Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Егін орағы ойдағыдай аяқталды

Егін орағы ойдағыдай аяқталды


Жаңақорғандық диқандар жылдағыдай өнімін шашпай-төкпей жинап алуға ертерек қамданды. Соның нәтижесінде егін ору науқаны аяқталуға жақын. Қазір 8346 гектарға егілген күріштің 7310 гектарына орақ түсті.


Дала еңбеккерлерінің күзгі жиым-терім барысын білу мақсатында бірнеше шаруа қожалықтарға хабарластық. Қожакенттегі «Жаңа Жол-АЖ» шаруа қожалығының төрағасы Досқожа Жұманов:
– Биылғы жылы 200 гектар жерге күріш егілді. Егіннің өнімділігі көңілімізден шығып отыр. Күріштің әр гектарынан 52 центнерден өнім жинадық. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3-5 центнерден көп. Егістіктің басым бөлігіне лидер тұқымы себілді. Бұл күріш нарықта екі-үш есе жоғары бағаланады, әрі өтімді. Ендігі мақсат элиталы тұқымның көлемін бірте-бірте көбейту, – деп жоспарымен бөлісті.
Шаруашылықтың өнімділігі жоғары күріш тұқымына мән беру өте дұрыс. Сыр өңірінің өзге аудандарындағы шаруа қожалықтар «Лидер», АйКерім», «Сыр сұлуы» тұқымын аудандастырып, ғалымдармен байланыс орнатып, инновациялық технологияның арқасында әр гектарынан 100 центнерден жоғары өнім алуды қалыптастырды. Біздің диқандар 1986 жылы өндіріске енгізілген «Маржан» тұқымына басымдық беріп келеді. Егер бәсекеге қабілетті болып, табыс көзін арттырамыз десек, күріштің элиталы тұқымына басымдық беруіміз қажет. Қожакенттік шаруашылықтың осы бағыттағы істері қуантты.
Ал «Өзгент-С» шаруа қожалығының төрағасы Бақытжан Төлегенов ауыспалы егін шаруашылығының маңызына тоқталды.
– Күзгі науқан аяқталып, көңілімізге орнады. Көктемде 60 гектар жерге күріш, 100 гектарына жаңа жоңышқа ектік. Күріштен 60 центнерден өнім алсақ, жоңышқадан 25 центнер өнім жиналды. Жалпы ауданда мал басының саны артуы жоңышқаға сұранысты арттырып келеді. Дегенмен жердің тұзданып кетпеуі үшін күрішті егіп тұруымыз керек. Біз ауыспалы егін шаруашылығына қатты мән береміз. Шүкір, еңбегіміз ақталып, күріштікті шашпай-төкпей жинап алдық. Біршамасын сатып та үлгердік. Қалғанын қоймаға сақтаймыз, – деді қожалықтың төрағасы.
Сырдың бойын мекен еткен біздің диқандардың күрішке басымдық беруінің де өзіндік сыры бар. Өйткені Б.Төлегенов айтқандай, ауыспалы егін шаруашылығының пайдасы көп. Мәселен, ауыспалы егін шаруашылығы су-ауа режимі топыраққа үйлесімді сіңіп, қоректік заттармен байытады. Бұл өнімділікті арттыратын бірден-бір жол. Сондықтан Сыр күрішшілері күріштік жерді жоңышқамен алмастырып отырады.
«Екпінді» шаруа қожалығының төрағасы Аманбай Орынбаев:
– 200 гектарға күріш егіліп, одан 60 тонна өнім алдық. Әрбір істің қуанышы мен қатар қиыншылығы да болады. Өз кезегінде, биыл су тапшылығын да көрдік. Бірақ осы уақытқа дейін жинаған тәжірибеміздің арқасында тиісті істі атқарып, күрішті жинап алдық. Келесі жылы мұндай олқылықтар қайталанбас үшін барымызды салып жатырмыз, – деді.
Биыл Сырдарияда су аз болып, өзеннің әр жерінен қайыр көрінді. «Күрішшілерге қалай болады екен-ә!» деп алаңдағанымыз рас. Алайда күрішшілер суару жүйесінің тәсілдері арқылы дәнді дақылды жинап алды.
Бір жағынан, бұған Мұсаханов магистрлы каналы қайта қазылып, тазалануы оң әсер етті. Мұны «Тату» шаруа қожалығының төрағасы Ахмеджан Жұмаділлаев айтты.
– Биыл ауа-райы қолайлы әрі ағын су жеткілікті болды. Бұған Көктөбе-Қандөз жақтағы каналдың сағасын қазуы әсер етті. Жалпы біз 60 гектар жерге күріш ектік. Одан 60 центнерден өнім алдық. Күріштің құны да, өнімділігі де жоғары болды, – деді ол.
Енді егіндіктің жалпы көлемін саралайтын болсақ: күріш – 8346 гектарға, күздік бидай – 2972 гектарға, жаздық бидай – 140 гектарға, тары – 400 гектарға, жүгері – 525 гектарға, мақсары – 2000 гектарға, күнбағыс – 55 гектарға егілді. Әртараптандыру бағдарламасы бойынша: картоп – 550 гектарға, көкөніс – 536 гектар, бақша дақылдары –1900 гектарды құрады.
Күріш Азияның оңтүстік және оңтүстік-шығыс елдерінде егіледі. Күріш егіс көлемі жөнінен бидайдан кейін екінші, ал өнімділігі бойынша бірінші орынды иемденеді. Кебегі мал азығына пайдаланылса, ақұсағынан спирт, крахмал алынып, парфюмерия мен косметалогия саласында да кеңінен қолданылады. Ал сабанынан бірінші сортты қағаз, картон, жіп, қап, қалпақ, төсеніш және тағы басқа да тұрмысқа қажетті заттарға қосылады. Біздің диқандарға күрішті егіп-жинаудан бөлек, одан терең өнім өндіруді жолға қоятын кез келді. Бүгінде ауданда бірнеше күрішті ақтайтын шағын зауыттар бар. Бірақ оның кебегінен дәрумендер мен минералдық заттармен байытылған жем-шөптер дайындала бермейді. Бізге табыстың көзін арттырамыз десек осындай тың тәсілдерге жүгінуіміз керек-ақ.

Әсел РЗАЕВА
---
10 қазан 2020 ж. 746 0