№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кенжегүл Көпесованың дара жолы

Кенжегүл Көпесованың дара жолы


Табиғатынан кең жүректі әйел-анаға қалың елдің алдында кесім айтатын әділ биліктің тізгінін ұстау, әрине аманаты ауыр, жауапкершілігі салмақты сара бағыт болса керек. Өмірінің отыз жылын сот төрелігіне арнап, жаңылысқандар мен жаза қадам басқандарға төрден үкім етуде Әйтеке, Қазыбек пен Төле бидің ұстанымын ту еткен аудандағы алғашқы төреші – Кенжегүл Көпесова апамыздың талай тағдырмен тұтаса өрілген табанды шешімдері тарих қойнауында қаттаулы тұр.


Осы мамандықты бала кезінен таңдапты. Қазақ қызына тән болмысы мен ер мінезді қасиеті ылғи алға жетеледі. Жастық жігермен жалындап, жоғарғы оқу орнын тамамдап, елге сыйлы келін болып, әркез кішіпейілділігінен танған емес. Үйде қара қазанын қайнатқан ана болса, түзде көпке қадірлі қызметкер бола білді. Еңбек жолын ауылшаруашылығы саласында заңгер болып бастады. Білімділігі мен ұқыптылығы жауапты қызметке көтерілуіне мұрындық болды.
Білікті маман 1992 жылға дейін аудандық сотта қорғаушы болып қызмет етті. Ұзақ жылдар табанды қызмет етіп, арын кірлетпеді. Осы жылдан бастап, аудандық сотта судья қызметіне келіп, ең алғашқы ауданның әйел төрешісі атанды. Кенжегүл судья болып қызметке келгенде, иығына артылған ауыр жауапкершілік жүгін көтере ала ма екен деп томсырая қараған жандар да аз болмаған. Көпшіліктің көзқарасын өзгертіп, өзінің мықты маман екенін дәлелдеу үшін, Кенжегүл үнемі ізденістің үстінде жүрді. Елдің сыны мен міні оның қанатын қатайтып, алға қадам бастауға талпындырды. Жүрегінің тазалығы мен әділет сүйгіштігі ақ жолдан тайдырмады. Турашылдығы мен бірбеткейлігі алдын кеспек болған жанның мысын басып, менменсінген жанды тәубесіне келтіретін.
Кенжегүл Көпесқызы өткенді еске ала отырып: "Талай сот процестеріне төрелік жасадым. Бәрі бүгін ғана болғандай көз алдымда. Әсіресе, кісі өлімі, қыз зорлау, жасөспірімдерді жыныстық қатынасқа итермелеу фактілерін көп қарадым. Өз қызын жүкті еткен әкеге де үкім шығардым. Міне, осы оқиғалар әлі күнге дейін менің жүрегімді қанжардай тілгілейді. Дегенмен әйел төреші болу – абырой", – дейді.
Жүрегі нәзік жанға ауыр оқиғаны қарау оңай емес. Десе де, адам тағдырына қатысты іске соңғы нүктесін қойып, әділдіктің салтанат құруына ықпал ету біліктілік пен білімділікті қажет етеді. Осы мінезі 15 жылдан астам уақыт судья болып қызмет етуге күш берді. Қызмет бабында бір де бір сөгіс алып, шара көрген жағдай болған емес. Адал қызметі үшін судьялар қауымдастығының ең жоғарғы марапат белгісі болып саналатын «Үш би» төсбелгісін иеленген. "Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл" төсбелгісімен марапатталған.
Кенжегүл Көпесова тек қана төрелік етіп, сот үкімін шығарып ғана қоймады. Жүрегі мейірім нұрына толған ана білместіктен шоқ басып, қызуқандылықпен қылмысқа тап болған жандарға ел анасы ретінде ақылын айтып, жастардың теріс жолға түсіп кетпей, мағыналы ғұмыр кешуіне айтарлықтай ықпал ете білді. Соның бірі Ғалымжан Бекмұратұлы: "Жастық шақта адам сәл ақылсыздау келе ме деймін. Бір күні болмашы кикілжіңмен ажыраспақ болып, әйелім екеуміз соттың табалдырығын аттадық. Бәлкім сол кезде Кенжегүл апай емес, басқа төреші болса ажырастырып жіберер ме еді? Апайдың ақылына құлақ асып, үзілгелі тұрған үмітті қайта жалғап, шырағымызды қайта жақтық. Бүгінде сол ақылдың арқасында Құдай нәсіп еткен ырзығымды айырып, бес балапан қылығына тоймай бақытты да мәнді өмір кешудеміз", – деді.
Міне, елге еткен жақсылығы ақ жаулықты ананың абыройын асқақтатты. Жары Сәулебек Дүйсебековтің елге қадірлі азамат болуы да үйдегі жаны жайсан адал жардың арқасы. Екеуі бір қыз, екі ұл өрбітіп, тәрбие беріп, өз ойы бар саналы ұрпақ болуын қалады. Талғат пен Бәйдібек ана жолын жалғап, Шымкент облыстық сотында беделді қызмет етуде. Айгүл өз ісін бастаған жеке кәсіпкер. "Адам ұрпағымен мың жасайды" деген тәмсіл осындай отбасына айтылса керек.
Зейнеткерлікке шығып, құрметті демалыста отырған ел анасы туған жер адамдарының тағдырынан бір сәт те оқшау кете алмайтынын жан-жүрегімен түсінді. Заң және құқық саласында қажырлы жұмысты жалғастырып келе жатқан келешек құрылым тәжірибелі заңгерді әлі де төрелік мінберінің төріне оздырып, ақыл-кеңесімен бөлісіп отыруды көңілден таса қалдырмай келеді. Елжанды тұлғаның елгезек мінезі қолдан келген көмегін көрсетуде ешкімнің көңілін қалдырған емес. Бір сөзбен айтқанда, адалдық туын көтеріп, әділ заңның салтанат құруына жан-тәнімен күресу өнеге иесіне өмірдің өзі арқалатқан бір аманат сынды. Ал аманатқа қиянат жүрмейді.

Мақпал МАРҚАБАЙ
27 тамыз 2019 ж. 976 0