№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАСПАГЕР ҚАЗАҚБАЙ

БАСПАГЕР ҚАЗАҚБАЙ

Биыл төл басылымға 85 жыл. Ғасырға жуық тарихы бар аудандық газет бүгінгі күнге дейін сан алуан соқпақты жолдарды басынан өткерді. Алынбас асуларды бағындырды, биікке ұмтылды. Әсіресе, Кеңестік кезеңде баспасөз беделі айрықша мәртебеге ие болды. Мұның барлығы шығармашылық ұжым мен баспа қызметкерлерінің еселі еңбегінің жемісі еді. Сол Кеңестік жылдарға дейін, одан кейін де газет өндірісінде еңбек еткен жандардың көбі қазір ортадан сиреп барады. Десе де, олардан қалған сара жол кейінгі ұрпаққа өнеге болып қала береді. Бүгін біз сан саланың қыр-сырын жетік меңгерген, оның ішінде газет бас­па ісінде еңбектің ерен үлгісін көрсеткен Қазақбай Әлібековтің өткенімен танысатын боламыз.
Еңбек жолын 1956-59 жылдары «Бірлік» кеңшарында жұмысшы болып бастайды. 1959-63 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып, бітіріп шығады. Бір айта кетерлігі, жас журналист қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтен тәлім алады. Бұл мамандық бойынша 1966-70 жылдары Түркістан «Коммунистік еңбек» газетінде журналисттік қызметке кіріседі. Әуелі әдеби қызметкер, кейін үш жыл хат бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етеді. Одан кейін екі жыл Жаңақорған құрылыс материалдары зауытында өндіріс меңгерушісі, бір жылға жуық Жаңақорған поселкелік Советінде жауапты хатшы қызметтерін атқарады.
Ал, өмірінің соңғы жылдарына дейін 24 жыл бойы аудандық баспаханада тер төкті. Іскер ұйымдастырушылық қабылетімен, қай жұмыстың болсын көзін таба білетін, бастаған ісін аяғына жеткізбей тынбайтын табандылығымен көпке өнеге бола білді. Ол баспахана жұмысын жетілдіріп, жаңа техникаларды меңгерумен бірге газет бетінде тұщымды материалдар жариялап, қаламы төселген журналист ретінде танылған-ды. Ол кездерде газет қорғасынмен басылатын еді. Дегенмен білгір басшы қорғасын жетіспеушілігінен Түркістан, Кентау және аудандағы автотранспорт мекемелерінің аккумулятор цехтарымен тығыз қарым-қатынаста болып, олардан қорғасын алып, газет шығаруды тоқтатпады. Сондықтан, Кеңестік жылдары таралым саны көтеріле бастады. Мұны 1976 жылы – 4083, 1988 жылы – 5862, 1990 жылы – 6628 данаға жеткенінен байқауға болады. Бұл баспахана мен шығармашыл ұжымның өрелі еңбегі еді.
Басшылық қызметте жүрген Қазақбай Әлібеков әріптес, іні-қарындастарына үлгі болды. Көзін көрген жандар әріптестері мен ізінен ерген інілері ол туралы ұмытылмас естеліктерімен бөлісті. Қарымды қаламгер Ерубай Қалдыбек өткен күндерді есіне алды.
– Қазақбай Әлібекұлының газет өндірісінде сіңірген еңбегі елеулі. Әсіресе, баспахана ісін өркендетуде қажырлы қызмет қылды. Аудандағы жаңа баспахана үйін салуда облыстық құзырлы органдармен бірге Қазақ ССР баспасөз және полиграфия министрлігінің басшыларына кіріп жүріп, жаңадан баспахана салуға рұқсат алады. 70-жылдардың басында құрылысы біткен баспаханаға линотип машинасын Ленинградқа арнайы барып алып келді. Жалпы, ол кісіні сан қырынан танитын едік. Журналистика саласымен бірге музыканы да қатар ала жүретін жаны жайсаң азамат еді, – дейді.
Қызметіне адал берілген жан тек баспахана ісінде ғана емес, ұрпақ тәрбиесінде де өнегелі ұл-қыз өсіріп, немере сүйді. 4 қыз, 3 ұлы өмірге келді. Қайраты әке жолын жалғауға ниетті болатын. Дегенмен, бойындағы талант Қайрат Қазақбайұлын суретшілік әлеміне жетеледі.
– 1976 жылы мектеп бітірген жылы баспаханаға қызметке орналастым. Мен ол кезде сурет салатын едім. Газет беттеріне жарияланатын мақалаларға сурет салуды жетік меңгердім. Адырбек Сопыбеков, Айдархан Бибасаров сынды қаламгерлермен қызметтес болдым. Жалпы, әкем бірсөзді болатын. Үй мен түзде қарапайым мінезді болғанымен қызметте қатал еді. Күн-түн демей еңбек ететін. Жұмысына берілгені сонша, уақытпен санаспайды, көпшілік ортада өзінің даралығын көрсете білді. Міне, осындай тынымсыз тірлігінің жемісі шығар әкемді ел сыйлады, еңбегін еледі, – деп есіне алады ұлы.
Балаларының ішінде ұлы Талғат техника тілін жетік меңгеріп, әке ісіне қолғабыс жасады. Баспа машинасы істен шыққанда, әрі әкесімен бірге іске білек сыбана кірісетін Талғатқа көп сенім артылатын еді. Алайда, перзентінің өмірден ерте озуы әке жүрегіне ауыр соққы болды. Араға ай өтпей 2000 жылдың қаңтар айында төл басылымның төрінен орын алған ақжарқын азамат дүние салды. Дейтұрғанмен, соңында өмірі мен өнегесін жалғайтын, есімі мен естеліктерін өшірмейтін ұрпағы мен ұжымы, елі қалды. Ақпарат айдынында өзіндік жолын қалыптастырған жан тірі болғанда биыл 80 жасқа толатын еді...
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
15 тамыз 2018 ж. 1 407 0