№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЕГІС НАУҚАНЫНЫҢ ҚАРҚЫНЫ

ЕГІС НАУҚАНЫНЫҢ ҚАРҚЫНЫ


2017 жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыста «Үздік аудан» номинациясына ие болдық. Бұл «көктемнің бір күнін – жылға азық» санайтын диқаншы қауымның ерен еңбегінің арқасы. Бәрінен бұрын, аудан басшысы Ғалым Әміреевтің күріштің өнімділігі жоғары тұқымын аудандастырып, инвесторлар арқылы күріштіктің көлемін арттыруы нәтижесін берді. Биылғы меже қандай? Былтырғы жетістікті қайталай аламыз ба? Осының жауабын білуге тырыстық.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Тұрған Базарбаевтың мәліметінше, биыл 11 ауылдық округтің диқандары 9500 гектар (га) жерге күріш, 5470 га жоңышқа, 4326 га мақсары, 100 га жаздық бидай, 2700 га күздік бидай, 127 га арпаның дәнін тастауды жоспарлады. Картоп 605 га, күнбағыс 20 га, тары 500 га, бақша дақылдары 1720 га және көкөністі 1000 га жерге егу межеленді. Қазір күріштің 70,45 пайызы игерілді (6692 га). Өткен жылдың осы мерзімінде 8573 га жер суға бастырылса, биыл 5585 га орындалған. Бұл егілген күріштің 65,1 пайызы ғана. Әрине, бұған ауа-райының қолайсыздығы өз әсерін тигізіп жатқан болар. Бірақ, қамданбаса мол өнім алудың ауылы алыстай түсетіні белгілі.
Енді ауылдық округтер бойынша сараласақ, Аққорғанда – 740 га, Қожакентте – 600 га, Екпіндіде – 440 га, Келінтөбеде – 400 га, Қыркеңседе – 350 га, Қаратөбеде – 200 га, Сунақатада – 170 га, Өзгент пен Жаңарықта – 80 га, М.Нәлібаевта – 70 га суға бастырылған. Ал, қожамберділік диқандар 157 гектар жерге егілген күрішті әлі суармаған.
Егін егу науқанын көзбен көру мақсатында Қожакент ауылдық округіне бардық. Ауыл әкімі Асылбек Айтжанов егістікке жол бастады. Оның сөзінше, округте егіс егуге жарамды 5800 га жер болса, оның 3500 га күріштік. Ауыл диқандары биылғы жылы 1700 га жерге дән сіңіруі қажет болса, оның 1541 га жер игерілді.
– Ауа-райы егінге қолайсыз болып тұр. Суда уақытылы берілмеді. Жылда ақпан айының соңында су берілсе, биыл сәуір айының екінші жартысында ғана берілді. Мұның өзі қыстай жоңышқа түптерінде жатқан шыбын мен көбелектердің күш алып кетуіне жол ашты. Округтегі 69 шаруа қожалығының 35-і күріш егумен айналысады. Ірі шаруа қожалықтар науқанды аяқтаса, «Хорасан», «Мирас-М», «Нұр-Аман» және «Сейіт» шаруа қожалығының жұмысы жүйелі дей алмаймын. Оған өздерінде техниканың жоқтығы қолбайлау, – деді әкім.
Біз күріш алқабына дендей еніп, шаңды бұрқыратып жүрген техникаларды бағытқа алдық. «Қойлақы» шаруа қожалығының аумағында минералды тыңайтқыш себетін техника жұмысты жандандыра түсіпті. Шаруашылық төрағасы Батыр Сүлейменов: – Шаруашылықта 500 га жер болса, соның 247 га егіс егуге болады. Су өз еркімен шығатын 107 га жерге дән тастап, оның 95 га суға бастырдық. Алла сәтін салса енді 4-5 күнде бар күрішті суға бастырамыз, – деді іскер азамат.
Төрағаның жүрісі ширақ. Механизаторларға берген тапсырмалары да тиянақты. Оның айтуынша, жоңышқалық химиялық залалсыздандырудан өткен. Бірнеше күнде орақ салып, өнімді нарыққа шығармақ.
Жаңарыққа инвестор келді. «МК-Құрылыс» ЖШС төрағасы Қайрат Қозайдаров 100 ге жерді қайта қалпына келтіріп, Р-22-1, Р-22-2 каналының 8 шақырымын тазалау, жаңғырту жұмыстарын жүргізді. «Бекарыс», «Самудин», «Асан-Д», «Дінмұхаммед» шаруа қожалығымен келісім-шартқа отырып, өнімділігі жоғары күріш тұқымын екті.
Айта кететіні, ауданда ұсақ шаруа қожалықтар көп. Олардың көлемді жерлерді игеруге, заманауи технологиямен өнім өндеуге шама-шарқы жете бермейді. Ондай қожалықтарға нарықта құны қымбат күріш түрлерін аудандастыруды бағдарлау қажет секілді. Мәселен, ирандық «Таром Хошими» күрішінің келісі 1500 теңгеден сатылады.

ТҮЙІН. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Үздік аудан» болып қайта атана аламыз ба? Оған уақыт төреші. Біздікі шаруалардың еңбегі еш қайтпай, қамба ырысқа толсын деген ниет.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
02 маусым 2018 ж. 1 152 0