тұрғындардың қордаланған мәселелерінен туындайтын тапсырмаларды жаңа Үкімет пен аймақ әкімдеріне тапсырды.
Иә, Мемлекет басшысы жаңа Үкімет алдына жаңа талаптар мен тың міндеттер қойып, бұл істе барлық деңгейдегі әкімдерге жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарулы күштер мен ішкі әскерді, елдің қауіпсіздігін күшейту керек екендігін атады. Келесі кезекте қабылданып, жұмыс жасайтын реформаларды тексеруді тапсырды. Кейбір мемлекеттік органдардың жұмысын сынға алды. Реформалар нақты халыққа жұмыс жасауды, халықтың табысын өсіру керек екенін айтып, «Үкімет пен депутаттардың, әкімдердің еңбекақысын алдағы 5 жыл бойына өсірмеу жөнінде мораторий жариялау» керектігін ескертті.
Сондай-ақ қаржы институттарынан берілетін жеңілдетілген несиенің басым бөлігіне белгілі бір тұлғалар ғана қол жеткізіп, артықшылық алғанын айтты. Нәтижесінде дамып жатқан кәсіпкерлік субьектілері жоқ және кәсіпкерліктің арасында бәсекелестік орнамайтындығын ашына айтты. Бәсекелестік болмаған жерде даму да болмайтыны белгілі.
Осы жерде біздің ауданда да көлеңкелі экономика қалыптасқанын айту орынды. Ауданға қаржы институттарынан тартылған қаржы көлемі артып, кәсіп­керлер саны ұлғайды. Алайда салық түсімдері мен жұмыспен қамтуға келгенде нәтиже көңілді көншітпейді. Бұл жөнінде бірнеше рет тапсырма берілгенімен, орындауға келгенде кейбір әкімдеріміз бен бөлім басшыларымыз құлықсыз.
Мұндай басшылардан Мемлекет басшысы ертерек құтылу жөнінде тапсырма бергендігін назарларыңызға жеткізгім келеді! – деп атқамінерлерге тапсырманы сапалы орындаудың маңызын кезекті рет түсіндіргендей болды аудан басшысы.
Тиісті функционалдық жұмысын сапа­сыз атқарып, мүдделі топтың ығына жығылып, халықтың талап-тілегін орын­дау қиын. Президенттің нақты талабы осыны айғақтап отыр. Енді ашықтық пен жариялықты ұстанып, әділ бәсекелестік алаңын құрып, халыққа қызмет ету маңызды. Аудан әкімінің талдауына зер салсақ, сала басшыларына осыны міндеттегенін ұғыну қиын емес.
– Соңғы 4 жылды талдайтын болсақ, ауданда мемлекеттік қайтарымсыз грант алған 2084 адамға 1 млрд 119 млн теңге тарқатылды. Бірақ кәсібін жүйелі дамытқан азаматтар некен саяқ. Тіпті жоқ деуге болады.
Гранттың ізін жасыру үшін көз­бояушылықпен кәсіпкерлік субьект болып тіркеледі, жылға жетпей қайтарымсыз гранттың қаржысын жаратып, сосын кәсіпкерлігін тоқтатады. Жабылмағаны «0»-дік салықтық есептілік тапсырады. Мемлекетке салықпен қайтарым деген ұғым мүлде жоқ. Оның ізінен қалмай, ары қарайғы жұмыс істеп кетуін қарап жүрген мекеме де, басшылар да жоқ.
Міне, біздің жауапты бөлімдермен сол грант иелеріне ұсыныс беріп отырған кент, ауылдық округ әкімдері тарапынан тиісті қадағалау болмағаннан кейін, бағдарламаның нәтижесі болмайды. Ен­дігі уақытта мұндай келеңсіздікке жол берілмейді. Мемлекет басшысы Үкіметке қайтарымсыз гранттың мөлшерін екі есеге арттыруды, яғни 400 айлық есептік көрсеткішке (1 225 200 теңге) жеткізуді тапсырды.
Әрине, бұған дейін сарапшылар тара­пынан қайтарымсыз гранттың қаржы­сына кәсіптің негізін қалап, аяқтанып кету қиын деген пікір естідік. Енді екі есеге артатын болды. Бұл қаржыға отбасылық бизнесті бастап, перспективалы жобаға айналдыруға әбден болады. Осыны ескеріп, орынбасарым Дархан Тұрсынбаев пен Оңал Ержанов, ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бө­лімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаев, Жаңақорған ауданының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар актілерін тіркеу бөлімі Аягөз Айдосова және жұмыспен қамту орталығының директоры Жаңабек Тұрлыбеков кент және ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп мемлекеттік грантты тиімді жобаларға бағыттауды тапсырамын, – деді аудан әкімі.
