№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қамба дәнге, көңіл әнге толсын!

Қамба дәнге, көңіл әнге толсын!




Аққорған ауылдық округінің аумағындағы «Түгіскен ТШ» ЖШС күріш танабында «Дала күні-2021» семинар кеңесі ғалымдар мен шаруа қожалық төрағаларын, диқандардың басын қосты. Оған аудан әкімі Руслан Рүстемов пен Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының директоры Қамбарбек Мүбәраков арнайы қатысты.

Алдымен серіктестіктің қырманында Ы.Жақа¬ев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу инсти¬тутының ғалымдары су тапшылығы кезінде су үнемдеу технологиясына басымдық беру, егін шаруашылығын әртараптандыруға және ауыспалы егісті сақтаудың маңызын ғылыми негізде дәлелдеп, дәйекті деректерді ұсынды.
Ғалымдар ауыспалы егісті сақтауда Жаңақорған ауданының шаруа қожалықтары үлгі болатынын айтып, ауыспалы егісті сақтай отырып, әртараптандыру маңыз берудің жолдарын түсіндірді. Мәселен, бес жыл күріш егіп, алтыншы жылы күріш, одан кейін әртараптандыру бағытындағы дақыл, сосын күріш, әртараптандыру бағытындағы дақыл ретінде алмастырып кете беруге болады. Осы тәсілмен суды үнемдеуге және топырақтың тұзданып кетуінен сақтауға болады.
Күріштің жоғары репродукциялы тұқымын көбейту және өндірумен шұғылданатын серік¬тестік биыл 60 гектарға күріштің жаңа сорты – «Сыр сұлуын» жерсіндіру мақсатында тұңғыш рет екті.
Біз күріштіктің басына асықтық. Онда дала еңбегі жандана түскен. Ала-жаздайғы төккен тердің қайтарымын таразылайтын уақыт келді. Күріштік басында диқанның қуанышын көзінен оқуға болады. Диқанның шат көңілін түсінуге болады. Өйткені су тапшылығы кезінде күрішті пісіріп, дәнін қамбаға құю үлкен жетістік емес пе?!
Дала еңбеккерлері нәтижелі жұмыстарының жемісін көретін еңбек мерекесін ашқан аудан басшысы Руслан Рүстемов:
– Сабағы дәнге толып, басын көтере алмай тұрған дақыл диқанның ала жаздайғы еңбегінің көрінісі. Мехнатты тірліктің жемісі дәнді қамбаға шашпай-төкпей жинап алудан көрінеді.
Әлемде күріштің 2 айдан 6 айға дейін пісетін 12 мың түрі бар. Үндістанның Дели қаласындағы көрмеде осы күріштің барлық түрі қойылған. Көрменің ең биігінде Ыбырай Жақаевтың «Қазақ салысы» сорты тұр. Өздеріңіз білетіндей, 1947 жылы дала академигі Ыбырай Жақаев өзіне бекітілген тәжірибе учаскесінің (5 га) әр гектарынан 172 центнерден өнім алып, дүниежүзілік рекорд жасады. Технология дамыған уақытта табанды еңбектің арқасында өнімділікті арттырып, мол өнім алуға болады...
Қамба дәнге, көңіл әнге толсын! – деді.
Одан кейін Қамбарбек Аманкелдіұлы сөз алып, қай сала болмасын ғылыммен тығыз байланыс орнатпай, дамудың жолына түспейтінін, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты диқандарды ғылыми тұрғыда қолдауға дайын екенін айтты.
Селекционер, ғалым Керімхан Егізбаев өнімділікті арттыру бағытында ғылымға арқа сүйеудің маңызына және егінді әртараптандыру мәселесі жөнінде ой қозғады.
«Түгіскен ТҚ» ЖШС төрағасы Нематулла Рүстемов:
– Қазір ғылыми-зерттеу институты шығарған «Сыр сұлуына» орақ түсті. Бұл күріш түрінің артықшылығы 90 күнде піседі. Яғни су тапшылығы кезінде аудандандырып, басымдық беретін дақыл ретінде бағалаймын.
Сыр маржаны биыл бітік шықты. Соған сәйкес, мол өнім алуды межелеп отырмыз. Қазір диқандар үшін бір күннің өзі қымбат, – деді.
Аудан әкімі Руслан Рүстемов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов қамба дәнге толып, ел ырзығы молайсын деген ниетпен егіс орағының лентасын қиып, күрішке комбайн түсірді.
Теңіздей теңселген күріштікке комбайн еніп, өз қызметіне қалтқысыз кірісіп кетті.
Тұқым шаруашылығы әлеуметтік жауап¬кершілікті де ұмыт қалдырған емес. Күзгі орымнан түгіскендік әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға және 150 ақсақалға бір қап күрішті тегін үлестірді. Одан бөлек ауыл азаматтарын қолдау жұмыстарынан қалыс қалған емес.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиевтің сөзінше, биыл ауданның егін шаруашылығы дақылдарының көлемі – 36 018 гектарды құрағанын айтты. Оның ішінде, 7000 гектары күріш, 4500 гектар күздік бидай, 2000 гектар мақсары, 1900 бақша, 600 гектар көкеніс, 550 гектар жүгері, 250 гектар тары егілді. Оған ескі және жаңа жоңышқаның қосу керек.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
29 тамыз 2021 ж. 364 0