№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Дарияда су тартылды. Енді күріштен қалай өнім аламыз?

Дарияда су тартылды. Енді күріштен қалай өнім аламыз?


Күнтізбе бойынша 30 тамыз – дүйсенбі күні Конституция күніне байланысты демалысқа тура келді. Бірақ жұмыс істеймін деген адам «демалыс қой!» деп үйінде жата ала ма? Руслан Рүстемұлын танып, білгелі ондай қасиетін көрген емеспіз.
Таңертеңгісін жолға шығатынын, бағыт – шаруа қожалықтардың қарекетін бағамдап, көмек қолын созып, рухани демеудің маңызын түсіндірді. Содан Қожакент ауылдық округінің егін даласына тарттық.


Көлік ішінде аудан әкімі іс-сапардың маңызын:
«Өткенде «Түгіскен ТҚ» ЖШС күріштік алқабында дақылға орақ түсу салтанатына куә болдық. Бұл вегетациялық кезеңі 90 күнге созылатын күріштің «Сыр сұлуы» сорты. Алайда соңғы жылдары біздің шаруа қожалықтар «Лидерге» басымдық берді. Оның вегетациялық кезеңі 110 күн. Егер 31 мамырда суға бастырса қыркүйіктің 10-15-не дейінгі аралықта піседі. Қазір дарияда 50 текше метр су ағуда. Енді күріштің вегетациялық кезеңін сақтаудың амалын қарастыруда сушылар мен диқандардың басын қосып, кеңесіп, тығырықтан шығудың жолын іздейміз», – деп түсіндірді.
Бірнеше минутқа созылған үнсіздікті әкімнің даусы бұзып:
– Биыл тұңғыш рет аудандық бюджеттен 4 каналды тазалауға 69 миллион теңге қаралып, Аққорған және Қыркеңсе ауылдық округіне қарасты Р-16-3 және Р-23 каналы тазаланды. Қаратөбе ауылдық округінде Сумағар магистралды каналынан КМК-на құятын Р-5-3 каналы бойынан ұзын­дығы 4 шақырымын тазалау және реконструкциялауға 27 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілді. Бұл жұмыстар биыл диқандарға үлкен қолдау болғаны сөзсіз. Әйткенмен дарияда су сарқылып, диқандар қиын­дыққа бетпе-бет келді. Диқандар балауыз фазасындағы дақылға ақаба суларды насосдар арқылы суару тәсілін қолданып, тығырықтан шығатын жолды қарастыруымыз тиіс, – деп ойын салмақтай түсті.
Күн де диқандарға қарасып тұрғандай, күн жылуы мен жарығын барынша таратып тұр. Енді 10-15 күнге дейін күріштікті ылғалда ұстап, ырзықты шашпай-төкпей қамбаға жинап алу керек-ақ. Диқанның түнгі ұйқысын төрт бөліп тұрғаны да осы уайым.
Жүйіткіген көлік әп-сәтте Қожа­кенттің маңдайына ілінді. Магис­тральдық каналдың бойында «Қаз­сушар» РМК Қызылорда филиалы, Жаңақорған өндірістік учаске басшысы Әбдімәжит Ахметов, осы саланың ардагер маманы, гидротехник Жұма­бек Қосдәуіров, аудандық ауыл­шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев және шаруа қожа­лықтың төрағаларымен кездесіп, ауданның бас менеджері пікір алмасты.
– «Келінтөбе» магистральдық каналында қанша су бар?
– 2 текше метр көлемінде су ілінуде. Бұл сумен күрішті суару қиын.
– Дәнді дақылдың вегетациялық кезеңін сақтаудың қандай жолы бар?
– Күріштің пісу кезеңдері – гүлдеу, сүттеу, балауыз және дән байлап (пісу) фазасынан тұрады. Егер дәнді дақыл балауыздаса батпақта пісіріп алуға мүмкіндік мол.
– Қанша гектар күріштік қиындыққа тап келдік? Мони­торинг жүргізілді ме?
– Аққорған ауылдық округінде – 140 гектар, Қожакентте – 60 гектар.
– Қандай амалға иек артамыз?
– Қазір күрішті шарау қожалықтар кезекпен суаруда. Сондай-ақ қашырт­қыдағы суды матормен қайтадан айдап, суару амалы жасалуда.
Аудан басшысы әр саланың мамандарынан тұщымды жауап алып, күріштіктің басына асықты.
Алдымен «Нұраман» шаруа қожа­лығының күріштігіне тоқтады.
Бізді диқан Абылбек Қалманов қарсы алып, дән даласына бастады.
Күріш дән байлапты. Әр жерінде сары-қоңыр рең бере бастапты. Күріштің табанында су да бар.