Жұмыспен қамту орталығының жа­ны­нан құрылған комиссияға түскен жобаларды саралайтын болсақ, 80-85 пайызы мал шаруашылығына бағыт­талғанын көруге болады. Әрине, грант қаржысына бір сиыр, бір қашарын сатып алып, сүтінен құрт, май дайындап, көрші-қолаң мен ағайын-туысына өткізіп отырғаны бар. Бірақ ондайлар көп емес...
Жә, мал шаруашылығын дамытуда егін шаруашылығының алатын орны зор. Ал, кейінгі жылдары Сыр суалып, диқандардың уайым кешетін уақыты көбейді. Биыл да су тапшылығы орын алуы әбден мүмкін.
2021 жылы аяқ судың аздығын сезіндіңіздер. Мұндай жағдай 2022 жылы қайта қайталануы мүмкін. Бұл – мамандардың пікірі. Жылда осы уақытта «Шардара» су қоймасына 5 млрд текше метр су жиналатын. Биыл 1,8 млрд текше метр су ғана бар.
Биыл да күріш судан қалып, тиісті деңгейде өнім жинауда қиындықтар орын алады. Осының алдын алуға тиіспіз Сондықтан ауылшаруашылығы бөліміне егісті әртараптандыру бағытына түбегейлі көшіруді қолға алуды тапсырамын.
Елді мекендер бойынша есеп жасап, көкөніс, бақша егуді қолға алу керек. Мәселен, картоп, жуа, сәбіз т.б басымдық беріп, ауданды азық-түлікпен қамтуға қол жеткізуге болады. Оңал Жанатұлы, қолда бар сақтау қоймаларының мүмкіндігін пайдалануға және кәсіпкерлерімен бір­лесіп сақтау орнын дайындаумен айна­лысыңыз. Өзіңіз білетіндей, «Жан-Арай» ЖШС төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Бақдәулет Мақашов «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында (Төменарық ауылына бұрылатын тұсы) сервистік қызмет көрсету орталығын құруда. Онда көкеніс түрлерін сақтайтын қойма жасақталуда. Сондай-ақ «Ақжол» ЖШС төрағасы Нұрболат Ашировтың халықаралық жол бойында (Ақүйік ауылына бұрылатын тұсы) сақтау қоймасы бар. Осы қоймаларды азық-түлік бағасын тұрақтандыруда пайдалануға болады. Бұл – өте маңызды міндет.
Кент, ауылдық округ әкімдері көкөніс, бақша дақылын егілетін аумақты аяқ сумен қамтамасыз етуі тиіс. Мемлекеттік гранттардың да басым бөлігін аталған жобаларды қолдауға бағыттау маңызды.
Олай дейтінім, өткен жылы облыстық бюджеттен қаншама елді мекендерді аяқ сумен қамтуға электрлі және дизелді насостар алып бердік. Одан бөлек аудандық бюджеттен каналдар тазалауға қаржы қарадық. Міне сол жұмыстар не үшін және кім үшін жасалып жатыр?
Аяқ су келіп тұрса, егін егетін жер болып тұрса, онда ұйымдастыру жұмысы ауыл әкімдерінің тікелей міндеті. Тұрғындар қыстық азығын дайындап алады, артылғанын өткізіп отбасылық бюджетін толықтырады. Мысалы: 1 гектар картоп егіп, 30 тоннадан өнім алды дейтін болсақ, картоптың нарықтағы бағасы 180 теңге деп алғанның өзінде 5,4 млн теңгені құрайды. Күріш дақылынан мұндай пайда таппайды. Тек күріштің жұмысы техникамен атқарылады, бірақ шығыны көп. Ал картоптың жұмысы қолмен атқарылады, бірақ пайдасы күріштен жоғары.
Сондықтан Екпінді, Сунақата, Қожам­берді, Төменарық, Сүттіқұдық, Кейден, Байкенже, Өгент, Аққорған, Қаратөбе, Қандөз, Көктөбе, Жаманбай батыр, Ақ­үйік ауылдық округі мен Шалқия, Жаңа­қорған кентінің әкімдері жер көлемін нақтылап, бөлініс жасап, ұйымдастыруды тапсырамын.
Ауылшаруашылығы бөлімі биылғы егіс көлемінің жоспарына аталған елді мекендердегі бақша дақылын егудің жоспарының кестесін жасауы тиіс.
Содан кейін барып жоғарыдағы аталған грант қаржысының бөлінісін елді мекендер бойынша бөлетін боламыз.
Сала орынбасары Оңал Ержанов, бұл тікелей сіздің бақылауыңыда болуы тиіс. Жауапкершілік бірінші сізден сұралады.
Осы жұмыстарды үйлестіру барысында кент, ауылдық округтердегі ардагерлер кеңесі мен жергілікті қоғамдастық төра­ғаларын әкімдермен бірлесіп тұрғындарға түсіндіру жұмысын жүргізуге шақырамын.
Сол кезде нақты өнім де болады, тұрғындар азық-түлікпен де қамтамасыз етілетін болады, әрі есептеріңіз де нақты шығатын болады. Оның үстіне аталған бақша өнімдерінің де нарықтағы бағасы жоғары. Тек бейнеттену керек!
Аппарат басшысы Бақтияр Ахметов аталған мәселе бойынша кент, ауылдық округ әкімдерімен ақпан айының алғашқы онкүндігіне бөлек жиын өткізуді жоспарлаңыз! Сала орынбасары мен ауылшаруашылығы бөлімі ақпараттарын дайындап алдын ала ұсынасыздар, – деп аудан әкімі бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне жаңа міндеттер белгілеп берді.
Мұны кент, ауылдық округ әкімдері қалай, қандай деңгейде ұйымдастырады? Бұл әкімдердің қабілет-қарымы мен ұйымдастырушылық қабілетіне тікелей байланысты. Алдағы уақытта бұған арнайы тоқталып, тапсырмалар қалай орындалып жатқаны жөнінде мақала жазатын боламыз.
Президент тапсырмаларының ішін­де сыбайлас жемқорлық пен қағаз-бастылыққа байланысты қоғамның сенімі төмен екендігі айтылды.
Шындығында жеке қабылдауға келе­тін азаматтардан еститінім, жұмысқа орна­ласудың айналасында аудан көлемінде сыбайластық пен тамыр-таныстық төң­ірегінде әңгімелер айтылып жатады.
Сондықтан жоғары білімді талап ететін қызметтерден басқа, жұмысшы, сыпырушы, тазалықшы, күзетші сынды жұмыс қолдарына елді мекендегі тұрмысы төмен, жұмыссыз отбасы мүшелерін ұсынуды жергілікті қоғамдастықтың алдына шы­ғарып, кезектілік жасап отыру керектігін ауыл әкімдеріне тапсырамын. Бұл қолдан келетін іс. Өйткені сол елді мекендегі отбасы жағдайын ауыл әкімдерінен артық ешкім білмейді. Сол уақытта халықтың арасында атқарушы билікке деген сенім артады. Екінші жағынан, отбасының бір мүшесі болса да бюджеттен жұмыспен қамтылады.
Халықтың осал тобына көмектесу үшін Президент «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қор құруды тапсырды. Аталған қорға қаржыны монополистер аударатын болады. Президент олардан қарапайым азаматтарға көмек қолын созуды күте­тіндігін айтты.
Алдағы уақытта аталған қордың облыс, аудандарда бөлімшесі ашылатын болса, қорға қаржы түсіру үшін ұсынысты, түскен қаржыны қадағалауды, қажетті егесіне жетуін қадағалауды аудандық қоғамдық кеңеске ұсынамын. Жалпы қордың жұмысын халық өкілдерінен құрылған азаматтық институттар бақылап отыруы маңызды.
Мемлекет басшысының тағы бір айт­­қаны, мемлекеттік органдар бюро­кратияны азайтып, ел-халықпен тығыз қарым-қатынаста болуды тапсырды. Өкі­нішке орай біздің кейбір ауыл әкімдеріміз тұрғындарға аудан, облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыс жөніндегі ақпаратты дұрыс жеткізе алмайды.
2021 жылдың шілде айынан бас­тап жер қатынастары саласындағы заң­сыздықтарды болдырмау, көлеңкелі эко­номиканы жою мақсатында кәсіпкерлік мақсаттағы жерлерді «Ақпараттық есептеу орталығының» порталында ағылшын әдісімен жер учаскелерін сату бойынша сауда-саттық (аукцион) өткізу жұмысын ұйымдастырдық. Алғашқы аукцион жел­тоқсан айында өткізілді. Нәтижесінде аудандық бюджетке қағаз жүзінде өткі­зілетін аукционмен салыстырғанда 10 есеге дейін артық қаржы түсті.