– 1 маусымда күрішті су бастырдық. Әзірге кезектесіп суарудамыз. Құдай қаласа, 15-20 күнде орақ түседі деген үміттеміз. Қазір қажетті ақпаратты алудың көзі көп. Биыл Шардараға өз деңгейінде су жиналмады. Соған қарамастан Сырға өз деңгейінде су алып, шаруаға демеу білдірген облыс әкіміне алғыс білдіремін, – деп уайым басса да басшыларға алғыс білдіруді ұмытпады диқан.
Қожакентте бұл шаруа қожалықтан бөлек «Береке», «Мирас М», «Бектас би» және т.б диқандары күзгі терім жақындағанда түн ұйқысын төрт бөліп, күріштің басында жүр.
Біз «Бектас» шаруа қожалығының күріштігіне де арнайы бардық. Шаруа­шылық төрағасы Ақзам Исмайлов қашыртқының суын күрішке матор арқылы айдап жатыр екен.
– Күріштің түбіндегі ылғалды сақтау мақсатында «MAGNETTA» және «WATER PUMP» шағын насосы арқылы секундына 100 литр суды (күріштен шыққан суды қайта өзіне жіберу) жіберудеміз. Әзірге осыдан басқа амал көрмей тұрмыз. Күріш сүттеніп тұр. 12-15 күн амалдасақ, вегетациялық кезеңі толады. Құдай қаласа, күрішке орақ түскенде келіңіздер, – дейді шаруа қожалықтың төрағасы.
Шаруашылық төрағасынан күрішті суға кеш бастырудың себебін сұрағанымызда, ол: «Қазір техника әбден ескірді. Көктемгі науқан кезінді бұзылып, тұрып қалса, 5-10 күн уақытты жоғалтып аламыз, – деп түсіндірді.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев:
– Ауданда 6998 гектарға күріш егілсе, соның 63 пайызына «Лидердің» дәні себілді. Осыдан екі апта бұрын аудан әкімінің тапсырмасына сай арнайы жұмысшы топ құрып, шаруа қожалықтарды аралағанымызда, күріш гүлдей бастаған еді. Қазір сүттеп, дән байлауда екен. Аққорған мен Қожакент ауылдық округіндегі күріштіктерді кезекпен суару, қашыртқының суын насоспен қайта жіберуді қолданудамыз. Күрішті толық пісіріп алуда диқандар еңбек сіңіруде, – деді.
Әрине, тарих – таразы. Егер өткенге көз жүгіртсек, дарияның суы тартылып, ұлтанында қалған кез дүркін-дүркін қайталанып тұрған-ды. Бұл жөнінде ардагер мұрапшы Жұмабек Қосдәуіров былай түсіндірді:
«1974-1975 жылы Сырдария өзінінің суы тартылып, қайыр жерлер көрінді. Ол кезде күзгі науқанда 100 текше метрге дейін су ақты. Сосын 2008 жылы осындай жағдай қайталанды. Араға 13 жыл салып дарияның суы ұлтанына дейін қайта тартылды. Алдағы уақытта мұндай жағдай жиі-жиі қайталана береді. Себебі Сырдария басын алатын Тянь-Шань тау сілемдерінде мұздықтар азая бастады. Ауа-райының ылғалдылық деңгейі де жыл өткен сайын төмендеп келеді».
Ал, ауданның бас мұрабы Әбдімәжит Ахметовтің сөзінше, биыл Сырдария өзінінің суын жүйелі жоспарлау жұмысының нәтижесінде осы кезеңге жеттік.
– Осындай ауқымды істі ұтымды ұйымдастырған облыс әкіміне алғыс айту керек. Егер Гүлшара Әбдіқалықова Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне халықтың мұн-мұқтажын жеткізіп, сөзін өткізбегенінде тамыз айының ортасына дейін дарияға 250 текше метрге дейін су келмейтін еді. Өйткені ерте көктемде «Шардара» су қоймасына 6,4 млрд текше метр су беріледі деп болжанып, алайда, 3,1 млрд текше метрі немесе 49 пайызы ғана түскені белгілі. Сондай-ақ, Сыр бойындағы ең үлкен су қойма – «Тоқтағұл» не бәрі 9,9 млрд текше метр су жинады. Өткен жылы 12,8 млрд текше метр су болған еді. Ел арасында «Көксарай» туралы де жансақ пікір көп. Шілде айына дейін «Көксарай» су реттегіші 200-350 текше метрге дейін су жіберудің арқасында «Шардараның» суы үнемделді. Осыны да ескеріп жүрген абзал, – деді ол.

P.S.: Әкім өзі басқаратын терри­ториялық аймақтағы кез-келген жағ­дайға жауапты. Міне, Руслан Рүстемов осының салмағын, жауапкершілігін терең сезініп, диқандардың арасынан табылып, етікпен су кешіп, алаңдап жүргенінің сыры осы.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
31 тамыз 2021 ж. 255 0