Автоматтандыру арқылы өткізудің басты ерекшелігі техникалық құрал жабдықтар арқылы адамның тікелей немесе ішінара қатысуын шектейді. Бұл дегеніміз, әкімдік жұмысының ашықтығы пен жариялығын қамтамасыз етеді. Әділдік болған жерде бәсекелестік артып, қоғамның дамуына өз септігін тигізіп ғана қоймай, бюджетке түсетін түсімнің артуына себеп болады. Әрі сыбайластық тәуекелдерінің алдын аламыз және қоғамның билікке, яғни жергілікті атқарушы органға деген сенімін арттырамыз. Сондықтан заң талаптарына сәйкес облыс аумағында алғашқы болып осы қадамға барып отырмыз.
Жасыратыны жоқ, жердің айналасында дау-дамай көп. Әсіресе, ауылшарушылығы мақсатындағы жерлердің төңірегінде. Елді мекендердің айналасындағы жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі немесе жеке шаруа қожалықтардың меншігіне өтіп кеткен. Бұл мәселе бойынша өткен жылдан бастап Президенттің тапсырмасына сәйкес, жұмыс атқарылуда. Жер комиссиясы арнайы шешім қабылдап, елді мекен аумағынан 5 шақырым радиуста жер берілмеу керек, егер беріліп кеткен жерлер болған жағдайда қайтарып алуға жұмыс жүріп жатыр. Одан бөлек елді мекен шекаралары аудандық мәслихатпен бекітілді. Аталған жұмыстар тоқтамайды, жалғасын таба береді, – деп ауданның бас менеджері мемлекеттік қызмет ашықтық пен жериялық принциптері аясында жүргізілетінін айтты.
Аудан әкімі Руслан Рүстемов әлеумет­тік инфрақұрылымды жетілдіру бағытында­ғы жұмыстар жалғасын табатынын айтып, облыстағы еншімізді саралады.
– 2022 жылы облыс бойынша 4 бала­бақшаның құрылысы жүрсе, соның екеуі бізде, 6 мектеп салынса, оның екеуі тағы біздің ауданға тиесілі.
Сондай-ақ Келінтөбе және Машбек ауылында салынатын спорт кешенінің жоба-сметалық құжатын дайындау, Қара­төбе дәрігерлік амбулаториясы, Қаш­қанкөлде медициналық пукнт, Төме­нарықта аурухананың жоба-сметалық құжаты әзірленеді. Екі клуб үйіның құрылысын жүргізу жоспарда бар.
Ең бастысы – облыс бойынша электр желісін жаңғыртуға 5 жоба қаралса, оның төртеуі Қызылорда қаласы болса, біреуі Жаңақорған кенті. Облыс бюджетінен аудандық маңызы бар 18 жолға қаржы қаралса, соның 4-уі Жаңақорған ауданының еншісінде. Олар: Аққұм, Қыраш, Талап, Құттықожаға баратын жол асфальттанады. Екпінді мен Машбектегі көпір құрылысы жүреді. Бүгінде аудан көлеміндегі жол­дардың жарамдылығы 87 (84) пайыз, ішкі жолдардың қанағаттанарлығы 51 (39) пайызға жетті. Аталған жолдар жөнделген уақытта көрсеткіштеріміз бұдан да жақсара түседі, – деді аудан әкімі.
Елдің өсіп-өркендеуінде атқарушы биліктің сапалы қызмет етуімен бірге қапайым азаматтардың белсенділігі маңызды рөл атқарады. Шынында, қоныстың ортақ мәселелері ауыл ішінде шешілуі тиіс. Өйткені кент және ауылдық округ әкімдері өзінің бюджетіне өзі ие. Көшеге жарық тарту, қиыршық тас төсеу, аялдама жасау сынды мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Алайда біздің ауылдағы әкімдер мұнымен айналысқысы келмейді. Бәрін ауданға, облысқа сілтеп, отыра беру дағдысынана айырылмай отыр. Аудан әкімі осы жөнінде айта кетіп:
– Бүгінгі жиынға кент, ауылдық округ әкімдерімен бірге ардагерлер ұйымы мен жергілікті қоғамдастық төрағаларының қатысуын пайдаланып, алдағы болатын есепті кездесулерге елдің ортақ ұсынысын көтеруді сұраймын. Олай дейтінім, кейбір елді мекендерге барған уақытта жеке отбасылық ұсыныстар көтеріледі.
Мұндай жеке мәселелерді жеке қабылдауға келіп шешуге немесе кент, ауылдық округтің әкімі шешуі керек деп ойлаймын. Жеке қабылдауға келіп жатқан азаматтардың да ішінде болмашы ұсыныстар көтеріліп жатады. Нәтижесінде ауыл әкімдері сол жеке қабылдаудан кейін шешіп беріп жатады. Бұдан шығатын қорытынды, кент, ауылдық округ әкімдері мәселелерді жергілікті деңгейде шешуді қалыптастыру керек. Президенттің айтып жатқаны осы.
Азаматтарды қабылдап, олардың мәселесін ішіне кіріп зерттеп, шешілу жолдарын іздеу керек. Сонда ғана тұрғындарыңыз сіздерге сенім артады.
2021 жылдың жұмыс кезеңінде елді мекендерді 5 мәрте аралап шығып, атқарылған жұмыстармен таныстырып, көтерген ұсыныстарыңызды алып келіп, жыл бойы талқылап, олардың ішінде біршамасы жыл ішінде орындалды.
Сол кездесулердің нәтижесінде, об­лысқа, республикаға орынбасарларым мен бөлім басшылары арнайы барып, артынан қалмай, бірқатар мәселелер шешілді. Оның ішінде, Өзгент пен Жайылманың клуб үйінің құрылысы, Жаманбай батыр ауылдық округіндегі балабақшаның, Жаңақорған кентіндегі Ипподром аума­ғында салынатын 300 орындық жаңа мектептің құрылысына қаржы қаралды. Одан басқа Ақүйік пен Қырашқа газ тарту жұмысы жүргізіледі және қосымша 10 елді мекенге газ жүргізу үшін алдын-ала жоба-сметалық құжаты осы жылдың басында аяқталады.
Жел тұрса да, жауын жауса да жарық сөніп жатады. Себебін сұрасаң авариялық жағдай, желден сым үзілді, жауыннан бағана құлады. Осыны ескеріп, Жаңақорған кентіндегі электр желілерін жаңғырту жобасына 1 млрд теңгеге жуық қаржы келеді.
Зерделеп қарасақ, Жаңақорған кен­тіндегі электр желілерін қайта жаңғыртудан өткізуге 2016 жылы жасалған жобаның 2019 жылы мерзімі өтіпті. Соған сәйкес, өткен жылы аудандық бюджеттен қаржы бөліп, жоба-сметалық құжатты жаңарттық. Жобаның құны 3,4 млрд теңгені құрады. Биылғы жылы осы жобаны бастауға 1 млрд теңгеге жуық қаржыны республикалық бюджеттен аламыз. Ендігі уақытта кенттің ішіндегі желілер мен трансформатор, бағаналар ауыстырылғаннан кейін, жа­рамды материалдармен кент, ауылдық округтердің электр желілерін ауыстыратын боламыз.
2021 жылы аудандық бюджеттен 29,2 млн теңге бөліп, Жаңақорған кентіндегі Саяжай-1 аумағын егжей-тегжейлі (ПДП) жоспарлау жұмысы жүргізілді. Ендігі кезекте биылғы жылғы бюджетті нақтылау кезінде су жүргізуге, электр желілеріне, жолына жоба-сметалық құжатын дай­ындауға қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз. Аталған жұмыстар біткеннен кейін 1500 жуық тұрғын үй салуға жер телімі беріледі.
Мұнан да бөлек, тың жобалар бар. Мұның барлығын алдағы есепті кездесулерде кездескенде толық таныс­тыратын боламын.
Жоғарыда айтқанымдай, елді мекен­дерге арнайы 5 рет барып, кездесу барысында 57 ұсыныс сараланып, оның ішінде, 29 ұсыныс толық шешімін тапты. 13 ұсыныс орындалу үстінде. 7-і аудандық бюджеттен шешу үшін бюджеттік өтінім ұсынуды ауыл әкімдеріне тапсырылды. Алайда Қаратөбе ауылдық округінің әкімі тұрғындар көтерген ұсынысты қаперге ілмей, құжатын өткізбеді. Ауыл әкімдері арасында көтерілген мәселеге мән бермей, бюджеттік өтінімді кешіктіріп немесе мүлдем тапсырмай жатады.
Ендігі кезекте ешкімге кешірім бол­майды, тұрғындар алдында кемші­ліктеріңізді беттеріңізге басатын боламын. Сондықтан жергілікті деңгейдегі әкімдер нәтижелі түрде, тұрғындардың талаптарын қанағаттандыруға жұмыс атқаруы тиіс, – деп аудан басшысы серіктестерін бір қамшылап, одан кейін үлгілі істерді де үлгі етуді ұмытпады.
– Талап ауылдық округінің әкімі Ербол Тақырбасовты бөліп атап өткім келеді. Өзіне берілетін қызметтік көліктің қаржысынан бас тартып, автокөліктің қаржысын елді мекеннің аяқталмай қалған көшесіне бағыттау жөнінде ұсыныс айтып, нәтижесінде тағы бір көшесін жөндеуден өткізіп алды. Міне, ауылдың әкімі өзінің елді мекеніне осылай жаны ашып, жұмыс істеуі керек.
Әріптестер, осындай істен үлгі алыңыздар! Жыл қорытындысымен Талап ауылдық округінің әкімі «Үздік ел қызметшісі» номинациясымен мара­патталды. Бұдан бөлек мемлекеттік құрылымдарда шыңдалған Байкенже ауылдық округінің әкімі Нұрғали Оспанов та бастаған ісінің ізіне түсіп, қажет болса, облысқа арнайы барып, жұмысты сапалы аяқтауына мән беріп жүреді.
Мұны неге айтып отырмын? Алдағы уақытта қалған әкімдерден осындай үлгілі жұмыстар атқаратынына сеніп отырмын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеңейтілген мәжілісте нақты бағдар көрсетіп, іске жауапкершілікпен қарап, халықтың әлеуетін арттырып, Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды. Осы істе белсенді болайық, әріптестер! – деп сөзін түйіндеді Руслан Рүстемұлы.
Одан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов сөзге шығып, елдің бірлігі мен берекесі тұрақты дамудың негізі екенін алға тартты.
Ал, мемлекеттік қызметте табысты еңбек еткен Серқожа Ыдырысов:
– Бүгінгі аудан әкімі мәжілісінде көтерілген мәселелер өміршең. Әсіресе, егінді әртараптандыру маңызды іс. Алайда өнімді сақтау және өткізу механизмін шешу керек. Осы тетіктер шешілсе, шаруалар көкөніс пен бақша дақылдарына басымдық беріп, азық-түлікпен қамтамасыз етуде жеңілдіктер пайда болар еді, – деді.
Аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбековтың ұсынысы да көптің көңілінен шықты.
– Әр елді мекенге қатысты «маман­дандырылған карта» әзірлеп, қай кәсіпті, қай дақылды қалай дамытуға болатыны, одан түсетін табысты жан-жақты саралап, түсіндіру керек. Ауданда екі магистральды канал бар. Біріншісі – Сунақата каналы. Бұл су көзіне өткен жылы кеңейту және тазалау жұмысы жүргізілді. Екінішісі – Келінтөбе каналы. Бұл каналды уақытылы тазалап тұрмаса, шаруалар табыс көзінен айырылады, – деді Ғалымжан Жарқынбекұлы.

ТҮЙІН. Ауызбіршілік қашқан, алау­ыздық тасқан жерде ешқашан жалпыұлттық идеялар жүзеге аспайды. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биігінің ең басты себебі – бірлік, берекесі. Тағылымды сөздің тәлімін қайта түсіндік. Бәрінен бұрын, билік пен халық етене араласып, уақыт тудырған мәселелерді бірлесе шешіп, бәсеке алаңында шыңдала түсуі тиіс. Олсыз өркениет көшінде кеш қалып, дамудың жолын таба алмаймыз. Президент осы тұрғыдан туындайтын жаңа талап-міндеттерді белгілеп берсе, аудан әкімі жергілікті деңгейде осы міндеттерді жүзеге асырудың жолдарын талқылады. Бірқатар хаттамалық тапсырмалар берді. Істің нәтижелі болуы барлық мемлекеттік қызметкерлер мен халықтың белсенділігіне тікелей байланысты.
Міне, бір жарым сағатқа созылған мәжілістен белеске көтеретін істің саны емес нәтижесінде екенін ойға тоқыдық.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
15 қаңтар 2022 ж. 281 0